ЕМХАНАЛАРДАҒЫ КЕЗЕК МӘСЕЛЕСІ ӘЛІ ДЕ ӨЗЕКТІ
Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков шаһардағы бірқатар емхананы аралап, жұмысымен танысты.
Алдымен қала әкімі №9 қалалық емханаға ат басын бұрды. Аталған мекеме бүгінгі күні 33 497 тұрғынға қызмет көрсетуде. Оның 12 987-сі – балалар. Емхана меңгерушісі Гүлжахан Рәпілбекованың айтуынша, нысан 93 пайыз медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталған. Сондай-ақ бір ауысымда 500-ге жуық адамды қабылдауға мүмкіндігі жетеді.
Қала әкімі емханадағы кезек мәселесін ретке келтіруді баса айтты.
– Мемлекет тарапынан денсаулық сақтау саласына айрықша мән берілуде. Бұл тұрғыда емханаларға зор жауапкершілік жүктеліп отыр. Бүгінде емдеу мекемелеріндегі ең басты мәселе – кезек күту. Тұрғындар да кезектің тым ұзаққа созылуына жиі шағымданады. Ең әуелі, бұл емхананың беделіне нұқсан келтіріп, тұрғындар сенімі азаяды. Сондықтан қағазбастылық, келушілердің кезекте ұзақ бөгелуі сынды өзекті мәселелерді ретке келтіруіміз қажет, – деген Бақытжан Әмірбекұлы емхананың емдеу бөлмелерін аралап, тұрғындармен тілдесті.
Қазіргі таңда емханада алғашқы медициналық-санитарлық, дәрігерге дейінгі, кәсіби дәрігерлік, арнайы мамандандырылған медициналық, консультативті диагностикалық кеңес, оңалту, күндізгі стационар, 4 санатты шұғыл медициналық, әлеуметтік-психологиялық көмек, акушерлік-гинекологиялық көмек бойынша қызмет көрсетілуде.
Келесі кезекте қала әкімі «Almaz Medical Group» медициналық орталығына барды. Орталық 69 061 тұрғынға қызмет көрсетіп отыр. Емхана келушілері алғашқы медициналық-санитарлық, консультативті диагностикалық кеңес, стационарлық көмек түрлерімен қамтамасыз етілген. Ауысымына 1 200-ден астам адамды қабылдайтын орталық заманауи медициналық құрылғылармен толығымен қамтамасыз етілген. Дегенмен мұнда екпе егу жұмыстары тым баяу жүруде.
– Бұл орталық екпе салу бойынша қаладағы ең төмен көрсеткішті көрсетіп отыр. Демек, бұл тұрғындарға түсіндіру жұмыстарының дұрыс жүргізілмей жатқанын білдіреді. Ең алдымен, екпе тұрғындардың өзінің денсаулығы үшін маңызды. Емхана қызметкерлері осыны әрбір келушіге түсіндіруі қажет. Сонымен қатар әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналарын төлеу бойынша да насихат жұмыстары үздіксіз жүргізілуге тиіс, – деген шаһар басшысы орталық ішін аралап, емделушілермен әңгімелесті.
Тараз қаласы әкімдігінің
медиа орталығы
Келесі мақала