Жастарға 1 миллион теңге грант беріледі
Былтыр елімізде уақытша бос жүрген жастарға арналған «Zhas project» жобасы қайта іске қосылған болатын. Бұл жоба бұған дейін де өз бастамаларымен жастарға демеу болған. Аталмыш жобаның мақсаты – уақытша бос жүрген жастар арасында кәсіпкерлікті дамыту, жұмыспен немесе оқумен қамтылмаған 35 жасқа дейінгі жастарға қолайлы жағдай жасау.
Былтыр «Zhas project» жобасы еліміздің 20 өңірінде сомасы 1 миллион теңгеге дейінгі 280 шағын грантты ұсынды. Оның ішінде жобаның алғашқы бөлігінде Ұлытау және Жамбыл облыстарының жастары арасында өтінім қабылдау жұмыстары жүргізілді. Облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Теміржан Ізтілеуовтің айтуынша, былтыр біздің өңірге 8 грант бөлініп, бұл бойынша жеңімпаздар тиісті мерзімде анықталған.
– Қазіргі таңда 8 грант иесі әртүрлі сала бойынша жұмыстарын жалғастыруда. Атап айтқанда, қоғамда жастар арасында өзекті болған құмар ойындарына қарсы Әсима Ұлтанбаева «GameSmart: Smart Play – Тәуелсіз өмір сүру» атты жобаны жүзеге асырып, оның аясында 1 750 адамды қамтыған 23 іс-шара өткізді. Ал Байзақ ауданындағы Сарыкемер ауылының белсенді жасы Мөлдір Сабырбекова «Дара жол» атты әйелдерге кешенді психологиялық қолдау көрсету клубын құрып, нәтижесінде көпбалалы, жалғызбасты аналарға, жас отбасыларға психологиялық қолдау көрсету жұмыстарын жүргізді. Тағы бір Сарыкемер ауылының тұрғыны Гүлдерай Ақбар «Әлди-әлди» бесік жасауы жөніндегі шеберхана-класы» атты жобаны іске асырып, қазіргі таңда жергілікті 10 азаматты тігін шеберлігі бойынша арнайы оқудан өткізді.
Сонымен қатар ұлттық ойынның бір түрі – садақ ату бағыты бойынша Дінислам Байтан жастардың бос уақытын тиімді пайдалану үшін «Мергендер мекені» атты садақ ату және оңалту орталығын ашты. Жас кәсіпкер қазіргі уақытта жергілікті спорт мектептерімен келіссөз жүргізіп, жобасын клуб ретінде тіркеп, ауқымын үлкейтуді жоспарлап отыр.
Одан бөлек өңір жастары тарапынан «OZGESHE» атты ана тілінен көзі нашар көретін адамдарға арналған комикстер шығару жұмыстарын жүргізді.
Аталған жобаның жастарға берер пайдасы көп, өңірдегі жастар ресурстық орталықтары тарапынан ақпараттандыру жұмыстары тұрақты жүргізіледі, – деді Теміржан Серікұлы.
Ал биыл аталмыш жобаға өтінімдер 25 наурыз бен 24 сәуір аралығында қабылданады. Осы жылы да жоба шеңберінде жастарға 1 миллион теңге шеңберінде 280 шағын грант беру көзделген. Облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дархан Дауренбековтің сөзінше, байқауға NEET санатындағы 18-35 жасқа дейінгі жас қазақстандықтар қатыса алады.
– Еліміздің барлық өңірінде жастарды жергілікті қоғамдастық қызметіне қайта тарту мақсатында «Zhas project» гранттық бағдарламасы іске асырылып жатыр. Жоба өмірлік маңызды дағдыларды дамытуға және қоғам өміріне қатысуға, жеке тұлға мен әлеуметтік институттар арасында сенім орнатуға, әлеуметтік жобалардың тұрақты экономикалық моделін құруға бағытталған. Әлеуметтік маңызы бар бизнес-жобаларды оқыту мен іске асыру арқылы NEET санатындағы жастар оң және нәтижелі қызметке тартудың бірегей тәжірибесін алады. Бұл жерде мен NEET санатындағы жастар ұғымына анықтама бергім келеді. Бұл санаттағылар – жұмыспен қамту және білім беру саласынан тыс, уақытша жұмыс істемейтін, білім беру ұйымдарында оқымайтын немесе кәсіптік даярлаудан, қайта даярлаудан өтпеген жастар.
Конкурсқа 18 жастан 35 жасқа дейінгі тұрғындар қатыса алады. Үміткерлерге қойылатын бірнеше талап бар. Байқау қатысушысы ҚР азаматы болуы шарт. Өтінім беру сәтінде өңір аумағында тұрақты немесе уақытша тіркелуі тиіс. Өтініш беруші өтінім берген сәтте уақытша тұрақсыз жастар мәртебесінде болуы тиіс.
Әлеуметтік жобаларға қойылатын талаптар жөнінде де айта кетсем, жоба жергілікті қоғамдастықтың әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталуы тиіс және 4 айдан аспайтын мерзімде іске асырылуы керек. Конкурс шеңберінде Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келетін және оның ішінде жобаны іске асыру барысында ақылы қызметтер көрсетуді, тауарларды сатуды көздейтін коммерциялық қызметке бағытталған жобаларға қолдау көрсетілмейді. Сонымен қатар құрылыс жұмыстарының немесе ғимараттарды жаңғырту, қалпына келтіру жөніндегі жұмыстардың қандай да бір түрлері қойылатын талапқа сай келмейді. Жергілікті мемлекеттік органдарға, өзге де мемлекеттік мекемелерге немесе үкіметтік емес ұйымдарға арналған жабдықтарды сатып алуды, жалға алуды көздейтін жобалар да іріктеуден өтпейді. Сондай-ақ жер учаскелерін, тұрғын үйді, автокөлікті, ауылшаруашылығы жануарларын сатып алуды немесе жалға алуды көздейтін жобалар жарамайды, – дейді Дархан Нұрланұлы.
Жоба аясында 19 ақпаннан 24 наурызға дейін конкурсқа қатысушылар үшін ақпараттық-түсіндіру науқаны өткізіледі. Шағын гранттарды іске асыруда білікті жаттықтырушыларды, тәлімгерлерді, психологтарды және әлеуметтік жобаларды іске асыру мамандарын тарта отырып, жастарға заңгерлік және консультациялық қолдау ұйымдастырылады.
Сонымен қатар жобаны сапалы әрі тиімді іске асыру үшін әр өңірде жобалық кеңсе ашылды, колл-орталықтар құрылды, жастар жобаларын қабылдау үшін сайттар іске қосылды. Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының «cisc.kz» ресми сайтында арнайы «Zhas project» парақшасында әр өңірдің байланыс телефондары көрсетілген.
Іріктеу нәтижелері 15 мамырда интернет-ресурстар мен әлеуметтік желілерде жарияланады. Ал қараша айында үздік жобалардың қатысуымен қорытынды форум өтеді.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ
Келесі мақала
Ауыл жағдайын алға ілгерілетуге күш саламыз
Ұқсас жаңалықтар
Жастар
Қазақстандық оқушылар робототехникадан үш дүркін әлем чемпионы атанды
- авторAR-AY
- 30 қыркүйек, 2024
Жастар
Енді колледждер өз базасында шығарған тауарлар мен қызметтерден табыс таба алады
- авторAR-AY
- 5 қыркүйек, 2024