Қалалық мәдениет үйінің кіреберіс фойесіне Тараз қалалық балалар көркемөнер мектебінің ұлттық қолөнер шығармашылық жұмыстары қойылыпты. Өнерлі жеткіншектердің қолынан шыққан бұйымдар кісі көңілін бірден өзіне аударады. Тараз қалалық Абай атындағы көпшілік кітапхананың кітапханашысы Раушан Балжанова іс-шара басталғанға дейін жұртшылықты «Нұр тарайды Наурыздан» атты кітап көрмесімен таныстырды. Айтуынша, кітап көрмесі ұлттық мәдениетті, салт-дәстүр, әдеп-ғұрыпты насихаттау үшін ұйымдастырылған. Аталған кітапхананың әдіскері Гүлдан Үсенбаевамен тілдескенімізде Ұлыстың ұлы күніне арналған биылғы мерекенің алғашқы күнінен-ақ Наурыз мейрамына ерекше ұлттық идеологиялық басымдық берілгенін аңғарғанын сөз етті. Осы кезде ұлттық киім киген қариялар мен кимешекті әжелер, жас қыз-жігіттер, ер-азаматтар екі қапталдан келіп, бір-бірімен қол алысып, құшақтасып, төс түйістіріп көрісіп жатты. Ал әйелдер бір-бірінің алақанына алақанын тосып, әуелі оң иығын, сосын сол иығын түйістіріп амандасып, көрісті. Бұл мәдениет үйінің сахнасына дейінгі көңіл тоятын көріністер еді. Көпшілік бір-бірімен көрісіп, «Ел-жұрт, мал-жан аман ба?» деп хал-жағдай сұрасқаннан кейін қыз-жігіттер жасы үлкендерге жол бастап, ілтипатпен залдағы орындарына отырғызды.
Бір кезде ақ жаулықты аналар көрермендерге қарай тәттіден шашу шашып, көпшілікке иісі бұрқыраған, қазаннан жаңа сүзілген ыстық бауырсақ таратты. Сахнада Дулати халықтық студенттік-жастар театрының «Көрісу» күніне арналған театрландырылған қойылымы назарға ұсынылды. Олар қыз-жігіт болып айтысып, көңіл сергітті. Қойылым аяқталғаннан кейін сахнада «Томирис» би тобы өнер көрсетті. Бұдан кейін Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің жауапты хатшысы Сауранбек Жамалбеков көпшілікке қол жайып бата берді. Артынша жұртшылық қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары ұсынған концерттік бағдарламаны тамашалады. Мерекелік концертте жекелеген әншілерден бөлек, «Көне Тараз» фольклорлық ансамблі, «Асыл аналар» халықтық әжелер ансамблі, «Әулие ата» ардагерлер ансамблі де өнерлерін ортаға салды. 14 наурыз күні ескі күнтізбе бойынша қыстың аяқталып, көктемнің туар кезі. Облыстық ауылшаруашылығы ардагерлерінің төрағасы Аманжол Аманбаев Көрісу мерекесі көшпелі ғұмыр кешіп, иен далаға иелік еткен ата-бабамыздың қыстан аман-есен шығып, қар еріп, жер жіби бастағанда туған-туыс, жақындарын іздеп барып, амандығын біліп, көрісуінен шыққан ежелгі дәстүр екенін айтады. – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында: «Өзіміздің төл жаңа жылымыз – әз Наурызды естен шығармаған жөн. Бұл мейрам – тіршілікті түлете келетін нағыз табиғи жыл басы. Наурыз – жаңару мен жаңғырудың символы» деген еді.
Биыл міне, Наурыз мейрамы ерекше форматта өтіп жатыр әрі он күн бойы тойланады. Қазақтың ұғымында 14 наурызда қыс аяқталып, көктем төрге озады. Ертеде қазақ бұл күнді «Наурыз» емес, «Амал» деп атаған. Амал дәстүрі – қазақ халқының жұртты ізеттілік пен көрегенділікке, ауызбіршілік пен бауырмалдылыққа бастайтын ерекше үрдістерінің бірі. Бұл мереке облысымызда, жаңылыспасам, биыл екінші мәрте тойланып жатыр. Негізі еліміз КСРО құрамында болған кезде сол дәуірдегі солақай саясаттың салдарынан қазақ өзінің тілінен, ділінен, салт-дәстүр, әдеп-ғұрпынан айырылып қала жаздады. Мәселен, біздің облыстың тұрғындары осы Көрісу мерекесін ұмыта бастаса, бұл салт еліміздің батыс өңірінде берік сақталды. Сонымен қатар бұл күнді тойлау Ресей, Өзбекстан, Моңғолия, Қытай Халық Республикасы секілді басқа да мемлекеттердегі қазақтар арасында жақсы сақталған деп естимін. Қазіргі таңда сол ұмыт қалған дәстүріміздің жаңғыруы өте қуанышты жағдай. Наурыз мейрамы елімізге құт-береке алып келсін! Ел іргесі бүтін, жұрт аман болсын, өсіп келе жатқан жастар осындай салт-дәстүрімізді ұмытпасын! – деді Аманжол Дүйсенбекұлы. Әні-міне дегенше жер бусанып, күн де қыза түседі. Анығы, күн шеке қыздырарлықтай болғанда көк дүр ете түседі. Сол уақытта мал көкке тойынып, төлдің де бүйірі бұлтияды. Олай болса, бұл ақтың молайып, жарықтың ұзаратын, Жер-ананың жаңғырып, пейіліміздің түзелетін, көңілдің кеңитін кезі.
Нұрым Сырғабаев
Әз Наурыз Әулиеата өңірінде қалай тойланады?
Ұқсас жаңалықтар
Танымал корей жүзімі «Шайн Мускат» қауіпті ме? — Зерттеу нәтижелері
- авторAR-AY
- 21 қараша, 2024