Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Санаға сәуле құйған «Сағыныш»

Санаға сәуле құйған «Сағыныш»
Ашық дереккөз
Газетіміздің өткен санында хабарлағанымыздай, «Көне Тараз» этномәдени кешеніндегі «Көркемсурет» галереясында Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты, республикалық «Алтын тобылғы» әдеби байқауының жеңімпазы Хамит Есаманның «Сағыныш» атты жыр кеші өтті.

 Кеш тізгінін Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, «Ана тілі» газетінің бас редакторы Ерлан Жүніс ұстады. Мың жүректі толқытып, мың жүректі тербеткен поэзия кеші Хамит Есаман туралы бейнеролик көрсетуден басталды. Сонымен қатар ақынның өлеңдерінен поэтикалық-композияциялық көрініс сахналанып, қара өлеңге сусап келген көрерменнің құмарын қандырғандай болды. Кешке арнайы келген облыс әкімі Ербол Қарашөкеев ақынның шығармашылығына табыс тілеп, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ұлықбек Есдәулет, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ғалым Жайлыбаймен бірге ақынның «Фәни – Құбылыс» өлеңдер жинағының тұсауын кесті. – «Өлең деген тумайды жайшылықта, өлең деген тулайды қайшылықта» деп ақиық ақын Мұқағали Мақатаев жырлағандай, әдеби кеш арқылы біз Хамит ақынның жандүниесін тіпті жақынырақ тани түсеміз деп ойлаймын. Жыр алыбы Жамбылдың атымен аталатын облыста руханият пен мәдениетке барынша көңіл бөлініп, осы секілді шығармашылық кештердің жиі өтуі заңдылық. Бұйырса, алдағы уақытта Кенен Әзірбаевтың 140 жылдығын, Шона Смаханұлының 100 жылдығын лайықты деңгейде атап өтетін боламыз. Жалпы облысымыз – ұлттың ұлы тұлғаларын түлеткен қасиетті мекен. Солардың жалғасындай болған Хамит Есаманның да қазақ әдебиетінде алар орны биікте болады деген үміттеміз.

Ақынның алдағы өнер жолына, шығармашылық ізденісіне табыс тілеймін, – деді Ербол Шырақпайұлы. Кеш барысында талай сұлудың ұйқысын бұзып, түсіне кірген тарихы терең керімсал қала Тараздың төрінде Пайғамбардың деміндей, пейіштің салқын лебіндей жырлар оқылып, ақындардың көңіл толқынысынан періштелер ұшып жатқандай, олардың тамырында қан емес, Талас тулап жатқандай күй кештік. Кешке жиналған ақындар сахнаға бірінен кейін бірі шығып, теңіздің астындағы лағылдай, киіктің ішіндегі лағындай болған көңіл түкпіріндегі сөздерін, естеліктерін айтты. Енді бірде сөз маржанын сүзген сүлейлердің бірді-екілі сөз тіркестері шашылып түсіп жатты. Сол сөздің бірін ақын Ұлықбек Есдәулет: «Ақын атылған оқты тоқтата алмайды, бірақ оқ ататын адамды тоқтата алады», – деп түйіндеді. Мұнан кейін сөз алған Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Нұржан Қуантай одақтың атқарып жатқан жұмысына тоқталып, жастарға әрқашан қолдау болатынын жеткізді. Ал ақын Ғалым Жайлыбай көшкен бұлттай жөңкілтіп «Қара таудың басынан» деген өлеңін оқыса, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Маралтай Райымбекұлы шығармашылық адамдарына қолдау көрсетіп отырған облыс әкіміне алғысын білдірді.

«Ақынның тағы – халықтың алақаны» деген ақын, «Құрмет» орденінің иегері Светқали Нұржан жалынды сөздерімен Таласты бір тасытып алғандай болды. – Бұл топырақ біздің кешегі салтанатты да қаһарлы дәуірлеріміздің куәсі болған, киелі жер ғой. Бұл Тараз кешегі «Атлах» шайқасы болған ұлтымыздың санасын мүлдем басқа бағытқа бұрған тарихи оқиғалар орын алған орда ғой. Кезінде оны жырға да қосқанбыз. Мен небәрі 19 жасымда қазақтың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлынан бата алып едім. Одан кейін сол кісінің інілері Мекемтас Мырзахметов пен Шерхан Мұртаза, Несіпбек Дәутайұлы сияқты тұлғаларға іні болдым. Жалпы бұл өңірде ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан алтын шынжырдай поэзияның жүлгесі үзілген жоқ. Кешегі марқұм болып кеткен Бауыржан Үсеновті де еркелетіп «Үсенин» деп атап едім. Ондағым – «сен қазақтың Есенинісің» дегенім. Амал қанша, кейін оның тағдыры да сол Есенинге ұқсап 30 жаста қиылғанда қойған атыма іштей өкінгенім бар еді. Айтпағым, міне, сондай ұлы ақындар туған топырақта бүгінде ақындардың ізі қалып келе жатыр. Сол іздің бірін Хамит салып жатса, оған неге қуанбасқа?! – деді Светқали Нұржан. Ал жазушы, қазіргі әдебиетіміздің ақсақалы Елен Әлімжан облысымыздағы әдеби ортаның әсері туралы айтып, кезінде «АR-AI» газетінің редакциясында жүріп жыр көшіне ілескендердің бүгінде әдебиетімізде өзіндік орны бар екенін атап өтті. Ал жазушы Пернебай Дүйсенбин Хамит Есаманның адамгершілік сипатына тоқталып, шығармашылығына табыс тілесе, ақын Шырын Мамасерікова батасын беріп, арнауын оқып, шапанын жапты. Жалпы Хамит Есаман – аға буынның да, орта буынның да оң бағасын алған ақын.

Оның сыршыл әрі нәзік өлеңдері адамды белгісіз тұңғиық мұңға батырып, жалғыздық аралына жетелейді. «Ұйқымды ол алып кеткен жасырын, Маған тастап сезім дейтін асылын. Жұлдызды түн – содан бері өлеңім, Содан бері күздің таңы – ғашығым», деп жырлаған ақынның аңқылдақ жырына жібімей көріңіз енді. Ол айға мұңын шағады, жұлдыздарға сырын айтады. Ақынның осы бір көңіл тербеліс, жан күйзелісінен туындаған суретті біз өлең деп қабылдайтынымыз анық. «Дүниені сазға бөлеп сырлы Ай, түн, Ерекше бір сезімменен жырлайтын. Жұлдызым бар еді аяулы... Сол жұлдыз – Мені үнсіз кереметтей тыңдайтын», дейді бірде. Міне, осындай жүрекке жылы жырларымен қалың оқырманды тәнті етіп жүрген ақынның кеші көпке дейін көңілімізден ұмытылмай жүретіні сөзсіз. * * * Сондай-ақ облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін кітапхана ұжымының ұйымдастыруымен ақын, облыстық «Аq Jol» газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы Хамит Есаманның «Ақынға 100 сұрақ» атты бенефис кеші өтті. Оған облыстық мәслихаттың депутаты, кеш иесінің ұстазы Оралхан Дәуіт, облыстық «Анаға тағзым» орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали және өзге де әріптестері қатысты. Кітапхана ұжымының кездесуге тыңғылықты дайындалғаны байқалды.

Мәселен, ұйымдастырушылар кеш иесіне айтпай, анасынан аудиолебіз алуы күтпеген сый болды. Осы сәтте ақынға кеш жүргізушісі Гүлнұр Құрақбаева: «Сіздің кешіңізге тосыннан келіп тұрған қонақ бар. Кім деп ойлайсыз?» – деп сұрақ қойды. Ақын бұл сауалға ойланып тұрғанда залға кеш иесінің әкесі мен анасы кіріп келгені көпшілікке ерекше әсер етті. Анасының аудио арқылы «Хамит бала болып ойнаған жоқ. Өзі дәптерді ортасынан қиып кітапша жасап, соған жазу жазатын. 3-4 жасында әріп таныды, зерек болды. Мектепте 5-6-сынып оқитын кезінен кітаптарды көп оқи бастады. Сыртқа шығатын болсақ, «Әдеби кітап сатып әкеліп беріңізші» деп өтініш жасайтын» дегені толқытты.

Ақынның әкесі Ерболат Есаманов, мектептегі ұстазы, қазір Ш.Мұртаза атындағы облыстық «Руханият және тарихтану» орталығының директоры Сауран Қалиев, облыстық мәслихаттың депутаты, Ақпарат саласының үздігі Оралхан Дәуіт, рухани ұстазы Эльмира Мырза-Ғали кеш иесінің табандылығы, бала күнгі қызықтары, ақындығы туралы естеліктер айтты. Кеш барысында Хамит Есаманның «Фәни – Құбылыс» атты кітабының брайль қарпіндегі нұсқасының және аудио үнтаспаның тұсауы кесілді. Кеш соңында ақын барша қонақтарға алғысын айтып, оқушыларға кітап сыйлады.

Шапағат ӘБДІР

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар