Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Педагогтар тәжірибе алмасты

Педагогтар тәжірибе алмасты
Ашық дереккөз
Мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін облыстық орталықтың жылдық жоспары бойынша, Байзақ ауданындағы К.Әзірбаев атындағы балалар саз мектебінің базасында қосымша білім беру педагогтарына арналған «Ұлттық аспаптарға балаларды баулу арқылы музыкалық тәрбие беру және ұлттық құндылықтарды дәріптеу» тақырыбында облыстық семинар өтті. Семинарға облыстың 60 қосымша білім беру ұйымының педагогтары қатысты.

Іс-шараны облыс әкімдігі білім басқармасының тәрбие және қосымша білім беру бөлімінің басшысы Гүлзира Дәрібаева ашты. Семинардың пленарлық бөлімінде К.Әзірбаев атындағы балалар саз мектебінің директоры Панабек Ахметов «Домбыра аспабын оқушыға үйрету әдістері мен репертуарды дұрыс таңдау мәселесі», Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты №3 балалар саз мектебінің мұғалімі Болатқазы Файзуллин «ІТ-технологиясы арқылы музыкалық тәрбие берудің замануи сипаты», К.Әзірбаев атындағы саз мектебінің мұғалімі Жанар Сәдуақасова «Қобыз аспабында техниканы дамыту әдістемесі» тақырыбында баяндамаларын оқып, өнер, саз мектептеріне қатысты қосымша білім беру педагогтарымен өзекті мәселелерді талқылады.

Семинардың тәжірибелік бөлімінде қатысушылар ашық сабақтар мен шеберлік сыныптарға қатысып, өзара тәжірибе алмасты. Сондай-ақ К.Әзірбаев атындағы балалар саз мектебінің педагогтары –Лилия Крымцева «Первые шаги маленького пианиста», Рауан Жексембі «Дарынды шәкіртпен жұмыс», Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің оқытушысы Ирина Хван «Развитие интонационных и слуховых навыков» тақырыбында шеберлік дәрістерін өткізді.

Сондай-ақ К.Әзірбаев атындағы балалар саз мектебінің мұғалімі Әсел Дайрабаева «Сазсырнайда орындалатын халық күйлері» және жетіген аспабының мұғалімі Айман Шерметова «Жетіген аспабын үйренудің бастапқы қадамдары: аспапта дұрыс ойнау және қойылым» тақырыбында ашық сабақтар өткізді. Іс-шара соңында мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін облыстық орталықтың директоры Балдай Ертуғанова семинар жұмысын қорытындылап, қатысушыларға сертификаттар мен алғыс хаттар табыстады.

АЙЖАН ӨЗБЕКОВА 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар