Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қазіргі қоғамдағы әкенің рөлі қандай немесе "Отағасы туралы заң" қажет пе?

Қазіргі қоғамдағы әкенің рөлі қандай немесе "Отағасы туралы заң" қажет пе?
Ашық дереккөз
Соңғы уақытта қоғамда мемлекеттің негізгі іргетасы саналатын отбасылық институттың әлеуметтік иммунитеті әлсіреп бара жатқаны туралы жиі айтылып жүр. Әсіресе әке ұлағатын көрмей, жалғызілікті аналардың бауырында өсіп жатқан қамкөңіл балалардың болашағы жайлы проблема жоғарғы мінберлерде де ашық талқыға түсуде. Сондағы басты мәселе – қазақ отбасындағы әке мәртебесінің тым төмендеп бара жатқаны. Мұның себебі неде? Жуырда редакциямызға дәл осы тақырып турасында шынайы өмірлік ситуацияға негізделген оқырман хаты келіп түсті.

Хат жолдаушы – әріптесіміз, журналист Марат Ахметов. Хаттың мазмұнына зер салсақ, әрдайым тілшіге тән ашықтық пен жариялылықты жаны сүйетін азамат толық отбасын қалыптастырудағы жеке басынан өткен қиындықтарды ашық баяндапты. Сол арқылы еліміздегі «Үлгілі әке» болуға ынталы ер адамдардың мүддесін қорғайтын нақты бір заңның жоқ екенін алға тартқан. «Қазақта әкеге қатысты, оның отбасындағы рөлі туралы тамырдан тап басып айтылған қанатты сөздер өте көп.Мәселен, «Әке көрген – оқ жонар», «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды», «Әке сөзі – оқ» сынды аталы нақылдарды күнделікті өмірде жиі пайдаланғанымызбен тұрмыста шын қадірін қолдан арзандатып алғандаймыз.

Өкінішке қарай, қазіргі таңда елімізде соңы ажырасумен аяқталған неке саны артып келеді. Ал ортадағы баланың болашақ тағдырына алаңдап, бейбіт күнде шаңырағы шайқалған отбасыны қайта қосуға ниетті қос тараптың үлкендері де үнсіз.Керісінше «кімнің қызы қайтып келмей жатыр дейсің?» немесе «ішіме сыйған қыз сыртыма да сыяды» деген шолақ ойдың соңы айрандай ұйыған отбасының құтын қашырып жатқаны да жасырын емес», – деп, қоғамдағы көпті алаңдатқан мәселені ашып жазыпты.

Кейіпкеріміз он жыл отасқан жұбайымен ажырасқаны туралы шындықты көпшілікпен бөлісу азаматтық және моральдік тұрғыда ауыр екенін айта келе, осы орайда оқырмандарды некенің бұзылуына тек бір тарапты айыптамауға, оның ішінде (көп жағдайда) ер адамдарға толық кінә артпауға үндейді. 

Әу баста қоғамдық жұмыстың бел ортасында жүрген азамат ретінде қандай түсініспеушілік жағдай орын алса да отбасымды сақтап қалуға күш салдым. Эмоцияға ерік беріп, тағдыршешті таңдау жасамауға тырыстым. Ортадағы бір ұл, бір қызымның келешегіне қатты алаңдадым. Десе де әйелім екеуміз заңды түрде ажырастық. Тиісінше он жасқа толмаған балалардың пікірі ескерілмейтіндіктен қос балапан өз еріктерінен тыс анасының қолында қалды.

Өкініштісі сол, бұрынғы жұбайым балаларымды маған көрсетіп тұрудан түбегейлі бас тартты. Сот тәртібімен белгіленген алимент мөлшерін еш кешіктірмей төлеп жүрсем де анасы сол райынан қайтпады. Амал жоқ, заңға жүгіндім. Әуелі қорғаншылық пен қамқоршылық функциясын атқаратын жергілікті жердегі білім бөлімі баламен көрісу кестесін бекітіп берді. Өкінішке қарай, ол құжаттың заңды күші болмаған соң екінші тараптан ешқандай реакция болмады.

Одан әрі кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотқа жүгіндім. Сот аптасына екі мәрте балаларымды көруге құқылы екенімді айтып, заң шеңберінде шешім шығарып берді.Алайда сот шешімінен де ешқандай қайыр болмады. Жергілікті жердегі сот орындаушы мұндай жағдайда дәрменсіз екенін айтып, екінші тарап сот шешіміне қарсы келгендігі үшін тек айыппұл арқалайтындығын түсіндірді. Әрмен қарай жергілікті учаскелік полиция инспекторының қызметіне жүгінуге арым бармады. Балаларыма психологиялық соққы жасағым келмеді. Көндіктім. Араға жыл салып он жасқа толған үлкен қызым телефоныма қоңырау шалып, бауыры екеуінің анасымен бірге тұрғысы келмейтінін, менімен тұруға ниетті екендерін айтты. Қайтадан сотқа жүгіндім. Баламен жүргізілген бірқатар психологиялық тесттің нәтижесінде сот қызымды менің қамқорлығыма өткізіп берді. Енді екінші балам да менімен бірге тұрғысы келеді, алайда он жасқа толмағандықтан өз еркінен тыс, амалсыздан анасының қолында өсіп жатыр. Әлбетте, «жау» қолында өсіп жатқан жоқ, бірақ анасының өзі туған қызынан сырт айналып, ендігі кезде оны туған бауырымен де араластырғысы келмейді. Амал жоқ, заң тұрғысында дәрменсізбіз, – дейді бар әкелік базынасын бүкпесіз жеткізген Марат Мекемтасұлы.


Балалары үшін күні бүгінге дейін күресіп келе жатқан М.Ахметовтің айтуынша, перзенттерін өз қамқорлығына алуға ниетті әкелер көп болғанымен, алайда заң тұрғысында олардың қолы тым қысқа. Әлбетте, мұндай жағдайдағы әкелердің барлығы дерлік басынан өтіп жатқан оқиғаны көптің талқысына салуға келгенде қымсынады, ар-намысы жібермейді. Мәселенің маңызын толық түсініп, оның заң шеңберінде қалай реттелетінін білу үшін облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың төрағасы Думан Мәуленовтің пікірін тыңдадық. Бұл жерде бір мәселеге ерекше назар аудару керек.

Ел ішінде ерлі-зайыптының некесі бұзылған жағдайда бала міндетті түрде анасымен қалады, баланы анасынан ажыратуға болмайды және ажыратылмайды деген қате түсінік қалыптасқан. Шын мәнінде олай емес.Біздің кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот баланың тұрғылықты мекенжайын анықтау туралы талап-арыз түрін қарап, кейде баланы анасына емес, әкесінің қамқорлығына беріп жатамыз. Мұндай ситуация жұмыс тәжірибемізде кездеседі. Мен өзім соңғы жартыжылдықта 5-6 баланың әкесінің тәрбиесінде болғанын жөн санадым.

Ал негізінде ҚР «Неке және отбасы туралы» Заңда даулы мәселелерді қарау барысында он жасқа толған балалардың пікірі ескеріледі.Ол үшін, ең әуелі, сот психологі баламен түрлі әдіс-тәсілдер арқылы ортақ жұмыстар жүргізеді. Психолог маман эмоцияналдық тұрғыда бала қай ата-анаға жақын, сосын қай ата-анамен өзін неғұрлым еркін ұстайды деген сынды тағы бірқатар позиция бойынша зерделеу жұмыстарын жүргізіп, қорытындысын бізге ұсынады. Мұнда да бір көзге көрінбейтін, шешім шығаруда ескерусіз қалмайтын тағы бір жайт бар.

Бұл – «Сот процесінде баланың жауаптары тәуелді ме, тәуелсіз бе?» деген сұрақ. Яғни баланың анасының айтуымен әкесі жайлы ешқандай шындыққа негізделмеген, оны қаралауға бағытталған (ұрып-соғады, арақ ішеді, тағы да басқа) өтірік ақпарат беруі. Мұны анықтауға бізге психолог көмектеседі. Сонымен қатар біз құқықтық заң нормаларынан бөлек, Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 1959 жылы қабылдаған бала құқықтары жөніндегі декларациясын шешім шығаруда басшылыққа аламыз. Онда: «Кейбір кері қалыптасқан жағдайлар болмаса, негізінен кішкентай баланы анасынан айыруға болмайды» деп жазылған, – дейді сот төрағасы.


Думан Болатұлының айтуынша, қазіргі таңда өзі төрағалық ететін сотқа тұрғындар тарапынан келіп түскен талап-арыздың жетпіс пайызы некені бұзу бойынша екен. Статистикаға сүйенсек, өткен жылдың 1 қыркүйегі мен 31 желтоқсаны аралығында неке бұзуға 515 талап-арыз түссе, оның 78-іне шешім шыққан. Ал жыл басынан бергі сандар тіпті жаға ұстатарлық. Айналдырған бір тоқсанға жетпей 337 талап-арыз түсіп, 190 жұп заңды түрде ажырасқан.

Айта кетейік, таяуда ғана елімізде «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне және кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар туралы» Заң жобасы әзірленді.

Мәжілістің жалпы отырысында Ермұрат Бапи мен Аманжол Әлтай заң жобасын әзірлеген жауапты органдарға депутаттық сауал жолдады.Халық қалаулылары: «Бұл заң жобасын қабылдау арқылы қазақ қоғамындағы әке рөлін тіптен төмендетіп алмаймыз ба?» – деген ойларын ортаға салды.Тіпті Е.Бапи екі тараптың теңдігін таразылап тұру үшін алдағы уақытта «Отағасы туралы заң» шығару қажеттілігі туындауы мүмкін екенін алға тартты.

Осы орайда облыстық ардагерлер кеңесі жанынан құрылған әкелер кеңесінің төрағасы Қонысбай Ильясовтың пікіріне де құлақ астық. Әр отбасы – жеке мемлекет. Ал оның ішкі саясаты о баста дұрыс жүргізілмесе, әр отбасы мүшесінің сол мемлекетті қалыптастырып, моральдік және материалдық тұрғыда толық міндеттемесін нақтылап алмаса, оның өміршеңдігіне қауіп төнеді. Қазіргі бәсекелестік заманда рухани дүниетанымдық бай мұрадан бұрын материалдық қажеттіліктер басты орынға шығып отыр.

Үлкен өмірге күні кеше ғана қадам басқан жас отбасылардың күйреуінің басты себебі – қаржы жетіспеушілігінен. Байқайсыздар ма, соңғы кездері жалғызбасты аналардың саны жыл санап артып келеді. Қорқыныштысы сол, бұл қалыпты жағдайға айналып барады.Бұрын біздің уақытымызда мұндай жайттар ілуде біреу ғана кездесетін.

Қазір әр әулетте бір келін кетіп, бір қыз қайтып келіп отыр. Біз бұрын әкеміздің қас-қабағын бағып өстік. Ұлымыз да, қызымыз да. Әке баласына қашанда сыншы. Ол кісінің бірауыз айтқан сын-пікірі ұлымызды ұялтатын, қызымызды қызартатын. Қазір әйел теңдігін төрге шығарамыз деп, керісінше әкенің рөлін төмендетіп алдық. Қазіргі балалардың көз алдындағы «Үлгілі әке» образы тек отбасыны қаржыландырушы адам ретінде қалыптасып қалды. Осы олқылықтардың орнын толтыру мақсатында бірқатар қоғам белсендісінің басын қосып, 2021 жылы облыстық әкелер кеңесін құрдық. Басты мақсатымыз – әке мен бала арасындағы байланысты арттырып, кәмелет жасына толмаған жеткіншектерді еңбекке баулу, сондай-ақ отбасылық құндылықтарды сақтау. Қазіргі таңда біздің бастамамызбен облыс аумағындағы барлық білім беру мекемелерінде дәл осы ұстанымды негізге алған әкелер кеңесі құрылуда. Мұндай қоғамдық бірлестіктер қазіргі қоғамға ауадай қажет, – дейді қазыналы қария.

P.S: Қазақта «Жақсы әкенің есімі баласына қырық жыл азық болады» деген тәмсіл бар. Отбасында бала үшін ананың да, әкенің де ешкім алмастыра алмайтын орны бар. Абайша айтсақ, «Толық адам» концепциясы толық отбасыдан шығады. Яғни бауыр еті балаңыз болашақта «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүректің» иесі болсын десеңіз, соңғы сөз сізден екенін ұмытпаңыз, құрметті оқырман!  

Нұрсұлтан  Рахымбай

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар