ЕЛІМІЗДІҢ БАС ДӘРІГЕРІ БАҚ ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ
ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният облысқа жасаған жұмыс сапары барысында өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында брифингке қатысып, өңірлік және республикалық БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.
Еліміздің бас дәрігері алдымен денсаулық сақтау министрлігінің өңірлермен бірігіп жүргізіп жатқан жұмысы және Мемлекет басшысының денсаулық сақтау саласының алдына қойған міндеттерінің орындалу барысы туралы баяндады.
Бүгінде облыста 383 медициналық-санитариялық алғашқы көмек объектісі жұмыс істейді, бұл республиканың барлық медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарының 7 пайызын құрайды. Республика бойынша 2025 жылға қарай 500 медициналық-санитариялық алғашқы көмек объектісінің құрылысы, оның ішінде өз облысымызда 2025 жылға дейін 65 амбулаториялық-емханалық объектілердің салынуы мен ашылуы жоспарланыпты.
– 2021 жылы республика бойынша 58 медициналық нысан, оның ішінде облыс бойынша – бір медициналық-санитарлық алғашқы көмек объектісі пайдалануға берілді. Бұл облыста ауылдық жердегі денсаулық сақтау ұйымдарының жалпы саны – 356. Жоғарыда атап өткенімдей 2025 жылға дейін осы облыста 19 объект салынатын болады.
Әулиеата өңірінің атқарушы билік органдары ауылдағы медициналық ұйымдардың инфрақұрылымын жақсарту жөніндегі шараларды қабылдауы, сондай-ақ материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етуге барынша күш-жігер жұмсауы қажет.
Шалғай ауылдық елді мекендерде медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін жылжымалы медициналық кешендердің әлеуеті кеңінен пайдаланылады. Өткен жылы 1,8 миллион ауыл тұрғыны 149 жылжымалы медициналық кешен қызыметін алды. Осы өңірде 11 жылжымалы медициналық кешен жұмыс істейді, аталған кешен арқылы жылдың 1-тоқсанында 103 мыңға жуық адам қамтылды, – деді А. Ғиният.
Айта кету керек, биылғы жылы жалпы ел бойынша бала туу саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда едәуір төмендеген. Біздің облыста есепте тұрған жүкті әйелдер саны 13 735, бұл өткен жылмен салыстырғанда 8 пайызға аз. Сондай-ақ босану мен жаңа туған сәбилердің саны төмендегені де байқалады. Ағымдағы жылдың 5 айының қорытындысы бойынша облыста ана өлімі тіркелмеген.
Ажар Ғиният баяндама барысында аналар мен балалардың денсаулығын қорғау мәселелері министрліктің ерекше бақылауында екенін атап өтті. Баяндамашы саланы дәрігерлермен қамтамасыз ету мәселесіне де жіті тоқталып, отандық денсаулық сақтаудың басым міндеттерінің бірі – еліміздің халқын дәрі-дәрмекпен үздіксіз қамтамасыз ету жайын да тілге тиек етті. Сонымен қатар осы жылғы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде бірыңғай дистрибуция жүйесі арқылы жергілікті қамтуы бар дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алу үлесін 40 пайызға дейін арттыру жоспарлары айтылды. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды шығару бойынша жаңа өндіріс орындарын іске қосу мәселесі де қаузалды.
Министрдің айтуынша, келер жылдан бастап медициналық қызметтердің сапасы мен сервисін арттыру, инвестицияларды ынталандыру мақсатында тарифті толтыру жоспарланған. Сондай-ақ биыл тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және МӘМС жүйесінде медициналық қызметтерге 67 миллиард теңге бөлінген. Бұл өткен жылғы шығындардан 14 миллиард теңгеге артық көрінеді.
Осы жылы облыс халқына жоғары технологиялық қызметтер 2 есеге дейін, медициналық оңалту 1,5 есеге, күндізгі стационарларда офтальмологиялық, оториноларингологиялық және басқа да аз инвазивті операциялар 1,5 есеге артып, консультациялық-диагностикалық көмек 30 пайызға, яғни арнайы мамандарға кезек кем дегенде үштен бірге қысқарылуы тиіс.
Брифингте вакциналау мен ревакциналау мәселесі де тақырыптан тыс қалмады. Мұның инфекциядан қорғанатын жалғыз құрал болып қала беретіні айтылды. Халықты вакциналаумен барынша қамту үшін Денсаулық сақтау министрлігінің тиісті шаралар қабылдағаны белгілі. Бүгінгі күні вакциналауға жататын халықтан 10,3 миллион адам екпе алған.
Айжан ӨЗБЕКОВА
Келесі мақала