Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ТАРАЗДЫҚ КӘСІПКЕР ҚҰРМА СҮТІН ӨНДІРУДЕ

ТАРАЗДЫҚ КӘСІПКЕР ҚҰРМА СҮТІН ӨНДІРУДЕ
ашық дереккөз
ТАРАЗДЫҚ КӘСІПКЕР ҚҰРМА СҮТІН ӨНДІРУДЕ

Елімізде күн санап кәсіпкерлікке ден қойғандардың қатары артып келеді. Бірі мемлекет берген мүмкіндікті тиімді пайдаланып жаңа кәсіп бастаса, енді бірі дөңгелетіп отырған кәсібін одан әрі ұлғайтып, көкжиегін кеңейтуде. Шағын кәсіпкерліктің көзін тауып, шаруасын шалқытып отырған кәсіпкердің бірі – Мұхит Қалқабаев. Жерлесіміз ерекше кәсіпке бет бұрып, құрма сүтін өндіруді жолға қойған. Айтуынша, мысырлық сусынның жасалу жолы қарапайым, есесіне денсаулыққа пайдалы табиғи өнім. Сусын сиыр сүті мен құрмадан жасалатындықтан Рамазан айында сұраныс жоғары. Қазір кәсіпкер күніне 200 литрге дейін өнім шығарып, Тараз қаласындағы дүкендерге өткізуде. – Қолда белгілі бір мөлшерде капитал болмаса бизнес бастау қиын екені анық. Осы орайда мемлекеттің қамқорлығына иек арттым. 2023 жылы «Бизнестің жол картасы-2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде қайтарымсыз 5 миллион теңгеге ие болдым. Сөйтіп, қажетті құрал-жабдықтарды сатып алып, технологтармен келісіп, ісімді бастап кеттім. Бүгінде 3 технолог, 1 сатушы, жалпы оншақты адамды жұмыспен қамтып отырмын. Өнімімізді «Нұрислам» сынды үлкен дүкендер желісіне, шағын маркеттерге өткізіп, саудаға шығардық. Құрма сүті халыққа да ұнап жатыр. Ғалымдар «Құрма – құнардың қайнар көзі» деген. Яғни құрманың адам ағзасына пайдасы мол екені әлдеқашан дәлелденген. Құрма 50 пайыз қанттан құралған. Сондықтан да өте нәрлі. Ағзада тез таралады, қант шырыны жүйке жүйесін тыныштандырады. Құрма мидың қызметіне де үлкен әсерін тигізеді. Сондай-ақ А, В1 және В2 дәрумендеріне бай. Ақуыздар ағзаны жұқпалы аурудан қорғаушы қызметін атқарады. А дәрумені көз бұлшықеттерін жақсартады, сүйек және тісті қатайтады. В1 дәрумені ақуыздарды, көмірсуларды және майларды жойып, ағзадағы жасушалардың жаңаруын қамтамасыз етеді. Алла Тағала Құранда ерекше мән берген жемістің химиялық құрамын дүниежүзінің ғалымдары баяғыда-ақ зерттеген, – деген кәсіпкер пайдалы құрма сүтін өндіруге денсаулыққа зиянды энергетикалық сусындардың көбейіп кетуі себепші болғанын айтады. Ішсең шырын әрі бал татитын сусын қазір қаладағы көптеген дүкенде 450 теңгеден сатылуда. Біз де сатып алып, дәмін көрдік. Расымен де күнұзаққа шаршамай, сергек жүруге көмектеседі екен. Алдағы уақытта кәсіпкер өнімдерін Қазақстан бойынша саудаламақ ниетте. – Құрма сүті – экологиялық таза және тағамдық құрамы толық отандық бренд. Құрамында химиялық қоспалар жоқ. Кәсіпкер дегеніміз – ең алдымен, өзіне таныс әлемнің коммерциялық мүмкіндіктерін көре білетін қайсар тұлға. Бәсекеге бәс тіккендіктен әзірге пайда көру емес, халыққа жақсы әрі пайдалы дүние ұсынсам екен деген оймен қайтарымсыз гранттан бөлек, шағын кәсіпкерлігіме арнап бірнеше несие де алдым. Жалпы сауда әлеміне кездейсоқ келмедім. Бала күнімнен саудаға жақын болдым. Мақсатым – сату ғана емес, жоғарыда айтқанымдай, халықты сапалы өніммен қамту. Келешекте жеке кәсібімізді ұлғайтсақ деген ой бар. Жұртшылықтың арақ-шарапқа немесе зиянды сусындарға емес, пайдалы құрма сүтіне қызыққанын қалаймын, – дейді кәсіпкер. «Instagram» әлеуметтік желісінде «Qurma suti» деген атаумен танылған кәсіпке біз де сәттілік тіледік. Кәсіпкер алдағы уақытта шағын цехын үлкен зауытқа айналдырсам деп жоспарлап отыр.

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар