 
                                        Халықаралық кеңесші Мехмет Эрдогдуның айтуынша, Қазақстан су шаруашылығы саласында цифрлық технологияларды енгізу бойынша алдынғы қатардан көрінуде. «Қазақстан цифрлық технологияларды енгізуде дұрыс бағытта келе жатыр. Әсіресе, ирригация және суару жүйелерін басқару саласында. Цифрландыру үлкен көлемдегі деректермен жұмыс істеуге және шешім қабылдауға қажетті ақпаратты жинауға мүмкіндік береді. Заманауи технологиялар суды тиімді әрі үнемді пайдалануға жол ашады», – деді ол.
Ал Құрғақ аймақтардағы ауыл шаруашылығын зерттеу жөніндегі халықаралық орталықтың (ICARDA) ғылыми қызметкері Акмаль Акрамхановтың пікірінше, Қазақстан қабылдап жатқан шешімдер елдегі су шаруашылығының одан әрі дамуына жол ашады.
– Қазақстан су шаруашылығы саласын цифрландыру бағытында ауқымды жұмыс жүргізіп жатыр. Маңызды шешімдер қабылданып, бұл бағыттағы тиімді қызметтің негізі қаланды. Цифрландыру үлкен аумақтарды қамтуға, сапалы мониторинг пен өлшеу жүргізуге, сондай-ақ су үнемдеу технологияларын енгізуді ынталандыру тәсілдерін анықтауға мүмкіндік береді, – деді ол.
Астанада өткен ауыл шаруашылығындағы су ресурстарын басқаруды жаңғыртуға арналған өңірлік тренинг осы пікірлердің нақты дәлелі болды. Іс-шараны Су ресурстары және ирригация министрлігі Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымымен (АҚИҰ) бірлесе және Ислам даму банкінің (ИДБ) қолдауымен ұйымдастырды. Тренингтің ашылу рәсіміне Су ресурстары және ирригация вице-министрі Талғат Момышев, Сенаттың Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Әли Бектаев және АҚИҰ Бас директорының орынбасары Хусрав Нозири қатысты.
Шараға ҚР Парламенті Сенатының депутаттары, мәслихаттар мен өңірлік атқарушы органдардың өкілдері, ғылыми ұйымдар, сондай-ақ Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан және Түркия елдерінің делегациялары қатысты. Сонымен қатар халықаралық жетекші ұйымдардың сарапшылары – ICARDA мен Су ресурстарын басқару халықаралық институтының (IWMI) мамандары да өз тәжірибелерімен бөлісті.
Тренинг барысында Түркияның Мемлекеттік гидротехникалық құрылысжайлар басқармасы (DSİ) суару мониторингіне арналған SUTEM цифрлық платформасын таныстырды, ал Өзбекстанның Су ресурстары министрлігі суаруды жоспарлауға арналған SRBISA жүйесін ұсынды. Сонымен қатар «Қазсушар» РМК, Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы және өңірлік әкімдіктер мамандары су бөлу тиімділігін арттыру, спутниктік мониторинг және цифрлық есепке алу саласында өздерінің тәжірибелік шешімдерін ортаға салды.
Талқылаулар қорытындысы бойынша қатысушылар су ресурстарын басқаруда цифрлық технологияларды қолдану аясын кеңейту, өңірлік деректер мен трансшекаралық су пайдаланудағы озық тәжірибелермен алмасу, кадрлық әлеуетті дамыту және мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру сияқты бағыттарды одан әрі ынтымақтастықтың негізгі басымдықтары ретінде белгіледі.
Су ресурстары және ирригация вице-министрі Талғат Момышев атап өткендей, бұл бастамалар Мемлекет басшысы айқындаған стратегиялық басымдықтармен толық үйлеседі.
– Бұл тренинг Мемлекет басшысы айқындаған негізгі стратегиялық басымдықтарды іске асыруға бағытталған. Негізгі назар ирригациялық инфрақұрылымды жаңғыртуға, су ресурстарын басқаруды цифрландыруға және өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға аударылған. Ирригация мен су менеджментін цифрландыру – бұл жай ғана технологиялық үрдіс емес, ауыл шаруашылығы мен экономиканың жалпы тұрақты дамуына бағытталған қажетті қадам, – деді ол.
Қазақстанда су ресурстарын цифрландырудың нақты нәтижелері де байқала бастады. 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап суармалы су беру бойынша «Қазсушар» РМК мен су пайдаланушылар арасындағы барлық келісімшарттар тек онлайн форматта жасалатын болады. Бұл шара судың «көлеңкелі нарығына» тосқауыл қоюға және су ресурстарын бөлудегі ашықтықты қамтамасыз етуге бағытталған.
Қазіргі уақытта Су ресурстары және ирригация министрлігі өтінім қабылдау, келісімшарт жасау және төлем жүргізу үдерістерін автоматтандыруға арналған арнайы биллинг жүйесін әзірлеуде. Министрліктің мәліметінше, жүйе биыл қараша айында пилоттық режимде іске қосылмақ. Жаңа жүйе толық іске қосылған соң, су пайдаланушылармен барлық келісімшарттар электронды түрде рәсімделеді, ал төлемдер екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы жүргізіледі.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов атап өткендей, бұл жаңашылдық су есептілігін нақтылауға, ресурстарды тиімді бөлуге және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді.
– Келесі жылдан бастап барлық келісімшарт электронды форматта рәсімделуі керек. Бұл талап шаруа қожалықтарына, өндірістік кәсіпорындар мен басқа да су пайдаланушыларға бірдей қолданылады. Төлем де тек қана электронды түрде жүргізілуі керек. Бұл бөлінген су ресурстарының ашықтығы мен нақты есебін қамтамасыз ету үшін қажет. Бұрынғы келісімшарттарды да жүйеге енгізу қажет», – деді министр.
Халықаралық сарапшылардың пікірінше, Қазақстан су ресурстарын басқаруда цифрлық шешімдерді белсенді енгізу арқылы өңірдегі экологиялық қауіпсіздік пен азық-түлік тұрақтылығын қамтамасыз етуде маңызды қадам жасап отыр. Су – стратегиялық ресурс, ал оны тиімді басқару елдің болашағы мен экономикалық дамуының негізі.
А. ӨЗБЕКОВА






