Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Орманшаруашылығына оң көзқарас керек

Орманшаруашылығына оң көзқарас керек
ашық дереккөз
Жуырда Мәжілісте орман өрттерінің алдын алу және оған қарсы күрес тақырыбына арналған Үкімет сағаты өтті. Мәжіліс вице-спикері Альберт Рау жетекшілік еткен жиында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Үкіметтің осы бағыттағы жұмысы туралы баяндады.

Отырысты ашқан Альберт Рау жыл сайын мемлекеттік орман қоры аумағында 650-ден 800-ге дейін өрт оқиғасы тіркелетінін айтты. Соңғы 5 жылда олардың саны 3 200-ден асып, 610 мың гектар алқап өртке оранған. – Былтыр маусым айында «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында болған өрт 60 мың гектар орманды шарпыды. Отты ауыздықтау кезінде 15 адам қаза тапты. Мемлекет басшысы Абай облысында өткен жедел штаб отырысында бұл салада шешімін таппаған мәселелердің көп екенін айтты. Мәжіліс депутаттары Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау бойынша мемлекеттік органдар қандай жұмыс атқарып жатқанын, орман өрттерінің алдын алу мен оны сөндірудің жаңа технологиялары қалай енгізіліп жатқанын білгісі келеді, – деді Альберт Рау. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев баяндама жасады.

Сала басшысының айтуынша, мемлекеттік орман қорының ауданы 30,9 миллион гектарды құрайды. Соның ішінде орманмен көмкерілген 13,7 миллион гектар жер бар. Ел аумағының орманмен қамтылуы 5 пайызды құрайды. Министр келтірген мәліметтерге сүйенсек, 2023 жылы жалпы ауданы 116,8 мың гектарды құрайтын 810 орман өрті тіркелген. Соның ішінде орманмен көмкерілген алаң – 61,1 мың гектар. Жалпы орман өртіне негізінен найзағай (498 оқиға), жеке және заңды тұлғалардың кінәсі (30), ауылшаруашылығы жеріне от қою кезінде бақылаудан шығып кетуі (87) себеп болатын көрінеді. – Өткен жылы Абай облысы орман қорының аумағында екі ірі орман өрті болып, олар Ертіс өңірі орманының 63,5 мың гектарын қамтыды. Орманшаруашылығы жүйесінде радио-телефон байланысын пайдалануға негізделген орман өрттеріне әрекет ету схемасы қолданылады.

Бұл шұғыл шешімдер қабылдауға кері әсерін берді. Өрт шыққаны туралы барлық ақпарат Алматы қаласындағы Қазақ ормандарды авиациялық қорғау және орманшаруашылығына қызмет көрсету базасы жанындағы республикалық диспетчерлік пунктіне жиналып, Орманшаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті мен министрлікке беріледі. Сол жерден ірі орман өрттерін сөндіру кезінде жедел шешімдер қабылданады. Өрт қауіпсіздігі қағидаларына сәйкес өрт сөндіру жұмыстарын орман басшысы немесе орман мекемесінің директоры басқарады. Ал өрт жағдайы қиындаған кезде өрт сөндіруді орманшаруашылығы саласындағы уәкілетті органның өкілі басқарады, – деді Е.Нысанбаев. Мұнан бөлек Ерлан Нысанбаев табиғи өрттердің алдын алу және жою жүйесін күшейту мақсатымен Экология және Төтенше жағдайлар министрліктерінің бірлескен бұйрығымен табиғи өрттерді жою кезінде уәкілетті органдар мен ұйымдардың өзара іс-қимылының алгоритмі бекітілгенін айтты.

Алгоритмде мемлекеттік орман күзетінің қызметкерлерінің де, ТЖМ қызметкерлерінің де жағдайды бағалау және орман өрті туындаған жағдайда қосымша күштер тарту туралы шешім қабылдауы көзделеді. Министрдің сөзіне сүйенсек, орман өрттерін дәлме-дәл және уақытылы анықтау, орманшаруашылығына цифрландыруды енгізу мақсатында «Орман өрттерін ерте анықтау жүйесі» жобасы әзірленген. – Жоба аясында өрттер 30 шақырымға дейін айналмалы көру мүмкіндігі бар бейнебақылау камералары арқылы анықталады. Өткен жылы бұл жүйе «Ертіс орманы» резерваты мен «Көкшетау» ұлттық паркінде енгізілді, сондай-ақ осыған ұқсас жүйелер «Бурабай» ұлттық паркінде, «Медеу» табиғи паркінде бар. Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарының орман мекемелерінде жетілдіре түсуді қажет ететін тек бейнебақылау жүйесі орнатылған. Жүйені «Бурабай» ұлттық саябағына енгізу өз тиімділігін көрсетті. Егер бұрын мұнда орман өртінің орташа ауданы 80 гектар болса, жүйе енгізілгеннен кейін аумақ 1,5 гектарға дейін қысқарды. Өрттерді ерте анықтау жүйесі республикалық және жергілікті деңгейдегі объектілерде кезең-кезеңімен енгізіліп, Ситуациялық орталыққа қосылып отырады, – деді Е.Нысанбаев.

Сондай-ақ республиканың барлық орманшаруашылығын материалдық-техникалық қамтамасыз ету үшін 2023-2027 жылдарға арналған азаматтық қорғау саласындағы бірінші кезектегі шаралардың кешенді жоспары әзірленген. Жоспарда барлық кезеңге 68,6 миллиард теңге сомасына шығыстар көзделген. Сөйтіп, 1 082 арнайы техника (өрт сөндіру және патрульдік көліктер, тракторлар), өртке қарсы және орманды қалпына келтіру жұмыстарына 948 тіркеме және қосымша жабдық сатып алу, орман өрттерін ерте анықтау жүйесін орнату, орманшаруашылығы мекемелерінің аумағында 102 өрт бақылау мұнарасын салу жоспарланып отыр. – Өткен жылы министрліктің табиғат қорғау ұйымдарын материалдық-техникалық қамтамасыз етуге 13,4 миллиард теңге бөлінді. 337 арнайы көлік құралы, 655 қосымша өртке қарсы жабдық сатып алынды. «Семей орманы» резерватына арналған жалпы сомасы 1,4 миллиард теңгеге 37 арнайы көлік құралы сатып алынды. «Ақ Ертіс» қоғамдық қоры 5 шағын өрт сөндіру кешенін, өрт сөндіру көлігіне арналған 15 қозғалтқышты, 20 мотопомпаны және 4 өрт сөндіру көлігін берді.

Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму бағдарламасының техникалық көмегі аясында 330 радиостансасы мен 150 автомобиль антеннасы алынды. Жергілікті атқарушы органдар өткен жылы орманшаруашылықтарын материалдық-техникалық жарақтандыруға жергілікті бюджеттен 6,6 миллиард теңге қаражат бөліп, оған 20 өрт сөндіру, 76 патрульдік автокөлігі мен 147 трактор сатып алынған. Табиғат қорғау мекемелерінің қолданыстағы арнайы көліктерінің 60 пайызы есептен шығаруға жататынын айта кеткен жөн. Орманшаруашылықтарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға жергілікті атқарушы органдарда биыл қаражат көзделмеген. Премьер-Министрдің бірінші орынбасарының 2024 жылғы 24 қаңтардағы тапсырмасы бойынша, министрліктің табиғат қорғау мекемелерінің орман өрт сөндіру стансалары үшін: 108 өрт сөндіру көлігін, 79 шағын орман өрт сөндіру кешенін, 37 тракторды лизингке сатып алу мәселесі пысықталып жатыр. Мемлекеттік орман қорын авиациямен патрульдеуге нормативті ұшу сағатына жеткілікті (нормаға сәйкес 9 024 сағат) 7,7 миллиард теңге қарастырылған, – деді Е.Нысанбаев.

Жиында Төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықов ұшқышсыз авиацияны дамытуға баса назар аударды. Ол өрттің алдын алу мен бақылауда ғана емес, өрт қауіпсіздігі режимін бұзушыларды анықтауда тиімдірек болып отыр. Бүгінгі таңда Төтенше жағдайлар министрлігінде тікұшақ үлгісіндегі 120 дрон бар, оның жартысынан көбі өткен жылы сатып алынған. Үкімет сағатында көтерілген мәселеге байланысты қосымша баяндама жасаған депутат Еділ Жаңбыршин саладағы күрделі түйткілдер әлі толық шешімін таппағанына назар аударды. – Бүгінгі баяндамадан Президенттің тапсырмаларын орындау жұмыстары басталғанын көріп отырмыз. Алайда осындай ахуалға алып келген кейбір жүйелі мәселелер толық шешімін тапты деп айту қиын. Егер оларды түзетуді қазір қолға алмасақ, алдағы уақытта өрттердің қайталануы әбден мүмкін. Өйткені алдағы жаз айлары қатты ыстық болады деп болжануда, сондықтан дайындықты қазірден бастауымыз керек. Бірінші, өртке қарсы күресудің әлемдік озық тәжірибелері көрсетіп отырғандай, өрттің шығуын ерте анықтау және оған шұғыл ден қою – өртті жедел әрі уақытылы сөндірудің бірден-бір мүмкіндігі. Үкімет сағатына дайындық аясында комитеттің бір топ депутаты тәулік бойы орманды автоматты режімде бақылайтын орман өрттерін ерте анықтау жүйесімен танысу үшін «Бурабай» ұлттық паркіне барып қайттық.

Жүйені енгізу кейінгі 3 жылда өрттер ауқымын 4 есеге (84,4 гектардан 20,4 гектарға дейін), өрт ошақтарына шұғыл ден қою уақытын 3 есеге (30 минуттан 10 минутқа дейін) төмендетуге мүмкіндік берген. Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарының орман мекемелерінде бейнебақылау жүйесі бар, бірақ оларды заманауи талапқа сай жетілдіру керек. Өкінішке қарай, бұл жүйе барлық орманда енгізілмеген. Биыл «Семей орманы» қорығы аумағында өртті ерте анықтау жүйесін енгізу үшін қажет 4,1 миллиард теңге қолдау таппай отыр. Жаңа Үкімет бұл мәселеге қолдау білдіріп, ал тиісті министрліктер мен әкімдіктер осындай жүйені өңірлерде енгізу үшін барлық мүмкіндікті қарастыруы қажет, – деді Е.Жаңбыршин. Отырыс барысында депутаттар шешімін таппаған басқа да мәселелерге тоқталды. Мысалы, орман қорын қалпына келтіру, Семей орманындағы өрттің шығын мөлшерін толық бағалау, табиғи аумақты жарақтандыруға бөлінетін қаржы, жерді ғарыштан мониторингілеу жүйесінің қызметі, орманшаруашылықтарындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, ғалымдар мен мамандар даярлау, орманшаруашылығы қызметкерлеріне қосымша ақы төлеу сияқты түйткілдерге назар аударылды. Альберт Рау Экология және табиғат пайдалану комитеті аптаның соңына дейін орман өрттерінің алдын алу және онымен күресу бойынша ұсыныстарды жинақтап Үкіметке жіберетінін айтты.

– Жаз маусымы басталмай тұрып жауапты мемлекеттік органдар шығындарды азайту үшін тиісті шаралар қабылдап үлгеруі қажет. Цифрландыру – бұл шешім емес. Бірақ бұл «Бурабай» саябағындағы мысалдан көргеніміздей, өрттің салдарын залалсыздандыруға болатын тәсілдердің бірі. Сонымен қатар біз жауапкершілік ғарыштан өрттің анықталғаны туралы сигнал алған сәттен бастап енгізілетін ереже қарастырдық. Мұның бәрі ұлттық қазына-байлығымыз үшін жасалып жатқан әрекеттер, – деп түйіндеді вице-спикер. Үкімет сағаты аясында Мәжіліс ғимаратында Экология және Төтенше жағдайлар министрліктерінің ұйымдастыруымен тақырыптық көрме өтті. Депутаттарға қызметтік техника мен құтқарушылардың құрал-жабдықтары көрсетілді.

ТАЛҒАТ НҰРХАНОВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар