Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Халықтың рухани байлығын дамыту - әрбір ғалымның міндеті"

«Халықтың рухани байлығын дамыту - әрбір ғалымның міндеті"
Ашық дереккөз
Тарихтың бізге әлі де беймәлім тұстары көп. Әсіресе сақ, ғұн, үйсін дәуіріндегі әдебиет пен мәдениет толық зерттелген жоқ. Ал зерттеп, тарихтың ақтаңдақ беттерін ашу үшін ғалымдар жұмылуы тиіс. Бұл тұрғыда қалтарыс-бұлтарыс тарихымызды зерттеп, зерделеп жүрген ғалымдарымыз да аз емес. Сол қатарға Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының профессоры, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Меңдібай Әбілұлын да жатқызуға болады. Ғылым жолында соқпақ салуды мақсат еткен ғалымның зерттеп жүрген дүниесі – сонау ықылым заманнан бері қарай жалғасып келе жатқан төл әдебиетіміздің тарихы. Біз бұл жөнінде Меңдібай Әбілұлымен әңгімелесу барысында көптеген ғылыми дерекке көз жеткіздік.

– Меңдібай Әбілұлы, сіздің әдебиет ғылымына келуіңізге не себеп болды? Салаға деген қызығушылығыңыз қай кезде басталды? – Мектепте оқып жүргенде ғалым боламын деп ойлаған жоқ едім. Бір күні ауылымызға белгілі филолог Мардан Байділдаев бастаған бір топ ғалым экспедициялық сапармен келді. Қонақтардың қолына су құю мәртебесі маған бұйырды. Сонда М.Байділдаев маған «Бақытты бол, үлкен ғалым бол» деп батасын берді. Сол күннен бастап ғалым боламын деп армандадым. Армандап қана қойған жоқпын, ғылыми кітаптарды жинай бастадым. Аудан орталығындағы кітап дүкенінен кітаптар сатып алып жүрдім. Кітап дүкенінің сатушысы Исмайыл ағамыз ғылыми кітаптар алып жүргеніме таңғалып: «Сен бұл кітаптарды бәрібір түсінбейсің», – дейтін.

Соған қарамастан, біраз ғылыми кітаптар сатып алдым. Ішінде 1962 жылы жарық көрген «ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ ақындарының шығармалары», Ы.Дүйсенбаевтың 1970 жылы жарық көрген «Ғасырлар сыры», М.Қаратаевтың «Эпостан эпопеяға» және тағы да басқа кітаптар бар болатын. Сол кітаптарды студент болып жүргенде оқыдым. – Қазақ әдебиеттану ғылымына қатысты тың дүниелерді жазып жүрген ғалым әрі жазушысыз. Осы күнге дейін қандай ғылыми еңбектеріңіз жарық көрді? – Бұған дейін мысал әңгіме ретінде, сатиралық бірталай шығарма жаздым. Ғылыми еңбектерім жайлы айтатын болсам, «Қазақ әдебиетіндегі діни-исламдық поэзия» (2003), «Жыраулар мен ақындар поэзиясындағы діни ағартушылық сарын (ХІІІ-ХVІІІ ғасырлар)» (2012) атты монографиялар жаздым. Облыстық, республикалық, халықаралық ғылыми конференцияларда баяндамалар жасап, мерзімді және шетелдік басылымдарда 300-ден аса ғылыми мақалам жарияланды.

Балалар мен ересектерге арналған «Ел құрметтісі» атты очерктер мен ғылыми мақалалар жинағы (2005), «Меңдібайдың қиссалары» (2008), «Таразым – тарихтың бесігі» (2009), «Аруы гүл жайнаған Боралдайдың» (2009), «Қызыл қамзол» (2015), «Каспийден кеткім келмей тұр» (2016) атты өлеңдер, «Ақ бантик» (2018), «Жұмагүлдің әні» (2022) атты әңгімелер жинағы жарық көрді. Сонымен бірге өлеңдерім «Албырт жырлар, асқақ сезімдер» (2003), «Мөлдір сезім армандарға бастайды» (2004), «Балауса жырлар, алтын мақсаттар» (2005), «Өлең-жыр менің шаттығым» (2009) атты жыр жинақтарына енді. Сонымен қатар сақтардың тарихи тұлғалары туралы «Сұр жебе» атты роман-эпопея жазып жатырмын. «Айбалта», «Семсердің жүзі» деп аталатын екі кітабы жарық көрді. Жақында «Алып Мөденің қаһары» атты романым оқырмандардың қолына тиеді. – Иә, сіз исламдық түркі дәуіріндегі, Алтын Орда-Қыпшақ дәуіріндегі, ежелгі түркі дәуіріндегі, Қазақ хандығы дәуіріндегі балалар әдебиеті туралы кітаптар жаздыңыз. Бұл еңбектерді жазуда қандай тарихи құжаттарға сүйендіңіз? – «Исламдық түркі дәуіріндегі балалар әдебиеті» атты хрестоматиялық оқу құралы «Исламдық түркі дәуіріндегі балалар ауыз әдебиеті» және «Исламдық түркі дәуіріндегі балалар жазба әдебиеті» деп екі тарауға бөлінеді. Бұл дәуірге енгізілген балалар ауыз әдебиеті қазақ ауыз әдебиеті үлгілерінде өте көп. Ал балаларға арналған жазба әдебиетінің көрнекі өкілдері – отырарлық Әл-Фараби, баласағұндық Жүсіп Баласағұн, қашқарлық Махмұт Қашғари, отырарлық Қожа Ахмет Иасауи, бақырғандық Сүлеймен Бақырғани, жүйнектік Ахмет Жүйнеки.

Бұлар балаларға арнап дидактикалық өлеңдер жазған. Кітаптың алғы сөзінде олардың балаларға арналған шығармалары жайлы өз ойымды түсірдім. Жалпы ғалымдар тарапынан ежелгі дәуірдегі балалар әдебиеті, балалар ауыз әдебиеті туралы бұрын ғылыми еңбектер жазыла қойған жоқ еді. 2014 жылы ең алғаш «Ежелгі дәуірдегі балалар ауыз әдебиеті» атты оқу құралым жарыққа шықты. Осы кітапта алғаш рет бірінші тарауды «Ежелгі сақ дәуіріндегі балалар ауыз әдебиеті», екінші тарауды «Ежелгі ғұн дәуіріндегі балалар ауыз әдебиеті» деп екіге бөлдім. Бұл кітаптың жарық көруі балалар әдебиетінің тарихында елеулі құбылыс болды. Оқу құралы туралы республикалық «Балдырған» балалар журналында, мектеп оқушыларына арналған «Ұлан» газетінде мақалалар жарияланды. Онда отырарлық Әл-Фараби: «Сонда да беріп кетеміз, Жүректің отын молында. Арманды аңсап өтеміз, Біз ұлы мұрат жолында», – деп жырлайды. Ол жастарға «заман талабына сай еңбек ет, халқыңа қызмет қыл, жүректің мол отымен еңбек ет, алдыңа қойған арманыңнан бір сәт ауытқыма, білімді серік қылып, ұлы мұрат жолына түс, еліңнің мақтанышы бол, мемлекетіңнің қорғаны бол» деп, балалар мен жасөспірімдерге өсиет айтады. Ал баласағұндық Жүсіп балаларға: «Ақыл – шырақ, қара түнді ашатын, Білім – жарық, нұрын саған шашатын», – деп, балаларды білімді болуға шақырады. Ал «Алтын Орда-Қыпшақ дәуіріндегі балалар әдебиеті» хрестоматиялық оқу құралы филология ғылымдарының магистрі Гүлдәурен Әбіловамен бірігіп құрастырылды. «Қазақ хандығы дәуіріндегі балалар әдебиеті (ХІV-ХІІІІ ғасырлар)» 2016 жылы Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің баспасынан жарық көрді. Кітаптың аннотациясында былай деп жазылған: «Жоғары оқу орындары мен колледж білімгерлеріне, мектеп мұғалімдері мен мектеп оқушыларына арналған профессор М.Әбілұлының «Қазақ хандығы дәуіріндегі балалар әдебиеті (ХV-ХVІІІ ғасырлар)» атты оқулық-хрестоматиясы қазақ балалар әдебиеті тарихына қосқан қомақты үлесі.

Оқулық-хрестоматия үш бөлімнен тұрады: Бірінші бөлім «Қазақ хандығы дәуіріндегі балалар ауыз әдебиеті» деп аталады, екінші бөлім – «Қазақ хандығы дәуіріндегі авторлық балалар ауыз әдебиеті», ал үшінші бөлімге «Қазақ ақын-жазушыларының қазақ хандығы дәуірінде өмір сүрген тарихи тұлғалар туралы жазған шығармалары» енгізілген. Міне, осының өзінен-ақ бұл кітаптың қазақ әдебиеттану ғылымындағы салмағының қандай екенін сезуге болатын шығар. – Қазақ балалар әдебиетінің тарихында, бұрынғы зерттеу еңбектерінде осындай тың дүниелер болды ма екен? – Қазақ хандығы дәуіріндегі балалар әдебиеті туралы Б.Ысқақов: «Асан, Ақтамберді, Үмбетей, Шал ақындар, расында, белгілі бір тарихи кезеңде өмір сүрген, әрқайсысы өз заманының көкейкесті мәселелерін қозғаған. Бұлардың шығармашылығының да балалардың ой-пікірін дамытуда, оларды көркем сөзге баулуда едәуір маңызы бар. Бұларда көбінесе елдік, ерлік, еңбексүйгіштік, достық, бірлік, адамгершілік сияқты адам бойындағы асыл қасиеттер жырланады», деп жазады. Ал маған академик Сәбит Баубеков «Балалар әдебиетінің тарихы» атты оқу құралын жаз деп өсиет айтқан болатын.

Мен сол өсиетті орындау мақсатында осындай еңбек жазуға кірістім. Мұны жазу барысында Ежелгі грек және Рим оқымыстыларының зерттеу еңбектерін сүзіп шығуға тура келді. Геродоттың, Аммиан Марцеллиннің, Плано Карпинидің, Марко Полоның, Гильом де Рубруктың, қытай тарихшысы Су Бихайдың, Ваң Минжының, Уаң Пинхуаның, моңғол тарихшысы Цевен Жамераноның, араб оқымыстысы Ибн Фадланның, орыс тарихшылары П.Палластың, В.Радловтың, А.Левшиннің, Н.Ядринцевтің, Г.Потаниннің, Л.Гумилевтің, М.Аджидің, ағылшын оқымыстысы Д.Уорделдің, АҚШ ғалымы М.Олкоттың, Ю.Скайлердің, Еуропа зерттеушісі К.Рихардтың, қазақ ғалымдары Н.Келімбетовтің, Х.Сүйінішәлиевтің, Р.Бердібаевтың, М.Жолдасбековтің, Ә.Машановтың, М.Жармұхамедұлының, С.Өтенияздың, тағы да басқа авторлардың еңбектерін оқып шықтым. Сонан соң «Ежелгі дәуірдегі балалар әдебиеті» атты оқу құралын жазайын деген ой келді. Оқу құралын ежелгі сақ дәуірінен бастадым. Н.Келімбетовтің сақтардың қаһармандық дастандары туралы жазған ғылыми еңбектеріндегі балаларды отаншылдыққа баулитын терең ойлары мені балалар әдебиетінің көне дәуірін зерттеуге жетеледі. Парсылармен шайқастағы Шырақтың ерлігі, «Алып Ер Тұңға» дастаны, «Шу дастаны», ғұндардың батырлық жырлары, ғұн дәуірінде өмір сүрген Алып Бамсы туралы жырланатын «Алпамыс батыр», он үш жасар Алаңқай батырдың ерлік істері жырланатын «Алаңқай батыр» дастандары балалар әдебиетіне сұранып тұрған жоқ па? Сақ дәуірінен жеткен «Шу батыр», «Алып Ер Тұңға» дастандары мен ғұндардың қаһармандық дастандарын балалар мен жасөспірімдер қызыға оқитыны даусыз. Осы орайда халықтың рухани байлығын дамыту – әрбір ғалымның міндеті. – Ал зерттеп жүрген еңбегіңізді ғалымдар, мектеп мұғалімдері, студенттер қалай қабылдады? – Он жылдай уақытым осы салаға кетті.

Әлі де зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатырмын. 2023 жылы менің балалар әдебиеті тарихын зерттеу еңбектеріме байланысты Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтында «Балалар әдебиеті тарихының қалыптасуы және жаңа Қазақстан дәуіріндегі филология ғылымының өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Ғалымдар, мұғалімдер, әдебиет зерттеушілері, студенттер, мектептің үздік оқушылары баяндама жасады. Жамбыл облысының төрт мектебінде осы оқу құралдары мен хрестоматиялық оқу құралдары негізінде 4-5-сыныптарға таңдау пәні жүргізіліп жатыр. Бұл менің еңбегіме берілген баға деп білемін. – Осы орайда ғылымдағы жетістіктеріңіз туралы айта кетсеңіз. – Қазақ поэзиясындағы діни-ағартушылық бағыттағы шығармалар жазған ақын-жырауларды зерттедім. Кеңестік кезеңде зерттеуге тыйым салынған діни ағартушылар – сопы, ахұн, ишан, қарилар туралы ғылыми-танымдық мақалалар жаздым. Осы діни ағартушылардың арасында діни бағытта жазылған шығармалар – термелер, өлеңдер, аңыз әңгімелер, ертегілер жиналды. Кейбіреулерінің авторларын іздедім. Осы бағытта бірнеше кітап шығардым. Атап айтқанда, «Әйімбет ишан» (1995), «Мен бір хадис айтайын» (1999), «Бұқарбай ахұн» (2000), «Діни ағартушы ақын» (2000), «Дәуқара» өңірінің діни ағартушы қазақ ақын-жыраулары» (2000), «Шеріп ишан» (2001), «Әбдіғаппар ахұн» (2001), «Шеріп Қайдауылұлы –ақын әрі ишан» (2003), «Імәм ишан және оның ұрпақтары» (2004), «Аңсатбай ахұн» (2004) атты кітаптар жарық көрді. Осы ғылыми ізденістерімнің негізінде «Қазақ әдебиетіндегі діни-исламдық поэзия» атты монография жазып, 2003 жылы баспадан кітап қылып шығардым. Ізденіс өз нәтижесін берді.

Діни ағартушылардың шығармашылығы негізінде 2001 жылы М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтында академик Тұрсынбек Кәкішевтің жетекшілігімен кандидаттық диссертация қорғадым. Жалпы қазақ әдебиеттану ғылымында «әдебиет тарихы» деген үлкен сала бар. Мұнда қазақ әдебиетінің тарихы, оның ауыз әдебиеті және жазба әдебиеті болып екіге бөлінетіндігі сөз болады. Ауыз әдебиетінің тарихы қай дәуірден, жазба әдебиетінің тарихы қай дәуірден басталады? Ауыз әдебиетінің және жазба әдебиетінің қандай үлгілері бар? Біздің заманымызға жеткен жазба әдебиетіміздің тарихын қай дәуірден бастаймыз? Міне, осы және басқа да көптеген сұраққа жауап табуға болады. Жоғары оқу орнында сабақ бере бастағанда қазақтың жазба әдебиетінің тарихы қатты қызықтырды. Қазақтың жазба әдебиетінің тарихы Абайдан басталады деген тұжырым болды. Кейін ғалымдарымыз қазақтың жазба әдебиетін Бұқар жыраудан бастайтын болды. Сонда «Қазақтың жазба әдебиеті Бұқар жырауға дейін болмаған ба?» деген сұрақтың алдымыздан көлденеңдеп тұруы заңдылық еді. Енді ғалымдарымыз қазақтың жазба әдебиетін Күлтегін жазуынан бастауды жөн көрді. Ал Күлтегінге дейін, Орхон жазба ескерткіштеріне дейін жазба әдебиеті болмаған ба? Мен енді қазақ жазба әдебиеті тарихының кезеңдерін былайша атадым: «Ежелгі сақ дәуіріндегі ауыз әдебиеті», «Ежелгі ғұн дәуіріндегі ауыз әдебиеті», «Ежелгі қаңлы және үйсін дәуіріндегі ауыз әдебиеті», «Ежелгі исламдық түркі дәуірінегі балалар әдебиеті», «Алтын Орда (Қыпшақ) дәуіріндегі балалар ауыз әдебиеті», «Қазақ хандығы дәуіріндегі балалар әдебиеті (ХV-ХVІІІ ғасырлар)». Қараңыз, енді балалар әдебиетінің тарихы ежелгі сақ дәуірінен басталып отыр.

Сөйтіп, Ыбырай Алтынсаринге еліктеп «Қазақ балалар әдебиетінің хрестоматиясын» құрастырдым, оған өзімнің балаларға арналған әдеби шығармаларымды енгіздім. – Сіз бірде жыраулардың тарихын сонау ғұн дәуіріне апарып тірейсіз. Демек, ол дәуірдің де өзінің Бұқар жырауы болғаны ма? – Қазақ халқының тарихы ежелгі сақтар мен ғұндардан бастау алады. Бұл ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Тарғытай патша қазақ мемлекетінің негізін қалады, Алып Ішбақай да патша болды, қас-сақтардың (қазақтардың) мемлекетін құрды. Ғұн дәуірінде өмір сүрген Молақсай жырау мен Тоғанас жырау туралы Өмірзақ Қалбайдың «Алаңқай батыр» қиссасында деректер бар. Сыпыра жыраудың халық ауыз әдебиетінде сипатталатыны рас. Онан соң Қорқыт атаның «Қорқыт» кітабындағы Алып Бамсыны елеусіз қалдыруға болмайды. Алып Бамсы тарихта болған адам. Ол түркілердің ауыз әдебиетінде «Алпамыс батыр» деген атпен жырланады. – Бұл тарихи жазбалары­ңыз­дың дерегі туралы не айтасыз? Яғни шындыққа қаншалықты жақын? – Біз тәуелсіз елдің ешкімге жалтақтамайтын, өз айтар ойы бар, ұлы далада сыртқы жаулардан елін қорғап, ат жалында еркін өскен сақтар мен ғұндардың ұрпақтарымыз. Біздің ауыз әдебиетіміз көне дәуірлерден, мифтік әңгімелерден басталады. Ал жазба әдебиетіміз Есік обасындағы Алтын адамның жанынан табылған күміс тостағандағы «Аға саған бұл ошақ. Азық-түлік мол болсын. Жат ел адамдары тізеңді бүк» деген үш сөйлемнен басталады. Мен «жазба әдебиетіміздің бастау көзі – осы күміс тостағандағы жазу» деп айтумен келемін. Ғылыми конференцияларда осы мәселені көтердім, бірнеше рет баяндама жасадым, «Күміс тостағандағы жазу» атты кітап та шығардым. Қазіргі таңда біздің институттың студенттері қазақтың жазба әдебиетін осы күміс тостағандағы жазудан бастайды. Ғылыми жаңалық деген осындай болады деп ойлаймын.

Ойдан шығарып отырған жоқпыз. Алтын адам табылды ма? Табылды. Күміс тостағанда жазу бар ма? Бар. Бұл шындыққа жақын дүниелер. – Тарих деген қызық қой. Кейде батыр деп есептеліп жүрген тарихи тұлғаларымыздың басқаша бейнеленген тұстары да аз болған жоқ. Сонда бұл біздің тарихымыздың бұрмаланып көрсетілген кезеңдерінің салдары ма, қалай ойлайсыз? – Кеңестік идеология түркі халықтарының, соның ішінде қазақ халқының арғы тегіне, пайда болу, қалыптасу тарихына көз жұма қарады. Жетістіктерімізді тек социализм идеясымен сабақтастырды. Шынайы социализм идеяларының орнына жабайы социализм идеялары сананы биледі. Мыңдаған жыл бойы қалыптасқан салт-дәстүрлерімізді санадан өшіретін идеологиялық механизмдер жұмыс істеп тұрды. Бұл идеология қазақтың оқымысты элитасын бір-бірімен жағаластырып қойды. Алашордашылардың арасына іріткі салынды. Соның кесірінен алауыздық пайда болды. Тіпті кейбір қазақ оқымыстылары «Қазақстанды қазақ басқармауы керек» деген пікір білдірді.

Мұның астарында жағымпаздық деген дерт жатты. 1931-1933 жылдардағы ашаршылықта миллиондаған қазақ шыбындай қырылды. Сонда Сәдуақасов деген биліктегі адам: «Социализм жеңісін қорғау үшін миллиондаған қазақ өлуге дайын» деген ұран тастады. Бұл жағымпаздықтың ең биік шыңы еді. Сонан соң қазақ ақын-жазушыларын қалың тұманға сүйреп апарған «Социалистік реализм» ағымы болды. Мұны кейбіреулер «ғылым» деп ойлады. Соның салдарынан «қалың тұман ішінде адасқан оқымыстылар» пайда болды. Қазақ халқының болашағын ойлайтын бай, болыстар «халық жауына» айналды, Кеңес одағы құлап, социализм күйреген соң әлгі «халық жаулары» аталған бай-болыстар «халық қамқоршылары» болып шыға келді. Енді баяғы халықтың бақуатты бір бөлігі халық жаулары болып, социализм құлаған соң «халық қамқоршылары» болып шыға келді. С.Сейфуллиннің «Бандыны қуған Хамиті» енді жағымсыз кейіпкер болды, ал Хамит қуған банды жағымды кейіпкерге айналды. Енді баяғы комсомол Ғани Мұратбаевты кім дейміз? Жау дейміз бе, халықтың досы дейміз бе? Әбдірахман Әйтиевті ше? Өмір сабақтарынан ой түйе отырып, енді біз мықты ұлттық идеологияны қолға алуымыз қажет. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Шапағат ӘБДІР

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар