Жуырда нағашы әжемнің үйіне бармақ болып «Шалғай-Қарасу» тұрғын алқабына жолым түсті. Құлаққабымды киіп алып, әуен тыңдап алаңсыз келе жатқанымда қараңғы көшелердің бірінен екі ит қарсы алдымнан ырылдап шыға келді. Қорыққанымнан қолыма тас алып, қорғануға кірістім. Қасыма жақындап келгенде бар даусыммен айқайлап, жанталаса қорғанып бақтым. Оған қарайтын азулы иттер жоқ, қайта сөмкемді тартқылап, ырылдап, тап-тап береді.
Бағыма орай, жақын жерде қасына баласын ертіп, жаяулатып келе жатқан бір әйел көмектесіп, екеуміз үркітіп, тас лақтырып жүріп аман қалдым. Байқағаным, иттердің бірінің мойнында қарғыбауы жүр. Демек, иесі кешқұрым адам аяғы басылғанда итін босатып жібере салған. Ал күні бойы байлаулы тұрған ашулы ит босай салысымен ұрынарға қара таппай адамдарға шабуыл жасайтыны анық. Өкініштісі, қаламызда мұндай оқиғалар күн өткен сайын көбейіп барады.
Мәселен, жақында «Барысхан» алқабында 4-5 ит Байсал Әсетхан есімді мектеп оқушысына шабуыл жасаған. Сол оқиғадан екі-үш күн бұрын Айша бибі ауылында топтасқан қаңғыбас иттер мүмкіндігі шектеулі бір қызды талап тастады. Әйтеуір, адамдар уақытында көмекке келіп үлгерген.
Зардап шеккен Әсел Мұсаева ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлер алғашқы медициналық көмек көрсетіп, үйіне қайтарған. Былтыр да Қаратау қаласында 7 жасар баланы ит талап, бет-аузын, екі аяғын қатты жарақаттаған. Бала ауруханаға ес-түссіз күйде жеткізілген.
Абырой болғанда, дәрігерлер дер кезінде көмек көрсетіп, жасөспірімді ажалдан арашалап қалды. Кейіннен белгілі болғаны, кәмелеттік жасқа толмаған бала аулада байлаулы тұрған иттің қасына барып, ойнамақ болған көрінеді.Сондай-ақ өткен жылы Шу ауданында болған жағдай облысты шулатты. «Тоғай» ықшамауданында кәмелеттік жасқа толмаған қыз баланы қаңғыбас иттер талап, жасөспірім ауыр жарақатпен ауруханаға түсті.
Қансыраған қызды оқиға орнынан алып кетіп бара жатқан сәтте түсірілген видео талайдың ет жүрегін сыздатты. Дене жарақатын ауырсынған қыздың даусы көргендердің көзіне жас үйірді. Оқиғадан кейін Шу ауданына облыстан арнайы ветеринария саласының мамандары барып, рейдтік шаралар жүргізді. Алайда аудан тұрғындарының айтуынша, әлі де елді мекендерде адамдарға иттердің шабуылдауы азаймай тұр екен.
Осы ретте қала тұрғындарын сөзге тартқанымызда жыл санап қаңғыбас иттердің көбейіп бара жатқанын, қазір бала-шағаларын көшеге шығарудан қалғандарын айтады. Төрт балам бар. Көшеде қаңғыған иттер толып жүр. Арасында құтырғаны да бар шығар, кім білсін?! Балаларымды сабаққа шығарып саламын да «Көшедегі көп иттің бірі қауып алмас па екен?» деп жанымды шүберекке түйіп отырамын. Үйдің айналасында да, балалар ойын алаңында да қаңғыбас ит өте көп. Ізіңе түскенде қолға ағаш алып үркітсең, өзіңе қарап ырылдап, тістеуге ұмтылады. Адамнан қорықпайды. Қаланың қай бұрышына барсаң да топтасып жүрген иттерді көресің. Ықшамаудан, саяжайларды былай қойғанда, шаһардың орталығында, облыс әкімдігі ғимаратының алдында жүргенін көргенде тіпті таңғалғанмын, – дейді қала тұрғыны Лаура Аймаханова.
Осы секілді қала тұрғындарының уәжін, санаға салмақ салған қорқынышты деректерді алға тартып, адамдарды ит талау фактілерінің алдын алу бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатқанын білмек мақсатта облыстық ветеринариялық стансаға арнайы қайырылдық. Аталған мекеме директоры Ғабитбек Кебеевтің айтуынша, былтыр барлық аудандарда жан-жануарларға арналған панажайлар құрылысын жүргізуге жер телімі бөлініпті.
Биыл әкімдік тарапынан жануарларды уақытша ұстауға арналған панажайларды қаржыландыруға 5 миллион теңге белгіленген. Сондай-ақ Тараз қаласында қаңғыбас ит пен мысықтарды уақытша ұстайтын орын салуға 40 миллион теңге қарастырылған. Қазір Асанбай Асқаров көшесінің бойында құрылысы жүріп жатыр екен.
Былтыр Жамбыл ауданында 93,6 миллион теңгеге, Байзақта 59 миллион теңгеге, Меркі мен Мойынқұм аудандарында 5,6 миллион теңгеге қаңғыбас ит пен мысыққа панажай салынған.
Сонымен қатар биыл қаңғыбас жануарларды сәйкестендіру, бірдейлендіруге 11 миллион теңге, қаңғыбас жануарларды вакцинациялау мен стерилизациялауға 10 миллион теңге, иелері халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын тұрғындардың ит-мысықтарын сәйкестендіруге 525 мың теңге қарастырылған. Қаңғыбас иттердің көбеюі иелерінің жауапсыздығынан да орын алуда.
Заң талаптарына сәйкес жануардың иесіне жауапкершілік жүктелген. Атап айтқанда, олар жануарларын ветеринариялық-санитариялық, гигиеналық талаптарды сақтай отырып асырауға және ұстауға, облыстық мәслихатпен бекітілген арнайы қағидаға сәйкес есепке алуға, уақытылы вакцинация жасатуға, жануарына жауапкершілікпен қарауға және қатігездік көрсетпеуге, басқа адамдар мен жануарлардың өміріне немесе саулығына қауіп төндірмеу үшін қауіпсіздік шараларын қабылдауға, қоршаған ортаның, қоғамдық орындардың ластануына жол бермеуге міндеттелген. Сонымен қатар егер тұқым алу қажет болмаса, иелері өз есебінен үй жануарларына кастрация немесе стерилизация жасап, қажетсіз көбеймеуін қамтамасыз етуі міндеттелген, – деген Ғабитбек Ақылбекұлы облыс бойынша жыл басынан бері «Jambyl-109» диспетчерлік қызметі арқылы 1 391 өтініш түскенін жеткізді.
Өтініштердің 50 пайызы қаңғыбас иттерді аулауға қатысты болса, қалған 50 пайызы ит өлекселері мен тұрғындардың өз иттерін алып кетуіне қатысты. «Jambyl-109» диспетчерлік қызметінен бөлек, қаңғыбас иттерді аулау бойынша «e-Otinish» азаматтардың өтінімін қабылдау және өңдеу бірыңғай платформасы арқылы жеке кәсіпкерлерден, білім мекемелерінен, балабақшалардан хат түрінде де өтініштер келіп түсуде.
Келіп түскен өтініштерді орындау үшін облыс бойынша 1 диспетчерлік орталық,13 ит аулау бригадасы, 26 адам жұмыс істеуде.Ит аулау бригадасы иттерді ұстап, уақытша ұстау орнына алып бару үшін, ит өлекселерін биотермиялық шұңқырға тастау үшін 13 көлікпен, ит аулау құралдарымен жабдықталған.
Ветеринария мамандарының тарапынан иттерге кастрация, стерилизация, құтыру ауруына қарсы вакцина салу, «Таңба» жұмыстары жүргізіледі. Жануарларды тіркеу «Tanba» бірдейлендіру дерекқоры арқылы жүзеге асырылады.Жануар өз иесінің жеке сәйкестендіру нөміріне тіркеледі. Тіркеу барысында жануарға салынған екпелер, дертінің тарихы, айрықша белгілері көрсетіледі.Үй жануарларын тіркемеген жағдайда, сондай-ақ жоғарыда аталған талаптарды орындамаған үй жануарларының иесі немесе жауапты адам әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бірақ мұны ешқайсысы орындап жатқан жоқ, – дейді ветеринариялық станса директоры.
Осы мәселеде қоғам пікірі екіге бөлініп тұрғанын да жасыра алмаймыз.Жұртшылықтың дені қаңғыбас иттерден құтылуды ойласа, кейбір қоғам белсенділері жан-жануарларға жанашырлық танытып, қарсы тарапты мейірімді болуға шақырады. Олар адамға иттен келетін қауіп жоқ екенін айтады. Иттен адамға келетін қауіп жоқ. Шетелге шығып қараңыздаршы, жан-жануарларға деген мейірімділікті сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.Біздегі басты мәселе иесіз иттердің адамға шабуыл жасағаны емес, керісінше адамдарда аяушылық сезімінің жоқтығы, – дейді Тараз қаласының тұрғыны Дильназ Мейрамбек.
Итті қорғайтын заң бар. Ал адамды кім қорғайды? Әлде өкінішті жағдай тіркеліп, сонда ғана шара қолдану қажет пе? Қалай болғанда да қаңғыған иттен келетін қауіп сейілмей тұр. Адамдық тұрғысынан жануарларға жанашырлық пен қарап, оларды қорғау дұрыс, әрине. Дегенмен көше кезіп, қаңғыған ит ойнаған балаға, көшеден өткен жаяу адамға тап беріп, жарақаттамасына кім кепіл? Иесіз жүрген иттерге кім ие болмақ?
Ақтоты Жаңабай