Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Балалар бейпілауыз болып барады

Балалар бейпілауыз болып барады
ашық дереккөз
Балалар бейпілауыз болып барады
Қазір үлкен де, кіші де бір-бірін сыпыра балағаттаудың шебері болып алған. Бұл кесел қазаққа қайдан келді, қалай жабысты, ол жағы белгісіз. Тіпті қазір кейбір қыз-келіншектер де әке-шешеден тартып жіберіп, еш қымсынбай отыра береді. Екі сөзінің біріне боқтық сөз қосып сөйлемесе көңілі көншімейтін ер адамдар да көп. Көшеде, қоғамдық орындарда оқушылардың әңгімелеріне құлақ түрсеңіз, екі сөзінің бірі анайы. Үйіңіздің ауласына шықсаңыз да осындай жайтқа куә боласыз. Бір-бірін сыпыра боқтап жатқан қаршадай жүгермектерге назарыңыз бірден ауады. «Ұят болады» деген бір ауыз сөзден ұлағат алады деген қазақ халқының бүгінгі ұрпақтары бейпіл сөздерді бейберекет айтқанымен қоймай, үлкендерден именуді де білмейді. Ересегі кішісінен, кішісі ересегінен асыра боқтап жүргені. Үлкендерді көріп «тыйылайын» деген ниеттің нышаны бойларынан байқалмайды. Әдепсіздіктерін тоқтатайын деп ишара білдірсең, «Сіздің не шаруаңыз бар?» деп өзіңді сыбап жіберуге дайын тұрады. Аузынан ана сүті кеппеген уыздай өрендерден боқтық естіп қалуға жүрексінеді екенсің. «Балама ұрсатын сен кімсің? Оларды жөнге салатын, қоғамды түзейтін сен емес» деп баласының сөзін сөйлеп шығатын ата-ана да жетерлік. Әлеуметтік желіден де бейпіл сөздің неше атасын кездестіруге болады. Расында, қазіргі таңда еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін телефонға телміріп отыр. Әлеуметтік желіде де айтыс-тартыстың көрігін қыздырып жүргендер баршылық. Кейде пікір оқуға ұяласыз. Бейәдеп сөздің түр-түрін оқығанда шошып түсесіз. Ешкім тоқтау салмаса, мұның арты орны толмас қателікке душар етері анық. Осыдан біраз уақыт бұрын әлеуметтік желіде тоғыз жас шамасындағы баланың былапыт сөзді әнге айналдырып, бесіктегі нәрестені тербетіп отырған видеосы тарады. Есті жанның ол іске оң қабақ танытпасы белгілі. «Бесіктегі сәбиге обал, ал сен шешек оңал» дейтін ар жағында ата-ана болса, шіркін! Желіде осы сынды таралған видеоның бірі 6 жастағы баланың жеңгесі екеуінің арасында болған әңгімесі. Қалжыңдап ойнаған жеңгесінің әзіліне ашуланған бала боқтық сөзді қарша боратады. Бір көрген көзге күлкілі көрінгенімен сөз төркінінен тәрбиесіздік көрініс беріп, көргенсіздік сығалап тұрғанын аңғарғанымыз жөн. Енді бірде осы желіде кішкентай баланың әкесіне жолдаған дыбыстық хабарламасы тарады. «Әке, жұмыстан тез келші. Мамам маған айран бермей жатыр. Айтшы, айран берсін», – деп әңгімесін бастаған бүлдіршін әлгі жазбада анасының дымын қалдырмай боқтап тастағанын қалай ақтауға болады? Желіде осы секілді видеолар толып жүр. Ұстазын балағаттаған оқушы, шәкіртіне дөрекілік танытқан мұғалім, сатушы мен тұтынушы арасындағы анайы сөздерге құрылған диалогтан көз сүрінеді. Мұның бәрі отбасында берілген тәрбиеге және өскен ортасына байланысты шығар деген ойға қаласың. Себебі шаңырағында мүлде анайы сөздер айтылмаса да бала мектепте жүріп естуі мүмкін. Осы күні баласына боқтап сөйлейтіндерді жиі кездестіріп жүрміз. Бірде таныс ағамыздың үйінде қонақта болдық. Мектеп жасындағы ұлы бар. Бірақ сол баласының бір ісі ұнамай қалса керек, шешесінен боқтап, ақысын солай алды. Көрген көзге де, естіген құлаққа да ерсі. Ал енді қараңыз, бұл қандай тәрбие? Негізі қоғамда баласына боқтап сөйлейтін немесе баласының көзінше боқтық сөзді көп айтатын отбасылар бары өкінішті… Осыдан кейін «Боқтап сөйлейтін ұл-қыздар қайдан шықты?» деп таңғалып жатудың өзі артық. Баласы әдепсіз сөз айтса мәз болып, қызық көріп, «жарайсың» деп мақтап қоятын ата-аналар қаншама? Тіпті баласын қайта-қайта боқтатып қойып, оны әлеуметтік желіге жүктейтіндер де жетерлік. «Балаңызды академиктердің жанында өсірсеңіз де ол мүлде әдепсіз сөз айтпайды» деген адам сенерлік ұғым емес. Неге? Бір қоғамда өмір сүргендіктен ол міндетті түрде айналадағы адамдарды көріп өседі. Психологтардың айтуынша, былапыт сөздерден қашып құтылу мүмкін емес. Десе де баланың боқтампаз болуы ата-анаға, ортасына тікелей байланысты. Сондай-ақ ата-аналар арасында баланы кішкентай кезінен былапыт сөздерге үйретсе, тілі тез шығады деген теріс пікір қалыптасқан. Осы қаншалықты дұрыс немесе бұрыс? Жиырма екі жылдық тәжірибесі бар психолог, зейнеткер Тәттігүл Әбілқасымованың айтуынша, баланың көзінше боқтап сөйлеу оның психологиясына тікелей әсер етіп, санасына тез сіңеді екен. – Жаман сөздер баланың дағдысына айналып кетпеуі керек. Дағды қалыптасса, біз әдетте барлығын автоматты түрде істейміз. Мысалы, баланы кішкентайынан тазалыққа, әдептілікке үйретсек, уақыт өте ол машықтанады, үнемі таза жүруге тырысады. Мұнда да сол сияқты. Проблема әдетке айналған жағдайда баланың аузынан қайткен күнде де бұл сөздер шығып кетеді, – дейді Тәттігүл Әріпханқызы. Мәселенің шешу жолы сонау ерте жастан басталады. Психолог баланың түпкі санасында кішкентайынан айтылған сөздердің барлығы қалып қоятынына сенімді. – Жаңа туған нәресте таза парақ секілді. Біз оған не жазсақ, бала да дәл солай әрекет етеді. Сол үшін таза парақты біз тек дұрыс жағынан толтыруымыз керек. Адам баласы негізінен ашуға булығып тұрғанда былапыт сөздер айтып ішін босатады немесе кейбіреуінде бұл сөзге міндетті түрде боқтық сөз жалғанатын қосымша іспеттес болып кеткен. Оған қоғамда болып жатқан оқиғалар әсер етеді. Алайда қандай жағдай болса да баланың көзінше боқтық сөз айтпауға тырысу керек, – дейді психолог. Балалардың бейпілауыз болып кеткеніне соңғы уақытта жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткен веб-сериалдар мен фильмдердің көп ықпалы тиіп жатқанын айта кетуіміз керек. Оның үстіне қазір екінің бірі – кинорежиссер. Жайдарманшының да, вайнер мен блогердің де түсіріп жатқан телехикая, веб-сериалдары елге таптырмас алданыш болып тұр. Алғашында соның кейбіріндегі былапыт сөздер құлаққа түрпідей тиетін. Ақырындап етіміз үйреніп барады. «Өмірдегі шындық» десек те, бұл – үлкен трагедия. Өйткені бала-шаға түгел интернетте отыр. Олар боқтағанымен қоймай не қазақша емес, не орысша емес, түсініксіз тілдерімен ана тілімізді де шұбарлап бітті. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессоры, филология ғылымының докторы Сәмен Құлбарақтың да аталған мәселе турасында айтар ойы бар. – Қазақы отбасында өстім. Үлкен кісілердің арасында жүрдік. Өскен ауылымда боғауыз сөз естіп көрмеппін. Бірақ әр ауылда бір бейпілауыз адам болады. Кейін мектеп тәмамдап, үлкен қалаға оқуға келгенде де қоғамдық орындарда балағат сөз естімедім. Кезінде үлкен кісілер кішкентай балаға «иттің күшігі» деп жақсы көріп айтатын. Оның өзін айтудың тәсілі бар. Сыздықтатып, нәзік қана жеткізген. Жалпы қарғыс сөз де, алғыс сөз де өмірден алынған. Ол – энергия әрбірден соң. Сондықтан бейпіл сөзді бұрынғылар байқап айтатын болған. Халық қарғыстың салмағын білген, бір рет естігеннен кейін екінші рет естімеуге тырысқан. Былайша айтқанда, қарғыстан қорыққан. Сөздің салмағын білмейтініміз соншалық, біреуді жамандау үшін газетке көлдей мақала жазатындар бар. Халқымызда ұнатпаған адамын бір сөзбен ғана түйреп өтетін жақсы қасиет болған. Мысалы, «жегенің желкеңнен шықсын» дейді. Мұндай сөзді бір рет естіген адам екінші рет естігісі келмейді. Қазір сөзден қадір кетті. Қарғысты да, ақ қарғысты да ойлап жатқан ешкім жоқ, – дейді ғалым. Негізінде елімізде боқтық сөз айтқандарды жауапкершілікке тартатын арнайы заң бар. Аталған заңда нақты қандай жауапкершілік қарастырылғаны туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлсара Мұхтарқұлова айтып берді. – Жасы 16-дан асқан кәмелетке толмаған жасөспірім қоғамдық орындарда былапыт сөйлесе, оған ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 434-бабы бойынша шара қолданылып, процессуалдық шешім қабылдау үшін материал сотқа жіберіледі. Бұл бап бойынша 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл немесе 5-30 тәулікке қамауға алу түріндегі жаза қарастырылған. Ал баланың жасы 14-16 аралығында болса, заңды өкіліне ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 435-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылады. Бұл жолы да іс сотқа жолданады, – деді Г.Мұхтарқұлова. Бірде балабақшаға баратын бес жасар інім «ауыр сөзбен» сыбап жіберді. Не айтарымды білмей састым да қалдым. Ағам мен жеңгеме айтсам, «біздің үйде ондай сөздер айтылмайды, бәлкім, балабақшадан үйреніп келгені болар» деді де баласына екінші ондай сөзді айтуға болмайтыны жөнінде тәрбиелік жұмыстар жүргізді. Заман қандай болса да оны қалыптастыратын адам болып қала бермек. Жалғанның өлшеулі уақытын жақсы адамдармен, жылы сөзбен әспеттеп өткізсек, нағыз бақыт сол емес пе?! Сондықтан балаңыздың бойынан осы бір жаман қасиетті байқасаңыз, тілін қызықтап айтқызып отырмай, біржола тыйым салғаныңыз абзал.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар