Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Тұран жолбарысы қайта оралады

Тұран жолбарысы қайта оралады
Ашық дереккөз
Қазір өзіміз «National Geographic Channel», «Nat Geo Wild» секілді арналардан ғана көретін жануарлардың көбі орта ғасырларға дейін Азия аумағында да тіршілік еткен, олардың арасында аң патшасы арыстан да бар десек, ертегі айтқандай боламыз. Бірақ ертеде Тұран, бертін келе Түркістан атанған қазіргі Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Қазақстан секілді бес мемлекет сыйып жатқан алып территорияда жыртқыштың түр-түрі болғаны рас. Жыртқыштардың біразы өзіміздің Талас пен Шу өзені бойын мекендеген. Сондай жануардың бірі – Тұран жолбарысы.

Тұран жолбарыстары қазақтың қамысты және тоғайлы аумақтарында ғасырлар бойы жортып жүрген екен. Олар өте ірі, салмағы 250-300 келіден кем түспеген көрінеді. Тарихи деректерге сүйенсек, қазақ даласындағы түз тағыларының осы түрі жойылып кетуі даламызға Ресейдің патша үкіметі аяқ басқан тұста басталған екен. Жолбарысты жоспарлы түрде аулау 1891 жылы қолға алынған. Жедел атылатын жойқын қарумен жарақтанған орыс армиясы отарлаған жерлерді жыртқыштардан тазалау үшін арнайы отрядтар ұйымдастырыпты. Жекелеген аңшылар да түгі құлпырған қымбат терісі үшін жолбарысты қынадай қырыпты. Кейін 1947 жылы Кеңес өкіметі жолбарыстарды аулауға тыйым салғанымен кеш қабылданған шара болды. Алайда Тұран жолбарысы түгелдей жойылса да Амур жолбарысы аман сақталып қалды. Сөйтіп, 1960 жылдардың ортасынан бастап Халықаралық табиғат қорғау одағының «Қызыл кітабының» бірінші санатына Тұран жолбарысы «жойылып кеткен» түр ретінде енгізілді. ХХ ғасырдың басында жер бетінде 100 мыңға тарта жолбарыс болған.

Қазір олардың үш жарым мыңдайы ғана сақталған. Ал Тұран жолбарысының бір ерекшелігі – жирен түсті жүнінің бояуы қанық. Қыстыгүні терісі, әсіресе қарын тұсының жүні қалыңдай түседі екен. Тұмсығында қою мұрты болған. Тұран жолбарысы бенгалдық және амурлық тұқымынан да ірі. Салмағы 250 келіні тартса, тәулігіне 100 шақырым жерді жорта алатын ерекше қасиеті бар. Құжаттарға қарағанда, Жетісудағы соңғы жолбарыс 1940 жылы аңшылардың оғына ілінген. Осы алып жыртқыштың тұлыбы бүгінде Алматыдағы Биология мұражайында сақталған. Тарғыл шері 1933 жылы Іле өзенінің бойында қолға түсіріліпті. Кейбір деректерде соңғы жолбарыстың басы Балқаш көлінің ну қамысында 1928 жылы оққа байланған деседі. Қазақстан шамамен 80 жыл бұрын жоғалған Тұран жолбарысын түгендеуге білек сыбана кіріскеніне де біршама жыл болды. Осыдан бірер жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан мен Ресейдің XVII өңіраралық форумында қазақтың жерін мекендеген алып жыртқышты жерсіндіру жайын қозғағаны көпшіліктің есінде.

Осы бір тарихи жануарды елімізде жерсіндіру мәселесі тағы да көтерілді. Өткен аптада Самарқан қаласында Біріккен Ұлттар Ұйымының қоныс аударатын жабайы табиғат түрлерін сақтау жөніндегі конвенция тараптарының 14-конференциясы өтті. Басқосуда Тұран жолбарысын Қазақстан аумағында қайта жерсіндіру ісі 2026 жылы басталатыны хабарланды. Ғалымдар бұған еш күмән келтіріп отырған жоқ. Себебі жеті рет өлшеп, бір рет қабылданған кесімді шешім бар. Соған сай қазақ жеріне 2026 жылы табиғаты жағынан ұқсас саналатын Амур тектес жыртқышты әкелу көзделіп отыр. Оның тұқымы біздің өлкеге әбден жерсінген соң Тұран жолбарысына айналады. Мамандардың айтуынша, Қазақстан Дүниежүзілік жабайы табиғат қорымен келісімге де қол қойған. Ұйым өз қаражаты есебінен еліміздегі «Алтынемел» ұлттық паркіне бұқар бұғысын жіберді.

Соңғысы Тұран жолбарысының қорегі саналады. ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиевтің айтуынша, 2021-2024 жылдар аралығында жыртқышқа арнайы тіршілік ететін ортасы дайындалған. Қазіргі таңда осы бағыттар бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр екен. Вице-министр жолбарыстар ерекше қорғалатын аймаққа жіберілетінін айтты. Жалпы Тұран жолбарысы популяциясын қалпына келтіру бастамасы 2010 жылдары басталған. Қазақстан Үкіметі мысық тұқымдас жыртқыштың популяциясын қалпына келтіру үшін елге жойылып бара жатқан Амур жолбарысын әкелуді жоспарлап отыр. Жыртқыштың қорек ортасын қалыптастыру мақсатында Іле-Балқаш табиғи паркіне жыртқыш қоректенетін аң түрлері жіберілген. – Қазақстан Үкіметі Біріккен Ұлттар ұйымының Даму бағдарламасымен Тұран жолбарысына арналған экожүйені қалпына келтіру бойынша грантын алды. Осы орайда еліміз жыртқыштың қоректік ортасын қалыптастыру жұмыстарын жүргізуге келісті.

Осы бағдарлама шеңберінде Іле-Балқаш резерватына «Алтынемел» қорығынан 60 құлан жіберілді. Сонымен бірге Қара Бақанас су арнасын тазарту жұмыстары да жүргізіліп жатыр, – дейді БҰҰ Даму бағдарламасының жануарлар дүниесін басқару жөніндегі сарапшысы Аман Омарбекова. Сарапшының айтуынша, жолбарыстар қолайлы орта дайындалып болған соң ғана жеткізіледі. Алғашқыда Ресейден Амур жолбарысының бір жұбы жеткізледі, ал кейін жолбарыс санын көбейту үшін жыртқыштар Еуропадан да әкелінуі мүмкін. Қазіргі таңда осы бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сонымен бірге конвенция барысында қар барысының популяциясы мәселесі де талқыланған. Экологтар келтірген мәліметке сенсек, Қазақстанда 190 ілбіс бар. Оның саны жыл сайын небәрі 5-6 дараққа ғана көбейіп отырады екен. Жалпы Қазақстанда тұңғыш рет қар барысын санау жұмысы 1978 жылы қолға алынған. Тиісінше 1980 жылы еліміздің аумағын 200-ге жуық ілбіс мекен еткені анықталды. Айта кетсек, Біріккен Ұлттар Ұйымының қоныс аударатын жабайы табиғат түрлерін сақтау жөніндегі конвенция тараптарының 14- конференциясы аясында Өзбекстан мен Қазақстан арасында Үстірт даласындағы жануарлар дүниесін сақтау туралы ынтымақтастық меморандумына қол қойылды.

Құжатқа Өзбекстанның экология, қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруі министрі Әзиз Абдухакимов пен Қазақстанның Экология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары Нұркен Шарбиев қол қойды. Меморандумда жабайы жануарлардың трансшекаралық популяциясын және олардың қоныс аударатын түрлерін сақтау үшін бірлескен жұмыс тобын құру және жол картасын әзірлеу көзделген. Үстірт Орталық Азияның батыс бөлігінде үш елдің – Қазақстан, Өзбекстан және Түрікменстан аумағында орналасқан. Кен орындарының игерілуіне байланысты өткен ғасырдың 60-70-жылдарынан бастап Үстіртте өмір сүрген жануарлардың көптеген түрі жойылып кетті, кейбірі жойылу алдында тұр. Аңызға зер салсақ, киелі қызыл жолбарыс Сүйінбайды қорғаған. Жыр алыбы Жамбыл көз жұмарының алдында «Жолбарысым қырғыздарға қарай тау асып кетті» деп кейіпті. Қырғыздың заңғар жазушысы Шыңғыс Айтматов Сүйінбай мен Жамбылдың жолбарысы өзіне пір болғанын айтып: «Қазақтан қашан кемеңгер, данышпан ұрпақ шығады, жолбарыс сол кезде өз жұртына қайтар», деген көрінеді. «Жақсы сөз – жарым ырыс» дейтін қазақ Тұран жолбарысын түп мекеніне жерсіндіру жобасын жақсылыққа жориды.

Ақтоты Жаңабай 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар