Округ бойынша 9022 тұрғын бар. Ауыл әкімінің берген мәліметіне сүйенсек, 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясындағы «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша 5 азаматты жұмыспен қамту жоспары артығымен орындалып, нәтижесінде 8 адам жұмысқа жолданған. Жалпы барлығы 1 288 адам жұмысқа орналасса, оның ішінде қоғамдық жұмысшылар – 56, спорттық сауықтыру кешені арқылы – 22, жеке инвестициялық жобалар аясында 50 тұрғын жұмыспен қамтылыпты. Өткен жылы мұнда спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталып, пайдалануға беріліпті. 22 адам осының арқасында жұмысқа орналасып отыр.
Тағы бір айта кетерлігі, спорттық-сауықтыру кешені ашылғалы бері 35 спорттық іс-шара ұйымдастырылып, оған 1 500-ден астам адам тартылған екен. Ауыл тұрғындары бекітілген кестеге сәйкес кикбоксинг, қазақша күрес, волейбол, футбол, ауыр атлетика, теннис үстелімен тұрақты түрде шұғылданып жүр. – Бүгінгі күнге Ауқатты ауылы бойынша табиғи газға қосылғаны – 850 аула. Ал Қызылсай ауылы бойынша – 102 түтін. Инвестиция тарту бойынша айтар болсам, 2023 жылы 66 миллион теңгеге 3 ауылшаруашылығы бағытындағы инвестициялық жоба жоспарға сәйкес орындалды. Атап айтқанда, «Құрылысшы» шаруа қожалығы «ҚазАгроҚаржы» корпорациясы арқылы 12,7 миллион теңгеге «Беларус-892» тракторын лизингке сатып алды. Ауқатты ауылына 2018 жылы жаңа ауызсу желісінің құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілген.
Қазіргі таңда 1 104 абонент ауызсуға қосылған. Өткен жылы Бәйтерек ауылында су тарту құрылыстарын, су құбыры желісін және сервистік желісінің құрылысына тиісті қаражат бөлініп, тиісті жұмыстар қолға алынды. Қызылсай ауылын сапалы әрі тұрақты ауызсумен қамтамасыз ету үшін жобалық-сметалық құжат әзірленуде, – дейді Ауқатты ауылдық округінің әкімі Алмас Иенберген. Сондай-ақ өткен жылы атаулы әлеуметтік көмекке қайырылған 11 отбасына, оның ішінде 58 адамға 3,3 миллион теңгеге әлеуметтік көмек тағайындалыпты. Атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың 1-6 жас аралығындағы әр балаға қосымша 600 мың теңге көлемінде қаржылай көмек берілген екен. Және өмірлік қиын жағдайға ұшыраған 10 адамға 3,5 миллион теңгеге көмек көрсетіліпті.
Э.Тілеубердіқызы