БОЛАШАҒЫМЫЗДЫ АЙҚЫНДАЙТЫН ҚАДАМ
ҚР Парламенті Сенатының депутаты Абдалы Нұралиевтің қатысуымен Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің ұжымымен және студенттерімен кездесу өтіп, референдум туралы ашық түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Сенат депутаты референдумның мән-маңызына тоқталып, Мемлекет басшысының Жаңа Қазақстан құру идеясын қолдауға және саяси науқанға белсенді қатысуға шақырды.
– ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың 16 наурызындағы «Жаңа Қазақстан – жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ауқымды Конституциялық реформаларға бастама жасағанын барлықтарыңыз білесіздер. Конституциялық реформаның саяси мәні – басқарудың суперпрезиденттік үлгісінен мықты Парламенті бар президенттік басқару формасына көшу. Бұл қадам саяси жүйені сапалы трансформациялауды көздейді, – деген сенатор әр баптың өзгерісіне жеке-жеке
тоқталды.
Атап айтқанда, Президент туыстарының квазимемлекеттік сектор мен мемлекеттік қызметте басшылыққа тағайындалмайтындығы жөніндегі өзгертулерге кеңінен түсініктеме берді. Президент және судьялар, сайлау комиссиясының өкілдері ешқандай партияның мүшелігінде болмауы тиіс екенін айтты.
Қатысушылар кездесу қорытындысында биылғы жылдың 5 маусымында өтетін республикалық референдумға белсенді қатысатындарын жеткізді.
Бұдан соң Абдалы Тоқбергенұлы ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің облыстық аумақтық инспекциясының қызметкерлерімен кездесіп, №88 референдум учаскесінің дайындығымен танысты.
Айжан ӨЗБЕКОВА
Келесі мақала