Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Мемлекеттік қызметші мінсіз болуы қажет

Мемлекеттік қызметші мінсіз болуы қажет
Ашық дереккөз
Мемлекеттік қызметте өзінің қарым-қабілетінің арқасында абыройлы еңбек етіп жатқан әйелдер өңірімізде жетерлік. Қоғамда, кез келген салада, тіпті отбасында әйел мен ердің тең құқылы болуы, жауапкершілік жүгінің екеуіне бірдей артылуы гендерлік саясаттың жемісі десек, мемлекеттік қызметте, билік басында әйел адамдардың жүруі гендерлік саясаттың жүзеге асырылуы барысындағы бір ғана тармақтың орындалуы. Бұл қанша жерден гендерлік саясат тұжырымдамасын жүзеге асырудың көрінісі десек те, тек алғырлар ғана алға шығып, лайықтылар ғана мансаптық жолда сатылап өсетіні белгілі.

 Жуалы ауданы әкімінің орынбасары Анар Ахметова еңбек жолын қарапайым мұғалімдіктен бастап, осы қызметке дейін талай мектепті көрген, талай майталман мамандар арқылы тәжірибе жинақтаған жан. Кейіпкеріміз 1980 жылы Қызылорда облысының Қазалы ауданындағы Бекарыстан би ауылында туып-өскен. Әкесі Садық оның бала күнінде өмірден озған екен. Қазалы ауданының орталығындағы музыка мектебін ұзақ жыл басқарған отағасы өмірден өткеннен кейін бір ұл, бір қызды жетектеген асыл ана көш бетін Жуалыға түзепті. – Анамның есімі – Әдемі. Әдемі десе әдемі еді. Қайсар, батыл мінезді, тайсақтауды білмейтін, барды бар, жоқты жоқ дей алатын, жоқтан бар жасай білетін, әйелдің әдемісі болатын. Көзінің ағы мен қарасы болған ұлы мен қызын «жеткіздім» деген шағында, 46 жасында бұл жалғаннан еш қызық көрместен өмірден өтіп кете барды. Анам мейірбике еді. 1994 жылы біз жұлдызы биік Жуалыға көшіп келгеннен кейін шешеме Қошқарата ауылдық округінің Қызтоған ауылынан фельдшер-акушер болып қызмет атқару ісі бұйырды. Мен 9-сыныпты Қызтоған ауылындағы С.Мұқанов атындағы мектепте, 10-11-сыныпты Қошқарата ауылындағы Абай атындағы орта мектепте оқып бітірдім. Мектепті тәмамдаған жылы анам өмірден озды.

Бұрынғы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын 2002 жылы игердім. Десе де ұстаздық қызметтегі еңбек жолым 1998 жылы басталды. Қошқарата ауылындағы Абай атындағы орта мектепте қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі, одан кейін 2013 жылға дейін Көлбастау ауылындағы А.Гайдар атындағы орта мектептің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі, мектеп директорының орынбасары қызметтерін атқардым, жоғары санатты ұстаз болдым. Тәуелсіздіктің екінші онжылдығы қазақ қоғамында, оның ішінде білім саласында талғам, бала тәрбиелеу ісінде ұлттық құндылыққа деген көзқарас өзгеріп, жаңашылдыққа бетбұрыс жасалып жатқан кез еді. Сол кезде мұғалімдерден таудай тірліктерді тындыру талап етіле бастады. Күндердің күнінде сала жұмысының салмағы иыққа жүк, жүйкеге дерт болып артылатынын ішім сезіп тұрса да мұғалімдік мамандықты әу баста саналы түрде таңдадым. Осы мамандыққа болашақ өмірімнің қалай өрбитінін күні бұрын болжап бардым.

Ол – бала оқыту ісінде ұстаз деген атқа лайықты болу. 2013 жылы тұңғыш рет ауыл әкімдерінің сайлауына түсіп, батыр Бауыржанды, Халық жазушысы Шерхан Мұртазаны дүниеге әкелген Мыңбұлақ ауылдық округіне әкім болып сайландым. Ауылымда әкімдік қызметімді мінсіз атқардым деп ойлаймын. Осы кездерден бастап менің мемлекеттік қызметтегі еңбек жолымда биіктен көрінуге даңғыл жол ашылды. Мектептен келген қарапайым мұғалімге бағыт-бағдар берген ел ағалары көп болды. Мәселен, ауыл әкімі болып жүргенімде аудан әкімі қызметін атқарған Батырбек Құлекеевтен, 2015-2021 жылдар аралығында бұрынғы «Нұр Отан» партиясы Жуалы аудандық филиалын басқарған кезімде осы партияның сол кездегі облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары болып еңбек еткен Масат Беріктен үйренгенім аз болмады, – деді Анар Садыққызы.

Кейіпкеріміз қызметте жүрген кездерінде әртүрлі қоғамдық жұмыстарды да қоса атқарыпты. Әсіресе «AMANAT» партиясының аудандық филиалының сол кездегі төрағасының бірінші орынбасары қызметінде жүргенінде партияның аудандық филиалы үшін сол кездер толағай табысқа толы жылдар болған екен. Аудандық филиал үш мәрте республикадан «Үздік бастауыш партия ұйымы» байқауының бірінші, екінші, үшінші орындарын жеңіп алыпты. Республика аумағында қолға алынған праймеризді өткізуде облыстан партияның Жуалы аудандық филиалын таңдап алады. Сол жылдары орталық деңгейдегі партияның Саяси кеңесінің мүшесі болып қызмет те атқарған.

Олардың қатарында облыстан үш адам бар болса, соның бірі – Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров, екіншісі – Паралимпиаданың жеңімпазы Зүлфия Габидуллина, үшіншісі – Анар Ахметова. Анар Садыққызы аудандық мәслихаттың жетінші, сегізінші шақырылымында депутат болып сайланған. – Қай қызметте де жауапкершілікпен, белсенділікпен халыққа қызмет ету ұстанымындамын. Өмірде ұстаз аға-апаларым өте көп, бүгінге дейін бірінен іскерлікті, бірінен ептілікті, бірінен қайырлы қызмет етуді үйренсем, ұстаздық жолымда осы саланың қырлары мен сырларын үйреткен Әсемхан Әмірханқызын айтамын. Бұл кісі өмір жолында күресуді, табанды болуды, құласаң қайта тұрып, алға ұмтылуды үйретті.

Бүгінде ұл-қыз тәрбиелеп отырған анамын, ошағына отымды жағар Байтана еліне келінмін. 1999 жылы тұрмыс құрғанмын. Өмірлік серігім, отбасымда әркез маған қолдау білдіретін асыл ер-азаматым Жеңіс Дүйсенбекұлы – жеке кәсіпкер. Осы кезге кейін жеткен жетістігім, ең әуелі Алланың бұйрығы, одан кейін ер-азаматымның қолдауы деп білемін. Мемлекеттік қызметкер болып жұмыс істейтін әйелдің отбасындағы іс-әрекеті де мінсіз болуы керек. Өйткені ана – отбасының ұйытқысы. Отбасында бала әке-шешесіне қарап бағыт алады, баланың айнасы – ата-анасы. Келіндік жолымда тәрбиелеген ардақты жарымның аяулы ата-анасы – менің бас ұстаздарым, оларға да айтар алғысым шексіз! Халыққа қызмет ету жолында елдің мүддесін бірінші орынға қойып, тез әрі дұрыс шешім қабылдай алатындай қабілетке ие болуымыз шарт.

Мемлекеттік қызметші есебінде басты міндетім – халыққа адал қызмет ету және осы қағиданы ұстану. Себебі әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығы мемлекеттік қызметшіге тікелей байланысты, – дейді А.Ахметова Бүгінде отағасы екеуі тәрбиелеген қызы С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің интерн-дәрігері болса, ұлы аудан орталығындағы Шерхан Мұртаза атындағы мектеп-гимназияда мұғалім. Тағы бір ұлы мектеп оқушысы.

 

НҰРЫМ СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар