Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Қолымда қызыл қызғалдақ»

«Қолымда қызыл қызғалдақ»
ашық дереккөз
«Қолымда қызыл қызғалдақ»
Гүлдің саудасы түрлі мерекелерде жанданып, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында тіптен қыза түсетіні белгілі. Шыны керек, бұрын гүл сатушылардың дені алыпсатарлықпен айналысқаны болмаса, гүл өсіру ісіне кәсіп деп қарамайтын. Осы күні гүлдің сан түрлі тұқымын немесе көшетін шетелден алдырып, оны арнайы жылыжайда өсірумен айналысатындар қатары елімізде артып келеді. Ал өңірде кәсіптің осы түрімен айналысатындар некен-саяқ. Соның бірі – Жамбыл ауданы, Аса ауылының 31 жастағы тұрғыны Досжан Жамбылов. Негізінде оның гүл сату кәсібімен айналысып жүргеніне бес жыл болыпты. Бұған дейін ол өзге кәсіпкерлерден гүл сатып алып, оған үстемеақы қосып саудалаумен айналысқан екен. Десе де өмірлік серігі Арайлым Алдабергенованың ақылымен өткен жылдың соңына таман үйінің ауласында гүл өсіруді қолға алыпты. Қыс мезгілінде қызғалдақ өсіріп, ерекше кәсібімен елге танылған Досжан жайлы бұған дейін де облыстық бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазған еді. Мереке қарсаңында біз де аталған бағбанға хабарласып, кәсібі жайлы сыр суыртпақтадық. – Есігіміздің алды 30 сотық. Оның екі сотығына гүл өсіруге арналған жылыжай салуды көздедім. Осылайша «BNK Group» компаниясымен келісім жасасып, олар 3 миллион 500 мың теңгеге жылыжай салып берді. Пеші мен желдеткішіне дейін өздері орнатып, маған дайын жылыжай ұсынды. Өткен жолы күші секундына 30-40 метрге жететін дауыл тұрғанда өзге жылыжайлардың алқа-салқасы шығып жатты. Менің жылыжайым бұл жағына келгенде сыр бермеді. «BNK Group» компаниясының мамандары нағыз өз ісінің білгірі, сөз жоқ, шеберлер екен. Полиэтиленнен жасалған пленкалары мықты болып шықты. Аталған жылыжайда Голлан­дия­дан 17 мың түп қызғалдақ алдырып, қызыл, сары, ақ, көк түсті лалагүл тұқымдасының 10-нан аса түрін отырғыздым. Осы кәсіпті аяқсыз қалдырмау үшін астымдағы көлігіме дейін сатып жібердім. Қазіргі таңда отбасылық кәсібім өз жемісін беруде. Отырғызылған гүл күтімі жақсы болса, 75 күнде жетіліп, жайқалып шыға келеді. Ақпан айының 15-інен бастап жылыжайдан күніне 500 бен 800 дана аралығында өнім алып отырдық. Тараз қаласындағы түрлі сауда орындары мен аудандағы дүкендерге, өздері іздеп келген алыпсатарларға әр тал гүлдің бағасын 800 теңгеден белгілеп саттық. Қазір жылыжайда алты адам жұмыс істеп жатса, оның барлығы әкем, анам, әйелім секілді өзімнің жанашырларым, жақындарым, – деді ол. Әйелінің гүлді ерекше жақсы көретін артықшылығының арқасында бағбан атанған өрен гүл сату кәсібінде алыпсатарлар қаптап жүргенімен оны өсіруге келгенде бәсекелестік орта жоқтың қасы екенін айтады. Ол болашақта тағы да екі жылыжай салып, кәсіп аясын кеңейтуді, есік алдындағы аулада 50 мыңнан астам қызғалдақ өсіруді жоспарлап отырғанын жеткізді. Қызғалдақ өсіруді жандандырып, отбасымен бірге ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын кәсіпті дамытуды көздеген оның нақты мақсат-мұраты бар. – Аса ауылы – «Ауыл аманаты» жобасына қатысушы елді мекеннің бірі. Осы мүмкіндікті пайдаланып, облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасының мамандарынан кеңес алдым. Осылайша «Ауыл аманаты» жобасына қатысушылардың тізіміне ендім. Мамыр айында жобаның үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану бағыты бойынша мемлекет есебінен 30 миллион теңгеге дейін несие берілетін болды. Бұл жобаның тиімділігі – несиені 5 жылға дейін 2,5 пайыз үстемеақысымен аламын. Алғашқы бір жыл бойы менен ешқандай төлем алынбайды. Бүгінгі таңда 16 мың түп қызғалдақ сатылып кетті. Халықаралық әйелдер күні мерекесіне дейін осы гүл түрінен бір тал да қалмайтын секілді. Дегенмен сол бір айтулы мерекеде гүлдің басқа түрін саудалауды жоспарлап отырмын, – деді Досжан Жамбылов. Қызғалдақ өсірудің қыр-сырына қанық болмасаң, бабын білмесең барлық ісің рәсуа болатыны белгілі. Сондықтан да машақаты мен қиындығы мол кәсіппен айналысарда кейіпкеріміз мұның әдісі мен бабын әбден зерттеген екен. – Әсіресе желтоқсан мен ақпан айларында жылыжай ішінде тұрақты температура сақталуы шарт. Жылыжайдағы ауа температурасы жоғарыласа, желдеткіш қосып, қалыпты жағдайға түсіру, ал суып бара жатса, жылыту маңызды іс. Қызғалдақтар ерекше күтімді қажет ететіндіктен барлық шаруа ретімен атқарылады. Биыл қыс мезгілінде қатты суық апталап тұрып алғаны есте. «Шетелден алдыртқан гүлдерім солып қалмай ма?» деп уайымдағаным рас. Кейбірінің жаурағандықтан өңі өзгергені жаныма батқанын жасырып қайтейін. Сол кезде жылыжай ішіндегі қалыпты деп саналатын +5-6° градус температураны ұстап тұрдық. Одан кейін +22-25° градусқа дейін жылыттық. Негізі жылыжайдағы топырақтың құнарлылығын айтпағанда, жер +14° градустан, ылғалдылығы 50 пайыздан кем болмауы керек. Қызғалдақ қараңғыны жақсы көреді. Егер оған күн сәулесінен бөлек, яғни басқа жарық түссе, бойы қысқа күйде гүл ашып жібереді. Сондықтан біз үнемі жылыжайды жарықтан көлегейлеп отыру арқылы осы күнге жеттік, – деді гүл өсіруші бағбан. Лалагүлдер тұқымына жататын пиязтамырлы гүлдер негізі бес күнде бір суарылады. Қызғалдақтар алғашында бойы кішкентай болғанымен 20 күннен кейін 50 сантиметрге жетеді екен. Ақпанның аяғында аядай жылыжайдың іші 15 түрлі түске боялып, маңайды жұпар иіске бөлепті. Оны Досжан отбасымен бірге күн сайын жұлып, саудалау арқылы табысқа кенелген. Қазіргі таңда шамамен 9 миллион теңгеден аса қаржы қалтасына түскен. Бұл кәсіпкердің бұған дейінгі шығындарын жауып, алдағы уақытта жүйелі жоспарларын жүзеге асыруына молынан жетеді. Оның үстіне «Ауыл аманаты» жобасы арқылы мемлекет қолдауына іліксе, екі жылыжайды да «BNK Group» компаниясына салдыруды көздеп отыр. Оның ақысы мемлекет көрсеткен қаржылай қолдау есебінен өтеледі. Нұрым СЫРҒАБАЕВ, Жамбыл ауданы
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар