«Тұнып тұрған байлығымыз болса да тұрмысымыз түзелер емес»
Қоғамда орын алып жатқан мәселелерді ашық көтеріп, сын садағына алып, халықтың үнін жоғарыға жеткізіп жүрген азаматтарымызды жұртқа жау қылып көрсетудің қажеті жоқ. Өйткені шындық үшін шырылдап жүргендердің де өз шындығы бар. Осы орайда біз Тараз қаласының тұрғыны, бірнеше жылдан бері баспасөз беттерінде өткір мәселелерді қаузап, халықтың үнін билікке, биліктің үнін халыққа жеткізіп жүрген қоғам белсендісі Өмірбай Сабыровпен болған сұхбатымызды оқырман назарына ұсынып отырмыз.
– Құрметті Өмірбай аға, сізді халық азаматтық белсенді әрі тәуелсіз журналист ретінде жақсы таниды. Бірақ көпшілік былайғы өміріңізден бейхабар. Сондықтан әңгімеміздің әлқиссасын өмір және еңбек жолыңыздан бастасаңыз деген тілек бар. Соғыстан кейін елдің еңсесі жаңа көтеріліп, есі енді жиыла бастаған шақта, яғни 1948 жылы қаңтар айының қақаған аязды күндері Талас ауданының Қызыларық ауылында дүниеге келіппін. Айтарлықтай бақытты балалық шақ бізде болған жоқ. Өмірдің қиын-қыстау кезеңдерін бастан кешірдік. Білім алудың өзі бізге оңайға түспеді. Ауылда жеті жылдық мектеп болғанымен кейін жабылып, бастауыш мектеп болып қалды. Мектепті көрші «Талас», «Түгіскен», «Кеңес» кеңшарларында ағайындардың үйінде, интернатта жатып оқуға тура келді. Ел қатарлы орта мектепті бітіріп, алғаш Шымкенттің кооперативтік техникумын, кейін Москва кооперативтік институтының Алматы бөлімшесін экономист мамандығы бойынша тәмамдадым. Еңбек жолымды Талас ауданының Ақкөл ауылында 1970 жылы жұмысшылар кооперациясында бас есепшінің орынбасары қызметінен бастадым. Сондай-ақ бірнеше аудандық мекеменің бас есепшісі болдым. Арада сегіз жыл өткен соң Жамбыл облыстық тұтынушылар одағының шикізат дайындау басқармасы мекемесінің бас есепшісі қызметіне ауыстырды. Одан кейінгі жылдарда облыстық тұтынушылар одағында қаржы, тексеру-бақылау басқармаларының басшысы міндетін атқара жүріп, арасында облыс басшыларының шешімімен Қордай аудандық шикізат дайындау мекемесінің директоры, Мойынқұм аудандық тұтынушылар одағы басқармасының төрағасы қызметтерін атқаруға тура келді. Жамбыл облыстық «Шарапат» сақтандыру мекемесін он жылдай басқардым. Журналистикамен табанды түрде айналысқаным жоқ. Республикалық көптеген басылымда әлеуметтік-қоғамдық мәселелерді көтерген сын мақалаларым жарық көрді. Сіз қызмет ететін «АR-AI» газетімен 2005 жылдан басталған қарым-қатынас соңғы кездері әртүрлі себептерге байланысты бәсеңсіп қалды. Жақында республикаға белгілі тұлға, денсаулық сақтау саласының майталманы, академик, профессор Тұрар Көкеев ағамыз туралы көлемді мақалам жарық көрді. Алдағы уақытта саябырсып қалған қатынасты қайта жаңғыртсақ па деген ниет бар. Отбасым жайлы айтар болсам, жұбайым Шайкүл екеуміз ұл-қызымызды, сонымен қоса ертеректе жол апатынан қайтыс болған ағам мен жеңгемнің артында қалған төрт бірдей баласын асырап, өсірдік. Немерелеріміз бар. Бәрі жоғары білім алды. Бүгінде әрқайсысы үйлі-жайлы болып, бақытты өмір сүріп жатыр. Өз басым зейнетте болсам да қол қусырып қарап отырған жоқпын. Елдің қоғамдық өміріне араласып, әлеуметтік мәселелерді көтеріп отыратын жайым бар. Сіздің кезінде республикалық «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ), «Ұлт тағдыры», «Ел болашағы» сынды қоғамдық ұйымдардың облыстық бөлімшелерін басқарғаныңызды жақсы білеміз. Ұлттық, әлеуметтік-қоғамдық мәселелердің үнемі бел ортасында жүресіз. Көтерген мәселелеріңіз қаншалықты шешімін тапты?
– Кезінде одақ тарап, қоғамдық формация өзгеріп социалистік қоғамнан капитализм жайлаған қоғамға өткеніміз белгілі. Ғасырға жуық мерзімде қалыптасқан өмір сүру салты бұзылып, сана өзгеріп, халық абдырап қалған кезеңде, яғни 2000 жылдың басында «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қоғамдық қозғалысы дүниеге келді. Болашағынан үміт күттіретін «жас түріктер» деп аталған бір топ жастардың басы бірікті. Елді демократияландыру бағытын ұстанған ұйым аз уақыт аралығында кеңінен танымал болып, көпшіліктен қолдау тапты. Облыстық бөлімшесін басқарған кезімде алғашқы жарты жылдың көлемінде өңіріміз бойынша 3,5 мың қолдаушы «ҚДТ» ұйымына мүше болып кірді. Қозғалыс үлкен күшке айнала бастады. Ұйымның қарқынынан сескенген билік көптеген тосқауылдар қойды. Әділет басқармасы қозғалысты арнайы тіркеуден өткізбей, заң аясында жұмыс істеуге көптеген кедергі келтірді. Сондай кедергілерге қарамастан облыс бөлімшесін екі жылдай басқардым. Көптеген жұмыс атқарылды. Кейін «ҚДТ» қозғалысы жабылған соң еліміздегі ұлт жанашырларының басын біріктірген «Ұлт тағдыры» қоғамдық ұйымының облыстық бөлімшесін басқардым. Қоғамдық ұйым негізінен ұлттық идеологияны қалыптастыру, мемлекеттік тілді дамыту мәселелерімен айналысты. Өкініштісі, жұмысын қарқынды бастаған ұйым саяси «интригалардың» құрбанына айналып, нәтижесінде кейбір «саяси алаяқтардың» меншігіне өтті. Қазір өзім жетекшілік етіп отырған «Ел болашағы» қоғамдық ұйымы облыс көлемінде орын алып жатқан келеңсіз жағдайларды ұдайы көтеріп, кейбір мәселелер бойынша оң нәтижелерге қол жеткізіп келеміз. Айтар болсақ, қала төңірегінде орналасқан бұрынғы саяжайлардың әлеуметтік мәселелерін шешуде көп жұмыстар атқарылды. Одақ ыдырап, қала маңында орналасқан саяжайда тұрып жатқан басқа ұлттың өкілдері үдере көшіп, өздерінің тарихи отанына көш басын бұрды. Бос қалған үйлерді күнкөріс қамымен жұмыс іздеп облыстың шалғай аудандарынан келген тұрмысы төмен отбасылар, көрші мемлекеттен көшіп келген қандастар арзан бағаға сатып алды. «Родничок», «Мичуринец», «Педагог» саяжайлары қаланың іргесінде орналасқан болса да кезінде бірде Жамбыл, бірде Байзақ аудандарына қосылып, тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын шиеленістіріп жіберді. Аталған саяжайлар 2010 жылы Үкіметтің қаулысымен қала аумағына қосылды. Қалаға қосылды деген аты болмаса, қала басшылығы саяжай аймақтарына жеткілікті көңіл бөлмегендіктен әлеуметтік мәселелер бұрынғыдан да күрделене түсті. Құрылыс-архитектуралық стандартқа сай келмейді деген желеумен үйлер уәкілетті органдарда тіркелмеді. Бұрын бау-бақша егуге арнап ауылшаруашылық мақсатына берілген 6 сотық жер телімдері, жердің мақсатты пайдалану санатына, яғни жеке үй салуға рұқсат беруге ауыстырылмады. Осындай келеңсіздіктердің салдарынан тұрғындар өз үйлеріне тіркелмеді. Жұмыссыздық өсіп, тұрғындардың күнкөрісі төмендеп кетті. Аймақта шиеленіскен ахуал қалыптасты. Тұрғындар наразылық акцияларын өткізуге бірнеше мәрте әрекет жасады. Президентке, облыс, қала басшыларына өтініштер жолданып жатты. Қалыптасқан күрделі ахуалды шешу оңайға соқпады. Дегенмен біраз жылдар бойы қала, облыс атқамінерлерімен жүргізілген күрес нәтижесіз болмады. Қала әкімі болып Рүстем Дәулет қызмет атқарып тұрған кезеңде саяжай мәселелеріне біршама бетбұрыс жасалды. Сол тұстағы әкімдіктің тұрғынжай-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бақытжан Жақсылықовтың, қала прокурорының орынбасары Қайыржан Қуатбековтердің көмегімен көптеген мәселені шештім. Бұдан бөлек өткен жылы қала әкімінің уақытша міндетін атқарған Қайрат Исмайлмен бірлесе отырып «Тектұрмас» қорымының сыртын, екі шақырымға жуық жерді темір қоршаумен қоршатуға қол жеткіздім. Суландыру жүйесінің істен шығуына байланысты сусыз қалған қаланың орталығында орналасқан «Балқарағай» саябағын және оған жақын орналасқан үйлерге су беретін арықтарды тазалатып, сумен қамтамасыз етуге көмектестім. «Балқарағай» саябағы бойынша тағы бір ауқымды істі жүзеге асырдым. Өткен жылы қаланың әкімдігі тарапынан «Балқарағай» саябағына бөлінген жерлер толықтай игерілмей жатыр деген жалған сылтаумен саябақты коммуналдық меншікке қайтару туралы заңсыз әрекеттер жасалды. Бұл әрекеттің астарында саябақты заңды түрде ұзақ мерзімге жалға алып, күтіп-баптап ұстап отырған кәсіпкерден тартып алып, саябақ аумағында әртүрлі коммерциялық құрылыстар жүргізуді көздеген кейбір басшылардың жеке мүддесі жатқаны анық еді. Осындай кейбір саяз ойлайтын басшылардың оспадарсыз әрекетінен саябақтағы жылдар бойы сақталып, өсіп тұрған қарағай, емен ағаштары жойылып кете жаздады. Қаланың жасыл желек қорына орны толмас орасан зор зиян келу қаупі төнді. Саябақтағы жасыл желектерді сақтап қалып, қала тұрғындарының сүйікті демалыс орнына айналдыру және де кәсіпкердің құқығын қорғау мақсатында істі қолға алып, әртүрлі қоғамдық ұйымдарды, қоғам белсенділерін ұйымдастырып, Президентке, Ауылшаруашылығы министрлігіне хат жолдап жүріп қала басшысының заңсыз әрекетіне тосқауыл қойдық. Мәселе оңынан шешілді. Қазір саябақ қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр. Сіздің араласуыңызбен көптеген түйткілді мәселенің түйіні тарқатылды. Бұл да болса суды сіңетін жеріне құйып, сөзді еститін жеріне айта білгеніңізден шығар? Айтылған сөз, көтерілген мәселелер толықтай шешімін тапты деуге болмас. Сөзді қанша еститін жеріне құйып айтқаныңмен жергілікті атқарушы органдарда басшылықта отырған «ақпақұлақтар» жеткілікті. Біздің бюрократиялық жүйемен астасқан мемлекеттік басқарудың тұтқасын ұстап отырған кейбір атқамінерлердің біліксіздігінен, салғырттығынан барлық мәселені шешіп тастау мүмкін емес. Президенттің «еститін Үкімет» қағидасы өз дәрежесінде жүзеге асырылмай келеді. Жергілікті атқарушы биліктің халықпен кері байланысы өте төмен дәрежеде. Әлеуметтік желіде жазылған сын-ескертпелерге жауап берілмейді. Мемлекеттік органдардың басшыларына жолданған өтініштер жауапсыз қалып жатады. Жауап бергеннің өзінде мағынасы түсініксіз. Мемлекеттік органдардың басшыларының тұрғындарды жеке қабылдау өткізуде атқаратын іс-шаралары көзбояушылықпен формальді түрде жүргізіледі. Көбіне басшылар құрғақ уәдемен, қарамағындағы жауапты қызметкерлерге орындалмайтын тапсырмалар берумен ғана шектеледі. Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков шаһарға басшылық жасаған 1,5 жылдан астам уақытта шешілмеген мәселелері шектен шығып тұрған «Родничок», «Мичуринец», «Педагог» саяжайларының тұрғындарымен ашық форматта кездескен жоқ.
– Бір сөзіңізде өзіңіз тұратын саяжайдағы қордаланған мәселелердің шешілуіне ықпал еткеніңізді айтып қалдыңыз. Бүгінгі таңда саяжайдың жағдайы қалай? Мәселесі толықтай шешілді ме? Қала маңындағы саяжайда тұрғаныма отыз жылдан аса уақыт болды. Отыз жылда аймақты дамыту бағытында біраз жұмыстар атқарылды. Дегенмен әлі де шешілмей жатқан әлеуметтік мәселелер жетерлік. Мәселен, әлі күнге дейін қалаға тіркелмеген үйлер аз емес. Аймақтың егжей-тегжейлі жоспары бекітілгенімен көшелерді кеңейтіп, үйлердің орналасуын реттеп, сәулет-қала құрылысының стандарттарына сәйкестендіру жұмысы қолға алынбай отыр. Қаланың іргесінде отырған алқаптарға әлі күнге дейін ауызсу, кәріз құбырлары тартылмаған. Қазіргі таңда саяжай аймақтарына қатар орналасқан алқапта ықшамауданның құрылысы басталды. Жаңа ауданның құрылысына су құбырлары «Родничок», «Мичуринец», «Ақжол», «Қайнар» аймақтарының аумағы арқылы тартылуда. Үйіміздің алдынан өтіп жатқан су, кәріз құбырлары әзірге бізге бұйырмай тұр. Қалаға көрші жатқан аудандардың шаруа қожалықтарының егістігін суландыруға арналған Сеңкібай, Белқожа каналдары саяжайлардың ортасынан өтеді. Каналдардың жалпы ұзындығы 28 шақырым болса, 2-3 шақырымы саяжай аумағында орналасқан елді мекендердің арасынан өтеді. Осыдан бес жыл бұрын каналдардың суын бетон-лотоктар арқылы жіберу мәселесін көтеріп, сол кездегі қала әкімі Айтқазы Қарабалаев екеуміз сол кездегі облыс әкімінің аппарат жетекшісі Рүстем Дәулеттің қабылдауында болдық. Мәселе оң шешімін тапқанымен сол уақыттан бері тапсырыс беруші «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны мен мердігер «Тараз құрылыс Инвест» компаниясы негізсіз сылтауларды алға тартып, құрылыс жұмыстарын бітіретін түрі жоқ.
Бүгінде бұл аймақ қала әкімшілігінің назарынан тыс қалған. Қала әкімі Бақытжан Орынбеков қордаланған әлеуметтік мәселелерді шешуге ынтасыз. Тіпті келуден қашқақтайды. Тұрғындар арасында жұмыссыздық басым. Аймақтың тұрғындары базарларда уақытша жұмыстармен айналысып, күн көріп отыр. Елдегі қымбатшылық, шешімін таппай отырған әлеуметтік мәселелер халықтың тұрмыстық жағдайын төмендетіп жіберді. Әлеуметтік жағынан толық қамтылмаған, тұрмысы төмен халық тұратын аймақта әлеуметтік дүкендер жоқ. Әзірге аталған мәселелерді шешуге қала әкімдігі ынта танытпай отыр. Ал біздің даусымыз жоғарғы құзырлы органдарға жетпей жатыр. Сіз айтып отырған мәселелер туралы облыс әкімі біле ме? Жақында өзіңіз де аймақ басшысы Ербол Қарашөкеевтің қабылдауында болыпсыз. Сол кезде де жоғарыда аталған және басқа да мәселелерді көтерген шығарсыз. Бірнеше қоғамдық бірлестіктің басшылары Ербол Қарашөкеевке жаңадан тағайындалып, арада бірнеше апта өткенде жазбаша түрде үндеу жолдадық. Үндеуде облыс көлемінде орын алған келеңсіздіктерді айтып, шешу жолдарын көрсетіп, 12 пункттен тұратын нақты ұсыныстар жасадық. Артынша көп ұзамай Үндеуде көрсетілген мәселелерді талқылау мақсатында әкім мені кездесуге шақырды. Кездесуде Ербол Шырақпайұлы үндеуді толық қолдайтынына және көрсетілген мәселелерді оң шешуге іс-шара қабылдайтынына тоқталды. Аталған Үндеуде саяжайлар мәселесімен қатар сыбайлас жемқорлық, идеология, кадр саясаты, азық-түлік тауарларының, коммуналдық тарифтердің қымбатшылығы туралы айтылған болатын. Үндеуде айтылған негізгі мәселелер: кадр мәселесінде облыста рушылдық, жерлестік факторлары белең алып тұрғаны, жүйесіз жүргізілген кадр саясатының салдарынан мемлекеттік басқару органдарындағы біліктілігі төмен, іс жүргізуге қабілеті жоқ кездейсоқ адамдардың бір орыннан екінші орынға ауыстырылуы сияқты мәселелер көрсетілген. Сонымен қатар хатта облыстың, қаланың қоғамдық кеңестері, ардагерлер кеңестері іс жүзінде әкімдіктің бір бөлімшесіне айналғаны атап өтіліп, әлеумет пен билік арасын жалғастыратын алтын көпір ретінде қоғамдық жұмыстарды атқарудың орнына майда-шүйде «интригалармен» айналысып, көпшіліктің көңілінен шықпай отырғаны жазылды. Қала әкімі ардагерлердің ұсынысы не болмаса өтініші бойынша деген сылтауларды алға тартып кейбір заңсыз шешімдерді шығаратыны айтылды. Сондай-ақ үндеуде өздерін зиялылар қатарына қосатын кейбір бұрынғы ұраншыл «комсомол», «коммунист», тіпті базарком болған адамдар әкімдердің айналасына топтасып, оған ықпал жасап, мемлекеттік басқару қызметін дұрыс атқаруға кері әсерлерін тигізіп отырғаны туралы ескертулер де бар. «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының, облыстың денсаулық сақтау, білім, ауылшаруашылық салалары жемқорлыққа белшесінен батқаны баяндалды.
– Шын мәнінде, облысымыздың жемқорлық, парақорлық жағынан республика көлемінде алдыңғы қатарда тұрғаны ащы да болса шындық. Судьялар парамен ұсталып, қала әкімінің орынбасары, бөлім басшылары жемқорлықпен түрмеге түсіп, алды сотталып жатқан облыс туралы не айтуға болады? Жуырда Тараз қаласындағы бір ғана көпбейінді аурухананың бас дәрігерінің бұрынғы орынбасары мен бухгалтері 758 миллион теңгені заңсыз жымқырғаны үшін қамауға алынды. Егер облыс көлеміндегі аурухана, емхананың бәрін жүйелі түрде тексерсе көптеген қылмыстың, ұрланған миллиардтардың беті ашылатыны сөзсіз. Жуалы аудандық оқу бөлімінде де аса ірі көлемде ақша ұрланғаны айтылып жүр. Ал облыстың суландыру кешендерінің төңірегінде айтылатын бассыздықтар тіптен миға кірмейді. Күні кеше Парламент төрінде Жамбыл облысындағы тозығы жеткен каналдарды жөндеуге бөлінген 4 миллиард теңгеге жуық қаражат ұшты-күйлі жоқ болғаны жайлы айтылды. Бұдан басқа да ауылшаруашылық саласында субсидияға бөлінген қаражатты ұрлау, құрылыс саласындағы «откаттар», мемлекеттік сатып алудағы ұрланған қаражаттарды есептесек, облысқа бөлінген бюджет қаржысының басым бөлігі ұрланатынын аңғаруға болады. Жемқорлыққа тосқауыл қоймайынша облыс экономикасы дамып, халықтың жағдайы жақсармайды. Ресми мәліметке сүйенсек, Әулиеата өңірі түсті металдарға, баритке, көмірге, қаптау, әрлеу және техникалық тастарға, құрылыс материалдары мен табиғи газ қорына бай. Бұдан бөлек аймақ фосфорит шикізатының бірегей базасы саналады және фосфориттердің баланстық қорларының шамамен 72 пайызы шоғырланған. Өңірдегі бірегей минералды-шикізат базасының арқасында тау-кен және газ өңдеу, химия, тамақ өнімдерінің өндірісі қарқынды дамыған. Сонымен қатар айтарлықтай жел, күн энергетикасы ресурстарына ие. Облыс еліміздегі жаңартылатын энергия саласында көшбасшылардың бірі болып табылады. Өңір агроөнеркәсіптік кешен саласында мал басының саны бойынша Қазақстанда екінші орында, ал ет пен сүт жеткізу бойынша елімізде және шетелде алдыңғы қатарда екен. Елдегі пияз өндірісінде жамбылдық диқандар зор табыстарға қол жеткізген. Жердің құнарлылығы көкөністер мен жемістер өсіруде мол өнім алуға мүмкіндік береді. Осы тұста түсінбейтін мәселелер көп. Осыншама байлықтың үстінде отырып біз шетел инвесторларына неге қол жайып, инвестиция сұрап жүрміз? Тұнып тұрған байлықтың үстінде отырған, әлеуеті зор, географиялық жағдайы қолайлы аймақта орналасқан өңірде неге республика бойынша ең кедей деңгейде өмір сүріп жатқан халық тұрады? Мұндай ахуалдың облыс көлемінде қалыптасуының себебі неде? Облыс неге республикалық дотацияға, трансферлерге тәуелді болып отыр? Өңірдегі ұшан-теңіз байлық қайда кетіп жатыр? Қызығын кімдер көруде? Облыс байлығы жемқорлардың жемсауына түсіп кеткен жоқ па? Елдегі ұрланып, шетел асқан триллиондаған халық қазынасының үлесінде Жамбыл өңірінің алатын орны қандай? Осындай алуан сұрақтарды Үкіметке, облыс әкіміне қоюға тура келеді. Бірақ сұрақтарға жауап беретін жан табылар ма екен?! Жалпы қазіргі таңда облыс басшысы Жамбыл өңірін дамытуға барынша күш салып жатыр. Сырттан инвесторлар тарту мәселесі де қарқынды жүріп жатқанын көріп отырмыз. Ал сіз аймақты дамыту үшін қандай жұмыстар қолға алынуы керек деп есептейсіз? Ұсынысыңыз бар ма? Облысқа инвестиция тарту жөнінде соңғы жылдары аз мәселе көтеріліп жүрген жоқ. Тартылатын инвестиция туралы жоғарғы жаққа жағымды ақпараттар да желдей есіп кетіп жатқаны белгілі. Бірақ облысқа ағылып келіп жатқан инвестиция жоқ. Байқап қарасаңыз, тартылатын инвестициялардың басым бөлігі негізінен химия өнеркәсібінің төңірегінде. Облыстағы химия өндірісінің кәсіпорындары шетелдіктермен тікелей байланысты. Химия өнеркәсібі саласынан ауаны ластағаннан басқа облыс жұртшылығына келетін пайда шамалы. Экологтар химия өнеркәсібінің адам өміріне тигізетін зардабын көтеріп дабыл қағуда. Әзірге облыстың экологиялық ахуалын жақсарту мәселесіне жергілікті атқарушы билік тарапынан оң көзқарас байқалмай отыр. «Казгидромет»-тің ақпараттық бюллетенінде жария етілген 2022 жылға жасалған қорытындысында химия өнеркәсібінің өндірісінен ауаға тарайтын «оксид углерода», «сероводород» сияқты улы заттардан Тараз қаласы ауасының былғануы нормадан әлдеқайда артық екені көрсетілген. Осыдан шығатын қорытынды: адам өмірінен гөрі облыста химия өндірісін дамытып отырған шетелдік алпауыт компаниялардың мүддесі жоғары тұрғаны байқалады. Осы тұста Тараз қаласының маңында тау-тау болып үйіліп жатқан мыңдаған фосфор қалдықтарын жою мәселесі қарастырылмай отырғанын айта кеткен жөн. 2021-2024 жылдары Тараз қаласының экологиялық ахуалын жақсартуға арналған жол картасында 15 түрлі іс-шараны атқару жоспары бекітілген. Жоспарда көрсетілген атқарылатын іс-шараның маңыздысының бірі – қаланың солтүстік батысында орналасқан канализациялық тазалау кешенінің құрылысы. Облыс билігінің аталған кешеннің құрылыс жұмыстарының әні басталады, міне басталады деп жүргеніне біраз жылдар болды. Әлі күнге кешеннің құрылысы басталған да, облысқа келген инвесторлар да жоқ. Сондай-ақ Тараз қаласы басшыларының бас ауруына айналған тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу зауытын салу мәселесі бірнеше жыл бойы бос сөзге айналып келеді. Ендігі жерде немістердің «ThiemBieq & Associates GmbH» консорциумы шаһарда қоқыс өңдейтін зауыт салатын болыпты. Бұл мәселе түбегейлі қашан шешілетіні белгісіз. Бізде бәрі қағаз жүзінде қалып қоятыны бар. Жақында облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің Қытайдың Шаньдун провинциясына іссапармен барып қайтқаны белгілі. Шаньдун провинциясы Қытайдың шығыс жағында орналасқан өнеркәсібі, ауылшаруашылығы дамыған аймақ. Бір қызығы, провинцияда тұратын 101 миллион халықты толықтай керекті жағдайлармен қамтамасыз еткен аймақтың билігі Қазақстанның экономикасына инвестиция құйып, зауыт, фабрика салып, малымызды бағып, егінімізді егіп беруге құлшынып отырғаны. Сонда қытайлық инвесторларды қызықтырып отырған не жағдай? Әрине, біздің байлығымыз. Одан басқа Қытай халқының қазақтың жыртығын жамап, тесігін бітеп беруге ниеті жоқ. Өз мүддесіне жұмыс істейді. Осы жұмысты өзіміздің кәсіпкерлер неге қолға алмайтыны белгісіз. Иә, облыс әкімі өңірдегі жұмысын қарқынды бастады. Кейбір бастамалары көңілге қонып тұр. Әйткенмен нақты шешімдер қабылдау кенжелеп тұрғанын да айту керек. Орынсыз жиындар, марапаттау сол бұрынғы қалыпта белең алып тұрғаны байқалады.
Осы орайда аймақ басшысы облыстың экономикалық мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, ішкі қаржылық резервтерді іске қосып, білікті, қабілетті мамандарды айналасына топтастырып, халық игілігіне қызмет істесе деген ұсыныс бар. Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Шапағат ӘБДІР
Келесі мақала