ОТАНДЫ СҮЮ – ИМАННАН
Қазіргі діни, саяси ахуалдың күрделі кезеңінде Алаш зиялылары ұстанған мемлекетшілдік, ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты дәріптеудің маңызы зор.
XX ғасырдың басында Алаш зиялылары «Алаш» партиясын құрғаны тарихтан белгілі. Қазақ қауымының санасын ұлттық деңгейге көтерген қайраткерлеріміз алға қойған мақсаттарының жолында өздерін құрбан етуге дайын тұрды. Алашорда үкіметін құру 1905 жылдары басталды. 1917-1920 жылдар аралығында алғаш болып Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы бастаған зиялы тұлғалар «Алаш» партиясының негізін қалады. Әлихан Бөкейхан төраға болып сайланды. Алаш зиялыларының барлығының білімі, ұстанымы ұлтымыздың салт-дәстүрімен ұштасып жатты. Сол кезде діни білім беріп жүрген дін қайраткерлері – Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ғұмар Қарашұлы ұлттың рухани бай болуын, діні мен тілінің жойылмай, ата дәстүрін сақтау арқылы дамуын ең басты орынға қойды.
Бүгінде дінге қатысты шиеленістер мен дау-дамайлар белең алып бара жатқаны жасырын емес. Мұның басты себебі – әлемдік діндердің өзара тармақтарға бөлініп, өзгеше ағымдардың пайда болуы. Адам қанша жерден діндар, тақуа болса да оған ең алдымен иман керек. Абай Құнанбаевтың «Имансыздың сыртын қанша жусаң да іші оңбайды» деуі бекер емес. Қожа Ахмет Ясауи бабамыз да: «Ең алдымен иманды түзеу арқылы адамды, сосын ортаны, содан кейін заманды түзетуге болады», – деп иманды алғашқы орынға қояды.
Иманы, ары, адамгершілігі бар адам ешқашан опасыздық жасамақ емес. Отанды сүю шынайы иманнан көрініс табады. Имансыз адам Отанның қадір-қасиетін де, маңызын да білмей өтеді. Ислам діні ең алғаш рет Қарахан мемлекеті мемлекеттік дін деп жариялағаннан кейін қазақ даласында тарай бастады. Қызыл империя салған 70 жылдық зобалаңнан кейін атеистік көзқарастардан бізді дін мен дәстүрдің сабақтастығы алып шықты. Әсіресе қазақ елі үшін салт-сана, тіл мен дінді насихаттауда Алаш зиялыларының ықпалы зор болды. Қылышынан қан тамған Ресейдің саясаты жүріп тұрған заманда дәл сондай азаматтардың болуы қажет еді. Бүтін бір елді боданына айналдыруды көздеген отаршыл үкімет халқымыздың дәстүрлі діні мен мәдениетіне ауыз сала бастады. Қазақ даласында және Түркістан өлкесінде миссионерлік жолды басты қару етіп, шоқындыру, орыстандыру әрекеттерін жүзеге асыруды көздеген-ді. Олар мұсылмандық мектептерді, медреселерді жауып, орнына аралас қазақ-орыс мектептерін ашуға үлкен күш салды. Патша үкіметі құлағаннан кейін қазақ автономиясы жобасын негіздеу және жүзеге асырып, бас-аяғы алты айдың ішінде жалпықазақ съездерін өткізді. «Алаш» партиясы мен автономиясын дүниеге әкелу, мемлекеттік билік жүйесі мен шекараны айқындау, ұлтаралық және дінаралық қатынастарды реттеу ұлт ісіне жегілген зиялыларының жасампаздық, интеллектуалдық әлеуетін паш етті. «Біздің жұрт бостандық, теңдік, құрдастық саяси ісін ұғынбаса, тезек теріп, тарих жолында артта қалады. Бақыт, махаббаттан тысқары болады. Бұл екеуі жоқ жұртқа тіршілік неге керек?» деп Алаш қайраткерлері жалпыадамзаттық өркениет, шынайы демократия биігінен ой өрбітсе, «Алаш» партиясының бағдарламасы арқылы қазақ елінің болашағын, мемлекет ретінде қалыптастыру стратегиясын айқындап берді.
Алашорданың қазақ халқы үшін, қазақ елінің тәуелсіздігі үшін сөз бастап шыққан қайраткерлерінің жобасында сол кезеңдегі іргелі мәселелерді көтерген бағдарлама болды. Бұл бағдарламада жаңадан құрылатын мемлекеттің құрылымы, бостандық, құқық, дін ісі, билік, әскер, салық, жер, білім мәселелері қамтылды.
Осы уақытқа дейін патша өкіметінің отарлауына ұшырап келген қазақтың дін мәселесі сол уақыттарда ушыға түсіп, уақыт талабымен санасуға мәжбүр етті. Ресей патшалығының отаршыл саясаты діни мәселелермен қатар жүргені жасырын емес. Орыстандыру, христиандандыру саясатымен бірге, татар молдаларын қазақ арасына жіберіп, Орта Азиядағы дәстүрлі медреселермен қарым-қатынасты үзуге тырысты. Осылайша ондаған жыл ішінде қазақ діни тұрғыдан ала-құлалыққа тап болды. Міне, осындай күрделі діни жағдайда жаңа заманауи зайырлы мемлекет құру идеясы Алаш қайраткерлерінің негізгі мақсаты болды.
Қазақ елінде мұсылмандықтың өркендеуіне үлес қосқан, сол мақсатта мерзімді баспасөзде тұрақты түрде мақала жазып тұрған азаматтар Алаш қозғалысы қайраткерлерінің арасынан да көптеп табылды. Олардың ішінде Алаш қозғалысының белсенді мүшелері Ғұмар Қараш, дін тақырыбында өнімді қалам тербеген ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы, Мәшһүр Жүсіп, Міржақып Дулатұлы, Шаһмардан Әлжанұлы, Жиһанша Сейдалин, аймақтық діни ахуал туралы тұрақты жазып отырған журналист Мұхамедсәлім Кәшімов, Досан Аманшин, сонымен қатар «дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деген ұстанымды ұран етіп, заманмен үндеспейтін шариғат заңдары туралы батыл сөз қозғаған қараөткелдік Мақыш Қалтайұлы мен Сабыржан Алқормашы, мұғалім Файсілрахман Жиһандарұлы, діни-ағартушылық мақалалар жазған А.Жүсіпұлы, Ержан Құлақбайұлы, Ғалалдин Мәмікұлы және тағы басқалар бар еді. Алаш қайраткерлерінің барлығы дерлік алғаш сауатын ауыл молдаларынан алған. Олар осы негізгі білімін мемлекеттік дәрежеде іске асырып, елге қызмет етудің ұлттық мүддесімен ұштастырды.
Дегенмен ХХ ғасырдың басындағы ұлт зиялыларының қазақ мемлекетіндегі діннің орны туралы әртүрлі көзқараста болғандығын байқаймыз. Бұған мысал ретінде сол кездегі «Айқап» журналы мен «Қазақ» газеті өкілдерінің арасында мемлекеттегі діннің орнына байланысты келіспеушіліктер орын алғанын айтуымызға болады. Бір жағынан, Ресейде білім алып, орыс әдебиеті мен мәдениетінен сусындаған зиялы топ халықтың жарқын болашағын батыстың озық мәдени үлгілерін қабылдау арқылы түсіндірді және дінді екінші орынға қойды. Сөйте тұра олар ата дініміз – исламды, салт-дәстүрімізді халықтың маңызды рухани құндылығы ретінде көздің қарашығындай сақтауды ұстанған. Екінші жағынан, исламдық рухта тәрбиеленген, ислам дінінің үлгілері мен ережелерін өз бойына терең сіңірген зиялы қауым дінді басты орынға шығарды. Олар ислам ілімінің ғылым мен білімнің дамуына зор ықпалын көрсете келе, ұлт тұтастығын діни тұтастықпен тікелей байланыстырды.
Ұлттық дәстүр мен мәдениетті, мемлекеттің зайырлы қағидаттарын теріске шығаратын, өнер мен әдебиетті мойындамайтын, ғылым мен философияны тұтастай «адасушылық» деп есептейтін, таным барысында ақылдың рөлін мейлінше төмендетіп, тек буквализм мен догматизмге сүйенетін, тақуалығын тәкаппарлықпен дәріптеп, басқа пікір мен өмір тәртібін ұстанатындарды күпірлік деп санап, жүрегіндегі ізгілікті қатігездікке айырбастап үлгерген әсіредіншілдер арамызда жүр. Олардың жасанды, адамзат санасы мен ұлт дамуына қайшы қасаң қағидаларының алды ор екені белгілі. Бірақ сол орға өздерімен бірге қаншама көзі ашық, көкірегі ояу, бірақ тәжірибесі аз жастарымызды ала кететіні беймәлім болып тұр. Сондықтан алаштықтар алаңдаған, бүгінгі қазақ қоғамы уайым жеген бұл өзекті мәселені тек қана зайырлы біліммен шеше алатынымыз анық. Қоғам алға дамуы үшін ескі қателікті қайталауға болмайды. Алаш арыстарының да өсиеті сол болатын.
Зайырлылық жолына түстік деп жүргенде әлемдегі діни жағдайдың күрделенуімен діни фанатизм мәселесі бүгінгі таңда қайта күн тәртібіне шығып тұр. Қазақ қоғамындағы ислам факторы туралы сөз қозғасақ, біздің елде ол бұрын ешқашан экстремизм мен фанатизм сипатын алмағанын ескеруіміз керек.
Есен ҚАЛЖАНОВ, облыс әкімдігі дін проблемаларын зерттеу орталығының инспекторы
Келесі мақала