Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Рухани құндылықтардың алтын діңгегі

Рухани құндылықтардың алтын діңгегі
ашық дереккөз
Рухани құндылықтардың алтын діңгегі
Көрнекті жазушы Ғабит Мүсіреповтің «Театр – хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер» деп баға беруі тегін болмаса керек. Иә, театр дегеніміз – мәдениет пен өнердің, рухани құндылықтардың тәрбие бесігі. Тоқсан жылдық тарихы бар Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театры 1936 жылы 16 наурызда Бейімбет Майлиннің «Келін мен шешей» және театрдың тұңғыш директоры Қ.Қырқымбаевтың «Келіншек» атты бір бөлімді комедиясымен ашылған.  Театр – өнерпаздарды біріктіретін, бір отбасы мүшелері секілді жұмыс істейтін қасиетті шаңырақ. Қазіргі таңда театр ұжымы өзінің алдағы келе жатқан тоқсан жылдығын жоғары деңгейде атап өту үшін тынбай еңбек етуде. Барлық шығармашылық жұмыстар мен әр жылға жоспарланған негізгі іс-шара жоспары, жаңа қойылымдардың репертуарлық жобасы театрдың көркемдік кеңесінде талқыланып және облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының келісімімен жоспарланып, жүзеге асырылады. Бұл ретте елімізге танымал белгілі театр сыншысы Айзат Қадыралиева, белгілі жазушы-драматург Елен Әлімжан және облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мәдениет және өнер бөлімінің басшысы Асхат Тажаяқов театрдың көркемдік кеңесі құрамының штаттан тыс мүшелері ретінде белсенді жұмыс істейді. Сондай-ақ театр репертуарында «Ұлттық рухани жаңғыру» бағдарламасының 2022-2024 жылдарға арналған жол картасын басшылыққа алу және жүзеге асыру идеяларын насихаттайтын тарихи тақырыптардағы қойылымдарды көрсету ұйымдастырылған. Бұл орайда көрермен назарына Мархабат Байғұттың «Асқаровтың ақ қайыңдары», Шерхан Мұртазаның «Тұрар. Сталинге хат», Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек», Елен Әлімжанның «Абылай», Иран Ғайыптың «Жамбылдың қызыл жолбарысы», Болат Бекжановтың «Айша бибі», Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», Исраил Сапарбаевтың «Сыған серенадасы» сазды драмасы, терроризм мен экстремизмге қарсы Байділдә Айдарбековтің «Тағдыр тәлкегі» драмасы, отбасылық қатынастарды насихаттауға арналған Бексұлтан Жакиевтің «Жүрейікші, жүрек ауыртпай» трагикомедиясы ұсынылып келеді. Сондай-ақ Сұлтанәлі Балғабаевтың «Ең жақсы еркек» комедия-фарсы, Сұлтанбек Құдайбергеннің «Періште қонған үй» драмасы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жайында Софы Сматаев пен Талғат Теменовтің «Көгілдір такси» мелодрамасы, Георгий Хугаевтің «Шекпен» атты әпсанасы, сонымен қатар жастар мәселесі тақырыбындағы Қанабек Байсейітов пен Қуандық Шаңғытбаевтың «Беу, қыздар-ай!» комедиясы, Қолқанат Мұраттың «Мұғалім» драмасы, Сантөре Пірмановтың «Ұлт ұстазы» композициялық қойылымы, Қуандық Қасымовтың «Шер-Хан» драма-элегиясы, Сантөре Пірмановтың «Төрткүл ханзадасы» тарихи-аңыз ертегісі, Шыңғыс Айтматовтың «Жәмилә» лирикалық драмасы тұрақты сахналанып келеді. Балалар мен жасөспірімдер дүниетанымына арналған драматург Болат Бекжановтың «Айболит пен қарақшы», Мәлік Ақүрпековтің «Жақсы шәкірт», Дамир Салимзяновтың «Көңілді Роджер», М.Абайділдә мен Сантөре Пірмановтың «Ақ күшіктің туған күні», Сантөре Пірмановтың «Ақыртас туралы аңыз», «Төрткүл ханзадасы» атты ертегі-аңыздарының ұлттық мүдде тұрғысынан айтар ойлары салмақты. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінің тапсырмасымен 24-28 сәуір аралығында драматург Болат Ұзақовтың «Жандауа» атты трагедиялық қойылымы бір апта бойы сахналанды. Облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен ұлттық салт-дәстүрлер мен батаның тәрбиелік мәнін насихаттауды мақсат еткен «Батаменен ел көгерер» тақырыбында облыстық байқау өтіп, онда театр артистері театрландырылған көрініс көрсетті. Театрдың шығармашылық ұжымы «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлес­ті­гі­нің ұйымдастыруымен Астана қаласында өткен «Өзіңді тап, өзегіңе орал!» атты дәстүрлі жалпыұлттық ата-аналар форумында өз өнерлерін көрсетіп қайтты. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолының бойынан тарихи тұлға Кенесары Қасымұлы ескерткішінің ашылуына орай Мұхтар Әуезовтің «Хан Кене» театрландырылған қойылымы сахналанды. Сондай-ақ облыстық мәслихат депутаттары театрда болып, мәдениет ошағының шығармашылық және шаруашылық жұмыстарына зерделеу жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде облыстық бюджеттен ақша бөлініп, 2024 жылдың күз айларында ғимараттың сыртына заманауи үлгідегі күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетін болып шешілді. Театрда атаулы күндер мен мерекелерге орай көптеген іс-шара жүзеге асырылуда. Атап айтар болсақ, театрдың шығармашылық құрамы 1 наурыз – Алғыс айту күніне орай екі театрдың бір шаңырақта шығармашылық ынтымақтастықпен еңбек етіп келе жатқанына алғыс білдіру мақсатында «Мың алғыс!» тақырыбында мерекелік іс-шара өткізді. 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай театр репертуарындағы Қ.Шаңғытбаев пен Қ.Байсейітовтің «Беу, қыздар-ай» қойылымын, ал 22 наурыз – Ұлыстың ұлы күні мерекесіне орай Иран Ғайыптың «Жамбылдың қызыл жолбарысы» драмасын сахналады. Ұжымның дамуына үлкен үлес қосқан Шәріпбек Сәкиев, Еркеғали Ыбраев, Мұқаметқали Табанов, Гүлжамал Батырғалиева, Алтын Ниязбекова, Қасымхан Қайсабаев, Мақсұт Салықов, Оразғали Абдулманов сынды майталман актерлердің сахналық дәстүрі мен тәжірибесін бүгінгі таңда театрдың жас актерлері жалғастырып келеді. Театрдың шығармашылық құрамы соңғы жылдары республикалық деңгейде өткізіліп жатқан театр фестивальдарына қатысып, бақтарын сынап, тәжірибе алмасуда. Бұған былтыр театр директоры Мәлік Ақүрпеков пен көркемдік кеңес мүшелерінің ұйғаруымен ішкі театр фестивалін ұйымдастырып, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясынан арнайы шақырылған театртанушылар мен сыншылардан тұратын қазылар алқасы шеберлік сағаттарын және «дөңгелек үстел» отырысын өткізгені дәлел. Қазылар алқасы фестиваль аясында театрда екі күн бойы сахналанған 6 қойылымды тамашалап, өз бағаларын берді. Ішкі театр фестивалінде театр артистері сахнада сомдаған ең үздік рөлдері үшін белгіленген номинациялар бойынша арнайы дипломдармен және жүлделермен марапатталды. Рас, соңғы жылдары күйбең тіршіліктің қамымен халық театрға аз барып жүр. Алайда бұл мәдениеті мен әдебиеті дамыған қоғамда театр өнері әлсіреді деген сөз емес. Театрдың беретін, көрсететін дүниесі рухани құндылықтардан тұрады. Ал көрерменнің талабына сай қызмет істеп, қызықты қойылымдардың қойылуына бар күш-жігерлерін сарп етіп келе жатқан өнер иелеріне тек сәттілік тілейміз. Театрдың бағындырар белестері алда. Бір ғасырға жуық тарихы мен өз көрермені қалыптасқан театрдың әлі де берері мол.

Гүлзат ШУБАЕВА, Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар