Табиғи монополиялар субьектілерін цифрландыру қандай деңгейде?
- author AR-AY
- 26 ақпан, 2024
- 250
«Үкімет, ең алдымен, биыл апатты жағдайдағы 19 жылу орталығын жаңғырту жұмыстарын аяқтауға тиіс. Сонымен қатар қуаты 700 мегаваттан асатын қосымша қуат көзімен қамтамасыз ету керек. Белгіленген мерзімді шегеруге болмайды. Жалпы еліміз электр, жылу, су өндіру және жеткізу қуатының тапшылығын сезініп отырғаны жасырын емес», деген Президент Үкіметке елдің коммуналдық-энергетикалық инфрақұрылым нысандарын қайта қалпына келтіріп, дамыту үшін нақты кешенді шаралар әзірлеуді тапсырды. Жалпы Энергетика министрлігінің дерегінше, республикада жылу желілері мен жабдықтардың орташа тозу көрсеткіші 66 пайызды құрайды, кейбір нысандарда 90 пайызға жетеді. Яғни алдағы уақытта жылу желілерін реконструкциялау бойынша атқарылуы тиіс жұмыс көлемі ауқымды.
Әрине, бұған дейін мүлдем жұмыс істелмеді дей алмаймыз. Жыл сайын бюджеттен миллиардтаған қаржы бөлініп, халықтың арқасына аяздай батқан мәселені шешу бағытында әрекет жасалып-ақ жатыр. Бірақ «баяғы жартас – сол жартас». Жауаптылардың жұмысына салғырт қарап, жауырды жаба тоқып, жасырып-жапқанының салдарынан ахуал оңалудың орнына, керісінше, жыл санап кері кетіп барады. Президент жанындағы ҚСЗИ Жаһандық экономика және тұрақты даму бөлімінің бас сарапшысы Бауыржан Өмірзақовтың айтуынша, жылдар бойы жинақталған мәселелерді шешу, инфрақұрылымды қалпына келтіру, дамыту бағытында атқарылуы тиіс ауқымды жұмыстың бірі – цифрландыру. Инфрақұрылымның жай-күйін толық бағдарлау үшін жылумен жабдықтау жүйелеріне толыққанды техникалық аудит жүргізу және саланың барлық үдерістерін одан әрі цифрландыру қажет.
Бұл шаралар энергетикалық объектілер мен ТКШ объектілері қызметінің ашықтығын қамтамасыз етеді. Оған қоса халық үшін ресурстар көлемінің қажеттілік деңгейін айқындауға ықпал ететін мониторинг жүйесін құруға сеп болады. Осы орайда елімізде саланы цифрландыру бойынша жұмыстар бірнеше жыл бұрын басталғанын айта кеткен жөн. 2018 жылы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің қызметтерін «Монополист» базасының жаңа сервистік бағдарламалық өнімі (Табиғи, мемлекеттік монополиялар және қоғамдық маңызы бар нарықтар субъектілерінің ақпарат, хабарламалар және есептіліктерінің электрондық дерекқоры) арқылы автоматтандыру қолға алынды. База жыл санап жетілдіріліп, дамып келеді.
Нәтижесінде 2023 жылдың қыркүйегінде «Монополист» деректер базасының жаңартылған нұсқасы коммерциялық пайдалануға берілді. Оған дейін табиғи монополиялар субъектілерінен және әлеуметтік маңызы бар нарықтардан өтініштер мен есептер растайтын құжаттар қоса тіркеліп, PDF форматында сканерленген құжат түрінде деректер базасына жіберіліп келген. Жаңартылған нұсқада монополист субъектілердің тарифтік сметалары мен инвестициялық бағдарламалары туралы деректер цифрлық форматта жүйеде болады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес табиғи монополия субъектілерін цифрландыру бойынша облысымызда да кешенді жұмыстар атқарылуда. Облыс әкімдігі цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Руслан Нокрабековтің айтуынша, табиғи монополия субъектілерін цифрландыру алда тұрған маңызды міндеттердің бірі.
– Цифрлық технологиялар басқармасының өткен жылы жүзеге асырған ірі жобаларының бірі – табиғи монополия субъектілерінің қызметтерін цифрландыру. «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы шеңберінде және «Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес табиғи монополия субъектілерінің халыққа және бизнеске ұсынатын цифрлық қызметтерін цифрландыру мақсатында облыстың өңірлік геоақпараттық жүйесі алаңында «Тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық» модулін енгізу арқылы Тараз қаласы бойынша табиғи монополия субъектілерінің қызметтерін цифрландыру жоспарланған болатын. 2023 жылы цифрлық технологиялар басқармасы «Казгиса» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және табиғи монополия субъектілерімен бірлесе Тараз қаласының 6 табиғи монополия субъектісінің 15 қызметін цифрландыру бойынша жұмыс жүргізіп, өткен жылдың желтоқсан айында жобаны іске қосты.
Табиғи монополия субъектісінің жауапты қызметкерлеріне порталда жеке кабинеттері ашылып, оқыту жұмыстары жүргізілді. Жобаның негізгі міндеті – қызмет көрсету процестерін автоматтандыру арқылы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында қызметтер көрсету сапасын жетілдіру; табиғи монополия субъектілері және Тараз қаласының тұрғындары арасындағы өзара іс-қимылдың сапасын, уақытын және әлеуметтік әсерін арттыру; сыбайлас жемқорлықтың алдын алу. Жоба облыстың өңірлік геоақпараттық жүйесі платформасында әзірленді. «e-jambyl.kz» порталы арқылы қызметтерді онлайн алу мүмкіндігі бар.
Бүгінгі күні табиғи монополия субъектілерінің жылумен қамту, газбен қамту, қатты тұрмыстық қалдықтар шығару бойынша, электр қуатымен, сумен қамту салалары бойынша қызметтері цифрландырылды, – дейді Р.Москауұлы. Биыл да жоспар бойынша табиғи монополия субъектілерін цифрландыру жұмыстары жалғасын табады.
Талғат Нұрханов