Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Диірменнің тасындай дөңгеленген дүние - ай...

Диірменнің тасындай дөңгеленген дүние - ай...
Ашық дереккөз
Ас атасы – қара нанның қадірін қазақтай ешкім түсінбесі анық. «Асыра сілтеу болмасын, ашатұяқ қалмасын» деген ашаршылық жылдары қараша халық бір үзім нанға зәру болған. Осы ретте небір нәубет-зобалаңды көзбен көріп, тағдыр талайын бастан кешкен халқымыз үшін «Диірмен» сөзі өмір сөзімен ассоциацияланып кеткен замандар өткен. Бұған өткен тарихтың ақтаңдақтары куә...

Аялдамада автобус тосып тұрған қарт әже іштей әлденені айтып көп күбірледі. Қолтығына Дінмұхамед Қонаевтың кітабын қыстырып алыпты. Мүмкін жөн сұрай алмай кібіртіктеп тұрған болар, кім білсін?! Амандық-саулық сұрасып, жанына таядым. Кенет апам (біз жақта әжені апа деп те атайды) «Диірменнің тасындай дөңгеленген дүние-ай...» деп ухілеп, аспаннан түскен найзағайдай қатты күрсінді. Сөзге тоқтаған түрімді көріп, жол бойында қытырлақ қара нанмен (кириешки) қарша атысып тұрған екі балаға қолын меңзеді.

Өзін Нұргүл Әбиірбекова деп таныстырған апаның қолтығынан демеп, үйіне дейін ілесіп бірге бардым. Жол-жөнекей «Балам» деп бастады баталы әже әңгімесін. Қазір тоқшылық заман ғой, әлгі балалардың нанмен ойнап жатқанын көріп, жаным ауырды. Бала күнімізде біз бір түйір нанға зәру болып, тіпті нанның қиқымын да таппай қиналғанбыз. Алысқа бармай-ақ, тоқсаныншы жылдардағы тоқырау қыспаққа алған тұста ұн мен суға мұқтаж болғанымыз рас. Құр қарап отыру қайда, аш қалмаудың амалын іздеу керек. Сол тұста бала біткеннің бәрі масақ теруге кететін. Таң азаннан қара кешке дейін уыстап әкелген дақылын диірменге салып үгітіп, ұн қылатынбыз.

«Тұрымтай тұсымен, балапан басымен» деген сөз осындайдан қалса керек. Ол кезде диірмен деген «дефицит» болатын, қарағым. Біздің Талас ауданының Ойық ауылында диірмен мен келі-келсап тек бір-ақ үйде болатын. Оны алуға кезекке тұратынбыз. Жүгеріні шала қыздырып, оны ірі-ірі етіп тартып, келіге түйіп, одан көже жасайтынбыз. Мұнымен қоса қос-қос бидайды қазанның түбіндегі тоңмайға сүйкеп-сүйкеп быламық істейтінбіз. Осылайша он баланы аман-есен жеткіздік,– деп, ескі әңгімесін еске алды алтын құрсақты ана.

Егде жастағы апа айтқан Ойықтағы жалғыз диірмені бар үй – қазіргі Жаңабай Досалиев қарияның отырған қарашаңырағы. «Әкесі жақсы қандай-ды» демекші, көзіқарақты көпшілікке кеңінен таныс, айтыскер ақын, әріптесіміз Есет Досалының әкесі екен. Толқыннан толқын, ойдан ой туатыны анық. Жұт жылдары бір ауылды ашаршылықтан аман алып қалған диірмен тастың тарихына терең үңілмекке ниет еттік. Осылайша кезі келіп, Жаңабай ақсақалдың үйіне жолымыз түсті. Қол диірмен мен келі-келсап әкемнен қалған. Үкіметтің қап-қап ұны шыққанға дейін ол бұйымдардың бағалылығы сонша, нарықта тіптен оның мөлшерлес құны болмайтын.

Ол кезде қазіргідей ағыл-тегіл нан жоқ. Бұрынғының адамдары хат танымаса да табиғаттың тылсым дүниелерін жазбай тани білген. Өмір мектебінен өткен. Жұлдызға қарап жол тауып, жәндіктің қыбыр, қозғалысынан ауа райын барлаған бабаларға таңғаламын. Мысалға, құмның жиегінде «Әжік» деген шөп бар. Жаужұмырдың бір түрі. Оның еркегі мен ұрғашысы болады. Өсімдіктен хабары бар адам жерден теріп алмаса, еркегін жеген адам уланып өледі.Соны қайнатып, жіпке тізіп, күнге кептіріп қояды. Кепкен соң қазанға салып қайнатып жейсің. Кәдуілгі нанның дәмі болатын. Қайсыбірін айтайын, өмірдің аштығын да, тоқтығын да бір кісідей бастан өткердік.

Қиыншылықта қариялар: «Сексен көремін деген жасым ба еді, быламық ішемін деген асым ба еді?» деп отыратын. Ол күндер де артта қалды. Қазір заман түзелді. Халық енді күйзелмесе, жоқшылық көрмесе деген тілегім бар, – деп өз ойын түйіндеді қазыналы қария. Жаңабай ақсақал әкесінен қалған диірменді, келі-келсапты көзінің қарашығындай әлі күнге сақтап келеді. Атадан балаға мұра болып жеткен диірменнің тарихын немерелеріне жиі айтып отырады екен. Абай айтқан, «Көйлегі көктік, уайымы жоқтық – аздырар адам баласын» дейтін заман осы болар. Нанның киесінен қорқу керек, нансаңыз! Жә, диірменнің тасындай дөңгеленген дүние-ай.

Н. Мэлсұлы 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар