Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Оқытудың парадигмасы өзгерді

Оқытудың парадигмасы өзгерді
Ашық дереккөз
Ел болашағы – жас буынды заманға сай лайықты жеке тұлға ретінде қалыптастыру ісі мемлекетіміз үшін маңызды болса, мұғалімдер қауымына артылар жүк ауыр екені баршаға мәлім.

 Бұл орайда жаңартылған білім беру бағдарламасының мазмұндық ерекшеліктері – білімді тақырыптар және сыныптар бойынша күрделендіру, пәнаралық байланыстарды жүзеге асыру, оқу үрдісін ұзақмерзімді, ортамерзімді, қысқамерзімді жоспарлар түрінде жоспарлау. Жаңартылған білім берудің маңыздылығы – оқушы тұлғасының үйлесімді, қолайлы білім беру ортасын құра отырып, сын тұрғысынан ойлау, зерттеу жұмыстарын жүргізу, тәжірибе жасау, жеке, жұппен, топта жұмыс істей білу, функционалды сауаттылықты, шығармашылықты қолдана білуді және оны тиімді жүзеге асыру үшін қажетті оқыту әдіс-тәсілдерді (бірлескен оқу, модельдеу, бағалау жүйесі, бағалаудың тиімді стратегиялары) іске асыру.

Бағалау жүйесі де түбегейлі өзгеріске ұшырап, критериалдық бағалау жүйесіне өтті. Критериалды бағалау кезінде оқушылардың үлгерімі алдын ала белгіленген критерийлердің нақты жиынтығымен өлшенеді. Оқушылардың пән бойынша үлгерімі екі тәсілмен бағаланады: қалыптастырушы бағалау және жиынтық бағалау. Бұл бағалау жүйесінің артықшылығы – баланың ойлау қабілетін дамытып, ғылыммен айналысуына ықпалын туғызады.

Жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша өткізіліп жатқан барлық курстарда сыни тұрғыдан ойлауды дамытудың тәсілдері, сыни ойлауды оқу және жазу арқылы дамытудың стратегиялары, жобалау әдісі, өз пікірін жазбаша рәсімдеу (мақала, эссе, комментарий беру және т.б.) әдіс-тәсілдері кеңінен қолданылады. Аталған бағдарлама бойынша оқушылардың бойында тілдік дағдыларды қалыптастырудың, оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жаңартып отыру мен инновациялық технологияларды меңгеріп, оны тиімді қолдана білудің маңызы зор. Бүгінгі ұстаз оқушы бойына ХХІ ғасырда өмірдің барлық салаларында табысты болу үшін, қажетті дағдыларды дарыту үшін тынымсыз еңбектенуі керек. Жаңартылған оқу бағдарламасы аясында тек өз пәнін, өз мамандығын шексіз сүйетін білімді мұғалімдер ғана жұмыс істей алады.

Мемлекетіміздің білім беру үдерісіне енген жаңартылған білім беру бағдарламасы – заман талабына сай келешек ұрпақтың сұранысын қанағаттандыратын тың бағдарлама. Оқытудың парадигмасы өзгерді. Білім берудің мазмұны жаңарып, жаңаша көзқарас пайда болды. Осыған байланысты ұстаздар алдында оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жаңартып отыру және технологияларды меңгеру, оны тиімді қолдана білу міндеті тұр. Қорыта айтқанда, аталмыш бағдарламаның мәні – баланың функционалды сауаттылығын қалыптастыру. Оқушы өзінің мектепте алған білімін өмірінде қажетке асыра білуі керек. Сол үшін де бұл бағдарламаның негізі «Өмірмен байланыс» ұғымына құрылған. Бір сөзбен айтқанда, жаңартылған білім – болашақтың кепілі.

Сәуле ЕСҚҰЛОВА, М.Х.Дулати атындағы

Тараз өңірлік университетінің оқытушысы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар