Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Шынардың шыңы

Шынардың шыңы
ашық дереккөз
Шынардың шыңы
Шынар жас күнінен-ақ аңғарымпаз, зерек, сабырлы болып өсіп, ел аузына ерте ілікті. Тұла бойынан, жүріс-тұрысынан ерекше бір тылсым күштің құдіреті сезіліп тұратын. Бірде Шынардың белі ауырып, төсек тартып жатып қалады. Дәрігерлер аурудан құлантаза айығу үшін кемі 2 жыл керектігін айтады. Осылайша Шынар үшін Тәңірге сыйынып, Алладан медет сұраумен ауыр, азапты күндер басталады. Қуанудан, күлкіден қалады. Бір күні түнде Шынар түс көреді. Түсінде атасы Смағұл: «Сен, неге жатырсың? Тұр орныңнан!» – деп, қолындағы қамшымен жон арқасынан тартып-тартып жібереді. Сол кезде төсек тартып жатқан Шынар жан ұшырып, жатқан орнынан қалай тұрғанын аңғармай қалады. Жан-жағына қараса, айналасында, бөлмеде ешкім жоқ. Өзі тікесінен тұр. Белі жазылып, ауырғаны да білінбейді. Бір пәсте дертінің жазылып кеткеніне сене алар емес. Қуанғаннан «Анашым, әкешім» деп айқайлап жібереді. Түн ортасындағы айқайдан шошып, бөлмеге асыға кірген әке-шешесі аяғынан тік тұрған қыздарын көргенде өз көздеріне өздері сенбейді. Таң-тамаша күйде мән-жайды сұрайды. Шынар болған жағдайды баяндап береді. Сонда әкесі бір сәт үнсіз қалып: «Әкеміздің аруағы қолдап жүр екен. Құран оқытып жібергеніміз дұрыс болар», – деп қызын бауырына басады. Сөйтіп, ертесі күні құрбандық шалып, көрші-қолаңды шақырады. Сонда көршілер де кеше ғана төсек тартып жатқан қыздың бір түнде жазылып кеткеніне сенер-сенбестерін білмей, «Шырағым, дәретпен жүр, намаз оқы» деп тілектерін айтып кетеді. Шынарды қараған дәрігер де мұндай тылсым жағдай тәжірибесінде ешқашан болмағанын айтып, қайран қалады. Шынар Сайлыбайқызы 1980 жылы, 28 ақпан күні Сарысу ауданындағы Түркістан кеңшарында дүниеге келген. Кішкентай кезінде момын, тұйық, ұяңдау болатын. Бірақ жан-жағындағы ортаға бар жан-тәнімен, зер сала, сын көзімен қарайтын. Тапсырылған қандай да жұмысты баяу істегендей көрінгенімен нақты нәтижемен аяқтайтын. Түркістан кеңшарындағы мектептің орыс сыныбында оқуы да Шынардың оң-солын тез тануына көп ықпалын тигізді. Қатарластарымен салыстырғанда Шынардың өмірге, қоғамға деген көзқарасы басқаша болып қалыптасты. Ауылдан түлеп ұшып, Алматы қаласына аттанған Шынар кейін кәсіпкерлік саласына бет бұрды. Өжет қыз кәсіптің көзін тауып, табысқа кенелді. Ешқашан ерінбеді, уақытпен санаспады. Алғашында көк базарда жүріп сауданың қыр-сырымен танысса, кейінірек кәсіпкерліктің басқа салаларына ден қоя бастады. 50 орындық монша салды. Шынар қандай іспен айналысса да қайырымдылық жасауға асығып тұрды. Ай сайын тұрмысы төмен 50 отбасының моншаға тегін түсуіне жағдай жасап, халықтың алғысын, батасын алды. «Жаңбырмен жер, батамен ер көгерер» демекші, елдің алғысының арқасында көгеріп, көктеді, өсіп-өнді. Қайсендей теңін тауып, тұрмыс құрды. Балалы-шағалы болды. Шынар жыл сайын кемінде 100 адамға қайырымдылық жасауды әдетке айналдырған. Тұрмысы төмен отбасыларға материалдық көмек көрсетіп тұруды өзінің борышы санайды. Өткен жылдың өзінде 50 отбасыға көмек көрсетті. Қиналғанға қол ұшын созып, жығылғанның қолтығынан демеуге асығып тұратын қайырымдылық падишасына әрдайым жолың ашық болсын дегіміз келеді. Майлыбай СМАҒҰЛОВ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар