Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Әке арманын орындаған әнші

Әке арманын орындаған әнші
Ашық дереккөз
Ән көгіне өрмелеген қазақтың Мәдина есімді үш қызын білемін. Жүректері де нәзік, сезімдері де мейірімге толы, әндерін тыңдасаң өзге бір тұңғиық әлемге еніп кеткендей әсерде боласың. Осындайда Ұлықбек Есдәулеттің мына бір өлең жолдары еріксіз еске түседі:

 Әсіресе әжемнің көзі нұрлы, Демде ұйытып әкетер сезіміңді. Шүйке бүккен аялы алақаны, Себетіндей ақ сүттей мейірімді, – дегені. Кісі жанына «қалам төндіре үңілу» деген осы шығар, сірә. Марк Твен: «Мейірімді жақсы сөзден екі ай азық аламын», – деген екен. Сол айтпақшы, марқұм Мәдина Ералиеваның сыбызғы тіліндей нәзік даусы құлақ құрышында әлі тұр. Мәдина Садуақасованың таң шығындай таза әнін естігенде талайдың ұйқысы шайдай ашылатынына күмән келтірмесеңіз де болады. Ал менің сөз еткелі отырған кейіпкерім – Мәдина Сағынбекова. Жезтаңдай, күміс көмей әншіге арнап шығарған бір шумақ қара өлеңім де бар: Әннің бар ерке, естісі, Тыңдаса ұйып көп кісі. Мәдина айтса сол әнді, Тұнады Каспи, Ертісі... Мәдинаның «Ақ қанат көбелек» әнін тыңдағанда осындай керемет әсерде боласың.

Мәдинаның әкесі Жақсылық ағаны жақсы білуші едім. Амангелдіде (Талас ауданы) жан жары екеуі шәкірттерге дәріс беретін. Ол кісі «Бес там», Амангелді ауылдарындағы орта мектептің директоры да болды.Бірақ өмірден ерте озды. Ұл-қыздарының бәрі өнерге құштар еді. Құрмашы (Құрманғазы), Ерғазысы мен Нұрғазы, Берікқазы, тегі Сәуледен өзгесі түгел домбыра тартып, ән айтады. Бегімгүл жеңгей бастауыштағы шәкірттерге дәріс берді. Ерлі-зайыпты екеуі бес ұл, бес қыз өсіріп, тәрбиеледі. Осындай ұлағатты ұстаздар әулетінде өскен соң үйелмендегі ұл-қыздар біріне-бірі бауырмал, өнер, білім десе ішкен асын жерге қоятын ұрпақ болып, өмірге жолдама алды. Бәрінен де әкенің осы әнші қызына деген ықыласы зор еді. «Мәдина қызымнан атақты әнші шығады» деп отыратын. Амангелді (қазіргі Тамабек) ауылында Жақаңнан тәлім алған, кейін елге танымал болған шәкірттері де баршылық. Лирик ақын Серік Томанов, атақты Нарша Қашағанов, айтыскер ақын Шорабек Айдаров, көсемсөзші қаламгер Көсемәлі Сәттібайұлы бәріне де Жақсылық ағаның шарапаты тиді. Мәдинаның әкесі Жақсылық Сағынбеков Қазақстан Республикасы Білім беру саласының үздігі болса, Бегімгүл жеңгей «Батыр ана» еді. Қазір олардың екеуі де ортамызда жоқ. Жақсылық аға 2004 жылы 64 жасында, ал оның жан жары Бегімгүл 70 жасында дүниеден озды. Мәдина 2000 жылы өзі сияқты өнер қонған Құланның «қоңыр құлжасы» деген атқа лайық Айдар есімді жігітке тұрмысқа шықты. Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангер, шахматшы Тұрғамбек Оспанов пен Жақсылық ұстаз құда болып, Қазақ ауылында екі жастың тойын өткізді. Жарық дүниеге Ерасыл есімді немересі келгенде екі құда да қуаныштары қойындарына сыймай шаттанды. Бірақ сол көз қуаныштары көпке бармады... Келін-баласы Тараздағы Президент саябағы жанынан жаңа пәтер алғанда қарияның сонау жетінші әлде сегізінші қабатқа балдағына сүйеніп жаяу шыққаны әлі есімде. Бірақ бұл қуанышты күнді Жақсылық құдасы көре алмай кетті. Сол жылдары осы шағын ауданда Шер ағам (Шерхан Мұртаза) қарсы беттегі көпқабатты үйде тұрушы еді.

Тұрғамбек ата ол кісімен шүйіркелесе кететін. Бірде халық жазушысы: «Ақсақал оттан, судан өткен жауынгерсіз. Не арманыңыз бар?» деп сұрамай ма?. Сонда майдангер: «Е-е-е, арман дейсің бе, ол шіркін қара жерге кіргенше артыңнан қалмайды ғой. Шәке, өзің де білесің, адамның айтқаны болмайды, бәрі де Алланың қалауымен болады», – деп, терең күрсінеді. Мәдина мен Айдардың қазір өрімдей үш қызы өсіп келеді. Ал Мәдина әкесінің арманын орындады. Орта мектепті тәмамдап, Тараздағы музыка және өнер көлледжі мен университетте оқып, бүкіл саналы ғұмырын әнге арнады. Алғаш Қаратауда мұғалім, одан соң Құландағы мәдениет үйінде әнші болды. 2001 жылдан бері Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының белді әртісі болып еңбек етіп келеді. Осы Қаратаудағы Ахмет Байтұрсынов атындағы мектепте музыка пәнінен дәріс беріп жүргенде оны қалалық комсомол комитеті Ашхабад қаласында өтетін студенттердің бүкілдүниежүзілік фестиваліне шақырды. Оған дейін Алматыдағы «Жас қанат», қалалық Шәмші Қалдаяқов атындағы және «Үкілі үміт» байқауларына қатысып, лауреат атанған Мәдина ештеңеден жүрексінбеді. Қайта жігеріне жігер қосып, өзінің орындап жүрген халық әндерінің репертуарына эстрада жанрында жазылған жергілікті сазгерлердің де шығармаларын жанына жалау етіп, көпұлтты Одақ сахнасына қаймықпай шықты. Бұл кезде Мәдина өнер өлкесінен өзінің орнын тауып алған. Сахнада жүргеніне сегіз жыл толғанда Мәдина Жақсылыққызы өзінің өнердегі жан құрбысы Айгүл Иманбаеваның дем беруімен қаладағы «Баласағұн» сарайында «Ұнатамын мен сені» атты өзінің жеке шығармашылығына арналған концертін қойды.

Мәдинаның орындауындағы Табылды Досымовтың осы әнінің табиғаты бөлек, тұмаша тұнық сезімге толы шығарма екенін өнер адамдары да аузынан тастамай айтып жүретін. Оның үстіне осы әнді Мәдинаның өзі орындаса ерекше естілетін, тыңдаушысының жүрек қылын тербететін. М.Сағынбекованың 2013 жылы өткізген «Гүл сыйлашы маған» атты ән кеші де көрермен көңілінен шығып, жас әншіге қанат бітірді. Дарынды да талантты әншінің осы ән атауын алған екі ән жинағы жарыққа шығып, күйтаспасының тұсауы кесілді. Сахнада жүргеніне 14 жыл болғанда филармония саңлағы Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Арада тағы төрт жыл өткенде омырауына «Мәдениет саласының үздігі» және «Қазақ өнерінің қайраткері» деген төсбелгілер тағып, мерейі үстем болды. Оның орындауындағы «Ақ қанат көбелек», «Аппақ қар», «Ұнатамын мен сені», «Ақ қар» әндеріне бейнебаян түсіріліп, енді олар «Facebook», «Instagram» желілерінде «онлайн-концерт» болып көрерменге жол тартты. Жезтаңдай әнші домбыра да, гитара да тартады.

Оған қосылып ән де айтады, ән де шығарады. Міне, Мәдинаның өнер саласында жүргеніне биыл ширек ғасыр болады. Ол аудан-ауданды, елді мекендерді аралап, халық алдына шығады, мәдени-көпшілік шаралардан қалмайды. 2021 жылдың 1 қыркүйегінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауын насихаттауға белсене қатысты. 22-24 қыркүйекте Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ұйытқы болуымен және «Отандастар» қорының қолдауымен Түркияның Стамбул қаласында болып, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының кіші құрылтайы аясында Бағжылар аудандық мәдени орталығында «Жемал Решид Рей» концерт залында өткен гала концертке қатысып қайтты.

Мәдина осы сапардан кейін Қырғыз Республикасының Бішкек шаһарында болып, ондағы ресми іс-шараға да қатысты. Ол телебағдарламаларға да жиі қонақ болып тұрады. Жақында республикалық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері кәсіподағы оны «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапаттады. Мәдина Жақсылыққызын дәстүрлі әндерді дәріптеу мақсатында өтіп жүрген байқауларға қазы етіп те шақырады. Ол шақырған жерден қалмайды. Жақында «Жамбыл» телеарнасына Кенен Әзірбаев филармониясының 55 жылдығына орай сұхбат та берді. Шіркін, «бәрін айт та, бірін айт» осының бәрін Жақсылық аға көргенде ғой. Өз қызының әке өсиетін орындағанына көзі жетер еді. Дегенмен Мәдинаның үйінде үш қарлығашы, яғни үш қызы бар. Жан жары Айдар да әскери қызметтен босаған кезде Мәдинамен бірге барып, көпшілік ортада ән айтқанды жақсы көреді. Айдар баянда, Мәдинасымен қосылып дуэтпен ән шырқайды. Өйткені бұл шаңыраққа өнер қонған.

Сейсен Қожеке, журналист,

Тараз қаласы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар