Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Әз Наурыз Әулиеата өңірінде қалай тойланады?

Әз Наурыз Әулиеата өңірінде қалай тойланады?
Ашық дереккөз
Күн мен түннің теңеліп, жаңару мен жаңғырудың, береке мен бірліктің бастауы болған әз Наурыз мерекесі соңғы жылдары жаңаша сипат алып келеді. Ата-бабадан мирас болып жеткен ұлық мерекені биылдан бастап Мемлекет басшысының ұсынысымен еліміздің барлық өңірінде жаңа форматта өткізу жоспарланып отыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Ұлана Сламбекова айтты. Баспасөз мәслихатына облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай, облыс әкімдігі денешынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Жолдасбеков қатысты.

 Мерекені тойлау 14 наурыз – Көрісу күнінен басталып, 23 наурызға дейін жалғасады. Әр күн әртүрлі тақырыпта аталып өтеді. – Тұжырымдамаға сәйкес Наурыз мейрамын атап өтудің іс-шаралар жоспары әзірленді. Биылдан бастап Наурызнама онкүндігіне сәйкес мейрам 14-23 наурыз аралығында тойланады. Әр күн белгілі бір тақырыпқа арналып, терең мәнге ие болды. Атап айтқанда, 14 наурыз күні Көрісу мерекесін атап өттік. 15 наурыз – Қайырымдылық күні. Бұл күн Рамазан айының бірінші жұмасымен сәйкес келетіндіктен Мемлекет басшысының атынан облыс әкімі, Тараз қаласы мен аудан әкімдері ауызашар береді. 16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні. 17 наурыз – Шаңырақ күні.

Бұл күн сүйіспеншілік, құрмет, сенім, өзара көмек, мейірімділік, жанашырлық, анаға құрмет және ұрпақ сүю сияқты отбасылық құндылықтарды насихаттауға арналған. 18 наурыз – Ұлттық киім күні. Аты айтып тұрғандай, бұл күні ұлттық киімдерді танымал етуге басымдық беріліп, сәнді киімдер көрсетілімдері өткізіледі.

Осы орайда барлық мекеме қызметкерлерін ұлттық киіммен жүруге шақырамыз.19 наурыз – Жаңару күні. Бұл – тазалық күніне арналады. 21 наурыз – Ынтымақ күні Тараз қаласындағы «Достық» алаңында «Ар ма, әз Наурыз!» атты мерекелік іс-шара өтеді. 22 наурыз – Жыл басы. Бұл күні барлық елді мекендерде Наурыз мейрамына арналған мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылады. 23 наурыз – Тазару күні. Наурызнаманың қорытынды күні жаңа жылды тұтас ел болып жаңа мақсат, жаңа үмітпен қарсы алудың символы ретінде жалпыұлттық экологиялық акция өтеді, – деді Ұлана Сламбекова.

Облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай мерекенің тұжырымдамасына сәйкес іс-шара өтетін алаң тұтас бір этноауылды құрайтын бірнеше аймақтан құралатынын атап өтті. Облыс әкімдігі денешынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Жолдасбеков 21 наурыз күні Тараз қаласында қала тұрғындары мен қонақтары арасында Наурыз мерекесіне арналған спорттық іс-шаралардың ұйымдастыру жоспарларымен бөлісті.

Айжан Өзбекова 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар