Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жыл ішінде 7 «ЖАЙЛЫ МЕКТЕП» ашылады

Жыл ішінде 7 «ЖАЙЛЫ МЕКТЕП» ашылады
Ашық дереккөз
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кезекті кеңесте «Жайлы мектеп» жобасының жайы қаралды. Жиынға басқарма басшылары, «Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамының басқарма мүшелері мен мердігер компания өкілдері қатысты.

Жалпы 2023-2025 жылдары «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыста 12 мектеп (Таразда – 4, Байзақ ауданында – 1, Жамбылда – 1, Қордайда – 3, Меркіде – 1, Шуда – 2) салу жоспарланған. Жалпы сомасы 15,1 миллиард теңгені құраған 7 мектептің құрылысы биыл аяқталып, жаңа оқу жылында қолданысқа берілуі керек. Жиында «Samruk-Kazyna Construction» акционердік қоғамының басқарма төрағасы Мәулен Айманбетов «Жайлы мектеп» жобасы Мемлекет басшысының тікелей бақылауында екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ басқарма төрағасы атқарылған жұмыстардың сапасына аса мән берілуі керектігін жеткізді.

– Өткен жылы құрылысы басталған 7 мектептің сыртқы инженерлік инфрақұрылымын жүргізуге жобалаушы мекемелермен келісімшарттар түзіліп, Сарыкемер ауылындағы 600 орындық 1 мектеп бойынша сараптаманың оң қорытындысы алынып, мердігерді анықтауға конкурс жарияланды. Қалған 6 мектеп бойынша жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. Сараптама қорытындысын биылғы жылдың ақпан-наурыз айларында алу жоспарланған. 2024 жылы 5 мектептің құрылыс-монтаждау жұмыстары басталады деп жоспарланып отыр. 3 мектептің жер телімі анықталып, «Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамының теңгеріміне берілді.

2 мектептің алғашқы таңдалған жер телімі «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ның талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты екінші жер телімі таңдалды. Аталған жер телімдері бойынша мемлекеттік акт алу жұмыстары жүруде. 5 мектептің сыртқы инженерлік инфрақұрылымдары бойынша жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. Сараптамадан сәуір айында шығады. Екі мектептің жобасын әзірлеуге аудан тарапынан қаржы 2024 жылдың наурыз айында қарастырылады. Қалған 2 жоба бойынша жер мәселесі шешілген соң әзірленеді. Жол картасына сәйкес биыл құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан 7 мектепті сыртқы инженерлік желілерімен қамтамасыз ету шілде айында аяқталады деп күтілуде.

«Жайлы мектеп» жобасы Үкімет тапсырмасы аясында қолға алынып жатқандығын естен шығармауымыз қажет. Атқарылған жұмыстар Президенттің тікелей бақылауында. Сондай-ақ ұлттық жоба пилоттық негізде жүзеге асып отыр. Сол себепті құрылыс саласындағы процестер жергілікті бақылаушы мекемелердің құзыреттілігімен реттелмейді. Сонымен қатар сапалы құжаттамаларды рәсімдеу ісін жеделдетіп бір жолға қою қажет. Сонда ғана құрылыс жұмыстарында жөнсіз кедергілерден арылып, жүйелі істерді жалғастыра аламыз, – деді М.Айманбетов.

Жиын барысында облыс әкімі жер бөлу және инженерлік коммуникацияларды жүргізу, мектептерді интернетпен қамтамасыз ету мәселесіне назар аударып, жауаптыларға үйлестіруші мекеме басшылығымен бірлесе жұмыс жүргізу қажеттігін жеткізді.

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар