Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жүректегі мейірім деп ұғайық

Жүректегі 
мейірім деп ұғайық
ашық дереккөз
Қазақстан халқы 2016 жылдан бері 1 наурызды Алғыс айту күні ретінде атап өтіп келеді. Ұлт пен ұлыстың басын біріктіріп, мұраты мен мақсатын бір арнаға тоғыстырған тәуелсіз еліміз үшін айтулы мереке адамгершілік қарым-қатынастың өнегелі өлшеміне айналып үлгерді.

Жалпы түрлі тарихи оқиғаларға байланысты арқардай ауған талай ұлт өкілдері арқасын бізге келіп тіреп, торғайдай тозған талай ел ұясын бізден тапқаны тарихи шындық. Осы тұрғыдан қарағанда, кейбіреулер Алғыс айту күнінің шығу тарихына байланысты түрлі пікірлер айтып жатады. Бірақ қалай болмасын 1 наурызды саяси астары бар мереке ретінде қарастыруға мүлде болмайды. Өйткені алғыс айта білудің өзі адамгершілік пен ізгіліктің алғышарты.Иә, кезінде тағдырдың түрлі тауқыметімен жер аударылғандар болды. Одан кейін де зобалаң жылдардың қанды қылышынан бас сауғалап елімізді пана тұтып келген жандар бүгінде бір рулы елге айналды. Алғыс айту күні, міне, сондай халықтардың көкейіндегі бір ризашылықтың белгісін көрсететін күн болғанымен, шын мәнінде, ол бәрімізге ортақ құндылыққа айналуы тиіс. Сондықтан да мерекенің арғы астарында белгілі бір топқа немесе ұлтқа бағытталған ешқандай да саясат жоқ. Жоғарыда айтқанымыздай, бұл айтулы мереке халықтар достастығын нығайтады, бір-бірімізді адамзаттық деңгейде сыйлауымызға, жақсы көруімізге мүмкіндік береді.

Дегенмен дүниеде алғыс айтудың неше түрі бар. Өзінің өзгеге деген ризашылық сезімін қандай сөзбен жеткізсе де әркім өзі шешеді. Біреулер ата-анасына алғыс айтса, біреулер бала-шағасына, енді біреулер көршісіне, ал біреулер Отанына алғыс айтып жатады. Сол себепті де алғыс айту дәстүрі адам мен адамның арасындағы байланысты нығайтпаса кемітпейтін, қоғамда мейірімділікті оятатын, адамгершілікті қалыптастыратын қасиет. Дейтұрғанмен бұл қазақ қоғамында бұрыннан бар. Өйткені біздің халық баласының құлағына «Қарғыс алма, алғыс ал, қарғыс алған қан құсар» деген сияқты өсиетті сіңіріп өсіреді. Мұндай тәрбиені көрген балалары да үлкендердің алғысы мен ақ батасын алу үшін барын салатын болған.Міне, сол алғыс арқылы өзінің жүрегіндегі жылы мейірімді біреуге сөз арқылы жеткізіп отырған.Оның үстіне қазақ халқының алғыс айтқандағы сөздерінің өзі де тәрбие мен мағынаға толы. Мысалы, үлкендер жастарға «тұқымың өскір», «тұқымың жайылғыр» деп алғыс білдіріп жатса, енді бірде «өркенің өскір», «көп жасағыр» деген сияқты сөздермен өз ризашылықтарын бейнелейді. 

Иә, ғасырлар бойы «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп келген қазақ халқының амандық-саулық сұрасқанының өзінде үлкен мәдениет жатады. Қарап тұрсаңыз, қарапайым ғана сәлемдесуінің өзінде бір-біріне алғыс айтып тұрғандай сезіледі. Бұл да бір біздің атадан балаға жалғасып келе жатқан ізгі дәстүріміздің жүлгесі деуге болады.Сөздің киесін қадір тұтқан халқымыз алғыс ретінде айтылған сөздің адам тағдырына әсер ететіндігіне де сенген. Ол туралы қазақ халқында түрлі аңыз бар. Ертеде бір кісіге Алла Тағала 20 жыл ғұмыр сүруді бұйырады. Әлгі кісі «Бәрібір 20 жыл өмір сүремін, аз ғұмырымда барлық елдің ықыласына бөленіп, алғысын алып кетейін» деп ойлайды да барлық адамға жақсылық жасайды. Жақсылығын көргендер «жасың ұзақ болсын» деген сияқты тілектер айтып, алғыстарын жаудырады. Сонымен не керек, әлгі адам 20 жасында өлмейді. Таңғалған пақыр Алла Тағаладан не себеп болғанын сұрайды. Сол кезде Жаратушы оған: «Иә, саған берілген тағдыр әу баста солай болған. Алайда көп елдің батасы мен сөзі тиіп, сенің жасыңа тағы да 80 жас қосылды», деген екен. Әрине, бұл – аңыз. Бірақ астарында қаншама үлгі-өнеге жатыр. Шынын айтқанда, адамдардан алғыс алудың пайдасы зор екенін ұғындырып тұр. 

Айналып келгенде жер бетінің тыныштығын сақтайтын ол адамдардың бір-біріне деген мейірімі болса керек. Біздің діни көзқарастарымыз бен ұлттық ұстанымдарымыз бір-бірімізге ұқсамағанымен адам ретінде бәрімізде бір жүрек бар. Бұл туралы аса талантты қазақтың заңғар ақыны Мұхтар Шахановтың мына бір жыр үзінділерінде дөп басып айтылғандай.

«О бастан-ақ Мен Сен болғам,
Сен, әрине, Мен едің,
Екеуміз қос желкені едік достық атты кеменің.
Келер таңға қиял жалғап, сыр толғасып кей күн біз,
Шын досы жоқ адамдарды аяу керек дейтінбіз.
Адал достық құдіретін ешбір сезім бөгемес,
Тіпті көзсіз махаббаттан оның даңқы кем емес.
Тірліктегі менің әрбір өрісім мен жеңісім,
Ең негізгі қуаныш боп есептелді сен үшін.
Қалжыраған сәттерімде қайғы-мұңмен қағысып,
Пейіліңді қанат етіп,сен жетуші ең ап ұшып.
Енді бейнең алыс тартты қалың тұман ішінде,
Еш айырма болмап еді сөзің менен ісіңде.
Зор пенделік тарту күшін жеңе алғаның үшін де,
Саф адалдық ауасымен дем алғаның үшін де,
Маған шексіз және шетсіздене алғаның үшін де,
Алғыс айтып өтем саған өңім түгіл, түсімде», дейді. 

Міне, дүниедегі ең ыстық мейірімнің де, ең тәтті махаббаттың да, ең берік достықтың да һәм ең шынайы алғыстың да салмағы мен өлшемі ақынның алып жүрегінде жатса керек. Сондықтан да алғысты ауыздағы сөз деп емес, жүректегі мейірім, көңілдегі тазалық деп ұғынғанымыз абзал.

Шапағат ӘБДІР

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар