Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Жайлы мектептер» қатары артуда

«Жайлы мектептер» қатары артуда
Ашық дереккөз
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында еліміздің сыртқы және ішкі саяси тұрақтылығын сақтау үшін заманауи білім, ғылым мен технологияны дамыту басты орында екенін айтқан болатын. Осыған орай елімізде «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы әзірленді. Аталған жоба аясында облысымызда да қала мен ауыл мектептеріндегі білім сапасын теңестіру мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылуда.

 Ұлттық жобада мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, орта білім, техникалық және кәсіптік білім, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім секілді 4 бағыт, 5 негізгі міндет, 15 нәтижелі көрсеткіш айқындалған. Облыс әкімдігінің білім басқармасына қатысты 4 негізгі міндет пен 12 нәтижелі көрсеткіш болса, 11 көрсеткіш толығымен орындалған. Бір көрсеткіштің орындалуы 2025 жылға тиесілі. Яғни Халықаралық салалық талаптарға сәйкес құрылған құзыреттілік орталығы 2025 жылы Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде құрылатын болады.

Ұлттық жобада көзделген міндеттердің бірі – мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың қолжетімділігін, сапасын қамтамасыз ету. Облыста бүгінде 586 мектепке дейінгі ұйымда 61 292 бала тәрбиеленуде. Мектепке дейінгі тәрбиемен 1-6 жас аралығындағы жеткіншектер – 92,1 пайыз, 2-6 жас аралығындағылар – 94,2 пайыз, ал 3-6 жас аралығында балдырғандар100 пайыз қамтылған. Жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдар саны өткен жылмен салыстырғанда 222-ден 245-ке өскен. Жоба шеңберінде өткен жылы өңірде 3 197 орындық 15 жекеменшік ұйым ашылыпты. Сонымен қатар әлеуметтік осал отбасылардан шыққан 11 326 баланы былтырғы жылдың 1 қыркүйегінен бастап тегін тамақпен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен 425,6 миллион теңге қарастырылған. Мұнан бөлек мектепке дейінгі ұйымдардағы баланың қауіпсіздігі және білікті кадрлармен қамтамасыз ету жұмыстарына көңіл бөлінуде.

Ұлттық жобадағы екінші міндет – орта білім беру сапасын арттыру, қалалық және ауылдық мектептер арасындағы оқыту сапасындағы алшақтықты қысқарту (PISA) мақсатында кешенді шаралар қабылдау. Облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мұхит Нысанбаевтың айтуынша, 2022-2023 оқу жылының қорытындысы бойынша республикалық, халықаралық байқаулардың нәтижесінде облыстың оқушылары 359 медаль жеңіп алыпты. – Қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндер бойынша 9-11-сынып оқушылары арасындағы республикалық пән олимпиадасына 32 оқушы қатысып, 21 оқушы жеңімпаз атанды. Нәтижесінде облыстың командасы «Ең үздік олимпиадалық команда» болып танылып, жүлделі І орынды иеленді. Сондай-ақ облысымыздың дарынды ер балаларға арналған мамандандырылған «Білім-Инновация» лицей-интернатының оқушысы Шарел Марғұлан өткен жылдың 5-13 шілдесі аралығында Жапония мемлекетінің Тиба қаласында өткен Халықаралық математикалық олимпиадада (IMO) қола медаль иеленген болатын.Дарынды оқушыға Оқу-ағарту министрі Ғани Бектайұлы 500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ақшалай сыйақы мен Алғыс хатын табыстады. Сондай-ақ дарынды математикті дайындаған педагогке базалық лауазымдық жалақының 8,5 еселенген мөлшері төленді. Сонымен қатар республикалық ғылыми жобалар жарысында облыс оқушыларының командасы 14 жыл қатарынан «Ең үздік команда» атағын жеңіп алды.

Ал 2023 жылғы республикалық олимпиаданың қорытындысы бойынша 100 үздік мектептің ресми рейтингіне облыстың 7 мектебі енгізілді, – дейді М.Нысанбаев. Білім саласында өзінің ерекшеліктерімен әлемдік деңгейде мойындалған бірнеше халықаралық жоба бар. Танымал сарапшылардың бағалауы бойынша объективті тәуелсіз бағалау жүйесі TIMSS, PISA, PIRLS, ICILS халықаралық зерттеулерінің орны бөлек. Аталған зерттеулердің нәтижелерімен облыс оқушылары республика бойынша жоғары деңгейден көрінуде. PISA халықаралық зерттеуінде 2018 жылы облыстың оқушылары «Математикалық сауаттылық» бойынша республика көлемінде І орынды иеленген болатын. Сондай-ақ 2019 жылы да TIMSS халықаралық зерттеуінде оқушыларымыз республикада І орынды иеленді. 4 жылда бір рет өтіп тұратын зерттеу 2023 жылы өткізілді. Нәтижесі биыл белгілі болады. 2021 жылы өткен PIRLS халықаралық зерттеуінде облыс оқушылары 532 балл жинап, ІІ орынды иеленген. Келесі кезекте Мұхит Аманқұлұлы Ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесіне тоқталды. – Өткен жылы мектеп бітірген 12 115 түлектің 9 118-і ҰБТ-ға қатысты. Облыс бойынша орташа балл 84,4-ті құрады. 100-ден жоғары балл алған мектеп бітірушілер саны –1 587, яғни 17,7 пайызды құрады. Шекті деңгейден өтпеген бітірушілер саны 314-ті, 3,4 пайызды құрады. 305 мектеп бітіруші «Алтын белгі» төсбелгісінің иегері атанды, 11-сыныпты бітірген 852 мектеп бітіруші «Үздік аттестаттың», 9-сыныпты бітірген 1 611 оқушы «Үздік куәлік» иегерлері атанды. Облыс бойынша өткен жылғы оқу жылының қорытындысымен білім сапасы 67,6 пайызды құрады, – дейді М.Нысанбаев.

Балаларды қосымша білім берумен қамту – ұлттық жобадағы негізгі міндеттердің бірі. Облыс бойынша 78 мектептен тыс мекемеде 68 620 оқушы қосымша білім берумен қамтылған. Оның 60-ы мемлекеттік, жетеуі мемлекеттік емес мектептен тыс мекемелер мен 10-ы қала сыртындағы сауықтыру лагерьлері және біреуі орталық. Оқушылардың 117 293-і өз қызығушылықтары бойынша түрлі мектеп үйірмелерімен қамтылған. Мектептердегі 2 943 спорт секциясына 106 366 оқушы қатысуда. Жалпы облыс бойынша қосымша білім берудің барлық түрімен қамтылған оқушылар үлесі 81,1 пайызды құрайды. Ұлттық жобадағы маңызды міндеттердің бірі – мектептерді жайлы, қауіпсіз және заманауи білім беру ортасымен қамтамасыз ету. Білім саласындағы ең маңызды мәселе – орта білім жүйесін жетілдіру. Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың негізгі шарты.

Бүгінгі күні облыста 506 орта білім беру ұйымында 248 мыңнан аса оқушы білім алуда. Білім алушыларға қауіпсіз және қолайлы білім беру ортасымен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасады. Былтыр 20 мектептің және 8 мектептің жапсарлас құрылысына қаржы қарастырылып, 5 мектеп және 2 мектептің жапсарлас құрылысы аяқталған. Нәтижесінде 2 оқушы орын тапшылығы бар, 3 тозығы жеткен мектептердің мәселесі шешіліпті. Ал биыл 19 нысанның құрылысы пайдалануға беріледі деп күтілуде. Сондай-ақ «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өткен жылы басталған 7 мектептің құрылысы 2024 жылдың соңына дейін аяқталып, 5 білім нысанының құрылысы биыл басталады деп күтілуде. Бүгінгі күні облыста үш ауысымда жұмыс істейтін 4 мектеп, апатты жағдайдағы 3 мектеп, оқушы орны тапшылығы бар 2 мектеп бар.

Үш ауысымда жұмыс істейтін 2 мектептің мәселесі 2024 жылы қосымша құрылыс есебінен, 2 мектептің мәселесі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынатын мектептердің құрылысы есебінен шешіледі деп жоспарлануда. Мойынқұм ауданындағы 2 апатты мектептің орнына жаңа мектептер салынуда, биыл пайдалануға беріледі. Сондай-ақ Шу ауданындағы Ғ.Мұратбаев атындағы орта мектептің мәселесі де биыл Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен шешімін табады.

Ал Тараз қаласындағы №53, №55 мектептердегі орын тапшылығы мәселесі «Арай» алқабындағы 600 орындық мектептің және «Шөлдала» алқабындағы «Жайлы мектеп» құрылысы есебінен биыл шешіледі. Сондай-ақ 2023 жылға 17 білім нысанын күрделі жөндеуден өткізуге 4,4 миллиард теңге қаржы қарастырылыпты. Бүгінге дейін 16 білім нысанындағы күрделі жөндеу жұмыстары аяқталған. 1 мектеп бойынша күрделі жөндеу жұмыстары 2024 жылдың 1 наурызында аяқталады деп жоспарланып отыр.

Ал 2024 жылы «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 6 мектепке, облыстық бюджет есебінен 1 мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Білім сапасына әсер ететін негізгі факторлардың бірі – мектептің ресурстық қамтамасыз етілуі. Өткен жылы бөлінген қаражат шегінде 30 мектепке 90 жаңа модификациялық кабинет, 5 STEM, 5 робототехника кабинеті, Қордай ауданындағы №14 және №52 орта мектептерге ұлдар мен қыздардың еңбек кабинеттері жабдықталған.

2024 жылы білім беру мекемелерін материалдық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз етуге 6,3 миллиард теңге қаржы қарастырылған. – «Ауыл мектебі» пилоттық жобасы аясында «Білім беруді тұрақты дамыту» қорымен бірлесе отырып, тірек мектептерінің материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстары жүргізілуде. Облыстағы 3 мектеп аталған қордың қолдауымен 750 миллион теңгеге заманауи үлгіде жабдықталса, биыл тағы 8 мектеп жабдықталады. Сонымен қатар «Оқуға құштар мектеп» жобасы іске асырылуда. Жоба шеңберінде 63 873 көркем әдебиет сатып алынды. Оқушылар оқулықпен және оқу-әдістемелік кешендерімен 100 пайыз қамтылған.

Облыстың білім беру ұйымдарында қауіпсіз және қолайлы жағдай жасау, балалардың қауіпсіздігін жан-жақты қамтамасыз ету мәселесі өте өзекті болып отыр. Балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары мемлекеттік 690 білім беру ұйымында жүргізілуде. Білім беру нысандарының қауіпсіздігіне 1 миллиард 765 миллион теңге бөлінген. Бүгінгі күні 690 білім нысаны 100 пайыз бейнебақылау камераларымен қамтылған. Ұлттық жобаға сәйкес даму мүмкіндіктері шектеулі балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен және ерте түзетумен қамту көзделген.

Биылғы оқу жылында 8 200 мүмкіндігі шектеулі баланың 6 670-і оқумен және тәрбиемен қамтылып отыр. Техникалық және кәсіптік колледждерде 196 студент кәсіптік білім алуда. Облыста осы бағытта 25 арнайы мекеме мен кабинет жұмыс жасайды. 2023 жылы Тараз қаласындағы №14 орта мектептің базасынан №3 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті, Шу ауданында 2 ресурстық орталық ашылып, материалдық-техникалық базалары жабдықталды.

Биылғы оқу жылында Т.Рысқұлов ауданындағы Ә.Бөкейханов атындағы орта мектептен инклюзияны қолдау кабинеті, Меркі ауданындағы А.Асқаров атындағы мектеп-гимназия базасынан ресурстық орталық ашу жоспарланып отыр. Облыстағы 4 арнайы мектеп-интернаттың материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының есебінен қайырымдылық көмек көрсетілді.

Нәтижесінде 4 арнайы мектеп-интернат қажетті интерактивті панельмен, оқу кабинеттерімен қамтылып, тігін, ағаш шеберханаларына қажетті станоктар, арнайы құрал-жабдықтар сатып алынды, – дейді басқарма басшысының міндетін атқарушы. «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасында техникалық және кәсіптік білім беру бағыты аясында жастарды қолжетімді және сапалы техникалық біліммен қамтамасыз ету көзделген.

Облыстағы 42 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымында 26 484 студенттің 16 064-і мемлекеттік білім тапсырысы аясында білім алуда. Жастарды талап етілетін мамандықтар бойынша 2023-2024 оқу жылына 6 350 орын мемлекеттік білім беру тапсырысы бөлініпті. Өткен жылмен салыстырғанда 616 орынға артқан.

Айжан Өзбекова 

 

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар