Алдымен ҮЕҰ өкілдері атынан облыстық орыс драма театрының тігін-қолөнер цехінің меңгерушісі, суретші Елена Голубинская мен суретші Иса Тазабаев сөз алып, суретшілердің қоғамдағы жай-күйін бүкпесіз баяндады. Айтуларынша, бүгінде облыс орталығында қолөнершілер мен суретшілердің отыратын жеке ғимараты жоқ екен. Туындыларын сатуға қоятын арнайы орын да қарастырылмаған. Басқарма басшысына аталған мәселені шешіп беруін сұрады. Сондай-ақ алдағы уақытта халық көп жүретін саябақтар мен демалыс орындарында тараздық суретшілердің көрмелерін ұйымдастырсақ деген ұсыныстарын да жеткізді. Тараздық суретшілер мен қолөнершілер талай жылдан бері жетімнің күйін кешіп жүр.
Отыратын ғимаратымыз жоқ. Картиналарымыз жан-жақта шашылып жүр. Суретшілер картиналарын қайда, қалай сатарын білмейді. Еліміздің басқа облыстарында суретшілер мен қолөнершілер мәдениет басқармасына қарайды. Тек біздің аймақта ғана туризм басқармасына қараймыз. Басқарма біздің немен айналысып, не істеп жүргенімізді түсінбейді де. Сондықтан осы мәселені аяқсыз қалдырмайды деп ойлаймын. Сондай-ақ жақын арада ауқымды көркемсурет галереясын ұйымдастырсақ деген жоспарымыз бар.
Түрлі іс-шараларда біздің галереяда тұрған суреттеріміз алынып тасталмаса екен, – деді суретші Иса Тазабаев. Ерлан Нұрманұлы алдағы уақытта осы және өзге де мәселелерді талқылау үшін суретшілер мен қолөнершілермен арнайы кездесетінін айтты. Ал Елена Алексеевна орыс театрын бөлек ғимаратқа көшіру мәселесін көтерді. Бұл ретте Ерлан Жүнісбай бөлек ғимаратқа көшіру бұған дейін де айтылып келе жатқанын, егер екі театр екі жақта отырса, көрермен тарту, ғимараттарды ұстап тұру қиындау болуы мүмкін екенін алға тартты.
Бұдан соң облыстық «Aq jol» газетінің тілшісі Есет Досалы облыстық ақындар мен жыршы-термешілер орталығын ашып, өңірдегі айтыскерлерге көрсеткен қолдауы үшін басқарма басшысына алғысын білдірді. Басқарма басшысы алдағы уақытта оқушыларды жыр мен термеге, айтысқа баулитын тегін үйірмелер ашылатынын жеткізді. Сондай-ақ кездесуде кейінгі уақытта әлеуметтік желіде талқыланып жатқан «Art sport» жобасы жайында да сөз қозғалды. «Art sport» – бала болашағының іргетасы. Жоба шын мәнінде балалардың мүддесін қорғайды.
Әлеуметтік желілерде жазылып жатқан жалған ақпараттарға халықты сенбеуге шақырамын. Негізсіз айыптау – бәрімізге сын. Расында, мемлекеттік шығармашылық тапсырыстың жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру жүйесі арқылы балалар мен жасөспірімдерді үйірмелермен қамту үшін 2023 жылы жергілікті бюджеттен 1 112,5 мың теңге бөлінсе, оның 880 миллион теңгесі игерілді. Қалған сома бала санының аздығынан облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына кері қайтарылды.
Өткен жылы «Art sport» жобасы бойынша 8 322 балаға 38 үйірме қызмет көрсетті. ҚР Мәдениет және спорт министрінің 2021 жылғы 27 сәуірдегі №113 бұйрығымен бекітілген «Балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелерді жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру қағидаларына» сәйкес өнім беруші операторға мемлекеттік тапсырыстың орындалуы туралы электрондық есепті ай сайын есепті кезеңнен кейінгі айдың 5-күнінен кешіктірмей жібереді.
Әрбір балаға қатысудың электрондық табелі оның заңды өкілінің жеке кабинеті арқылы ЭЦҚ кілтімен расталады. Осыған орай өнім берушілердің тарапынан барлық рәсімдер аяқталған соң төлемдер жасалады, – деді Ерлан Жүнісбай. Бір жарым сағатқа жуық уақытқа созылған кездесу сұрақ-жауап форматында өрбіп, журналистер мен ҮЕҰ өкілдері өз сауалдарына басқарма басшысынан толыққанды жауап алды.
Эльмира Байназарова