«Елімізде отаншыл, жасампаз, батыл, дарынды, білімді, озық әрі еңбекқор жандар өте көп. Мен осындай азаматтарды көргенде болашағымыздың жарқын боларына зор сеніммен қараймын. Тәуелсіз Қазақстанда рухы азат, көзі ашық, көкірегі ояу ұрпақ өсіп келеді. Олар ғылым-білім, музыка, кино, спорт және басқа да салаларда табысқа жетіп, бүкіл әлемге танымал бола бастады. Жастарымыз туған жердің қайталанбас ерекшелігін және туған елдің бірегей болмысын жер жүзіне танытып жүр.
Жас ұрпақ тарих тағылымын және елдің жарқын болашаққа ұмтылысын бір арнаға тоғыстырып жатыр. Осылайша олар ұлттың рухын жаңғыртуда. Осы серпілістің қарқынын сақтай отырып, оны күшейте түсу – мемлекеттің міндеті. Бұл міндетті абыроймен атқарсақ, қазақтың ренессанс дәуірі, яғни түбегейлі өзгерістер заманы келеді», – деп атап өтті Мемлекет басшысы алқалы жиында. Бүгінде облыста 1 222 192 адам тұрса, оның 354 мыңнан астамы жастар. Яғни аймақ халқының 29,1 пайызын құрайды. Жастардың 147 955-і қалада, 206 084-і ауылдық елді мекенде тұрады. Облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасы, міне, осы жастардың басын бір ортаға топтастырып, олардың мәселелерін шешу, бастамаларын қолдау, шығармашылықтарын дамыту, тағы да басқа көптеген бағытта жұмыс атқарып келеді.
Бүгінде мекемеде 7 мемлекеттік қызметкер жұмыс істейді. Сонымен қатар 5 штаттан тыс техникалық қызметкер еңбек етеді. Өңірде жастардың әлеуметтік және жеке дамуына жәрдемдесуге, жастар ұйымдарының қызметін қолдауға бағытталған 1 облыстық, 2 қалалық және 10 аудандық «Жастар ресурстық орталығы» қызмет етеді. Онда жалпы саны 421 қызметкер, оның ішінде 332 маман жастармен етене жұмыс істеуде.Осы орайда жергілікті жердегі жастар ресурстық орталықтарын жеке ғимаратпен қамтудың маңызы зор екендігі айтпаса да түсінікті. Қазіргі таңда Тараз, Шу қалалық және Жамбыл, Жуалы, Қордай, Меркі, Мойынқұм, Т.Рысқұлов аудандық жастар ресурстық орталықтарында жеке ғимаратқа орналасу мәселесі шешілген.
Оның ішінде облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес 2023 жылы Меркі аудандық жастар орталығына жер учаскесі бар жаңадан ғимарат салынып берілді.Сол сияқты Мойынқұм ауданында екі қабатты ғимарат жер учаскесімен орталықтың меншігіне өткізілді. Ал Шу қалалық және Т.Рысқұлов аудандық жастар ресурстық орталығы ғимараттарының тозығы жеткен. Бүгінгі күнге дейін жеке ғимарат мәселесі шешілмеген аудандар да бар. Атап айтсақ, Байзақ, Талас аудандық жастар ресурстық орталықтары жеке кәсіпкердің ғимаратын жалға алып отыр.
Ал облыстық жастар ресурстық орталығы білім басқармасының, Шу аудандық жастар ресурстық орталығы аудандық білім бөлімінің және Сарысу аудандық жастар ресурстық орталығы қазынашылық басқармасының теңгеріміндегі ғимаратқа орналасқан. Мемлекет басшысы жастардың шығармашылығын шыңдау және талантты жастарды қолдау үшін креативті орталықтар ашуды ұсынған болатын. Бірақ жоғарыда атап өткен жастар ресурстық орталықтарының аты затына сай болмай тұр.
Аталған орталықтарға жастардың еркін кіріп-шығуына мүмкіндік жоқ. Онда жастардың бос уақытын өткізетін арнайы ортаны қалыптастыруға, жастардың бастамалары мен шығармашылығын дамытуға және волонтерлік фронт-офис қызметін, үйірмелер мен клуб жұмыстарын жүргізуге еш жағдай жасалмаған. Осы орайда Байзақ, Талас, Шу, Сарысу аудандық және облыстық жастар ресурстық орталығына жеке ғимарат салу немесе сатып алу не болмаса мемлекет теңгеріміндегі бос ғимаратты жеке балансына беру мәселесі оң шешімін тапса, нұр үстіне нұр болар еді.
Бүгінде жастар саясатын іске асыруға бөлінетін қаражат көлемі жылдан-жылға артып келеді. Былтыр осы мақсатқа жергілікті бюджеттен 2 миллиард 239,5 миллион теңге қаржы қарастырылған. Айта кету керек, 2023 жылдың қаржы көлемі 2022 жылмен салыстырғанда 1 миллиард 218,3 миллион теңгеге, яғни 89 пайызға артқан. Ал облыс бойынша түрлі бағыттағы іс-шараларды ұйымдастыруға жергілікті бюджеттен 142,5 миллион теңге бөлініп, ол 2022 жылмен салыстырғанда 71,2 миллион теңгеге, яғни 99,8 пайызға көбейді.
2024 жылы облыста жастар саясатын жүзеге асыруға тиісті мүдделі органдармен бірге 1 миллиард 596 миллион теңге қарастырылған. Оның ішінде түрлі бағыттағы іс-шараларды ұйымдастыруға 222,4 миллион теңге бөлініп отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 70,6 миллион теңгеге, яғни 31,7 пайызға артқан. Сонымен қатар 2023 жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде жастар саясатынжүзегеасыруға жергілікті бюджеттен 61,6 миллион теңгеқаржы бөлініп, 20 әлеуметтік маңызы бар жоба іске асырылды.
Есепті кезеңде әлеуметтік маңызы бар жобалар саны 2022 жылмен салыстырғанда 14-ке артып, қарастырылған қаржы көлемі 20,2 миллион теңгеге, яғни 48,8 пайызға көбейген. Оның ішінде 2023 жылы басқарма тарапынан 9 жоба іске асырылған. Жобалар аясында 241 шара ұйымдастырылып, оған 15 267 жас қамтылды. Осы орайда басқарма тарапынан былтыр жүзеге асқан бірқатар жобаға тоқталып өтсем, жасыратыны жоқ, өңірде жас ақындардың ортасы назардан тыс қалып кетіп жатады. Сондықтан да біз өткен жылы «Шығармашыл, талантты жастарды қолдауға бағытталған кешенді шаралар ұйымдастыру» жобасы аясында алғаш рет «Жыр жауһары» атты облыстық поэтикалық дуэль және жас эстрадалық әншілер арасында «Әуенді battle» атты облыстық байқау ұйымдастырдық. Мектеп, колледж және жоғары оқу орындарында оқитын жастар арасында үлкен қозғалысқа айналған, өзіндік ортаны қалыптастыратын «Jaidarman» ойындары арқылы көптеген саясаткерлер, мемлекеттік деңгейде қоғам қайраткерлері және медиа тұлғалар шыққанын білеміз.
«Jaidarman»-нан түлеп ұшқан әрбір жас өмірден өз орындарын тауып, бүгінде түрлі салада қызмет жасауда. Дегенмен біздің өңірде 2020 жылдан бастап «Jaidarman» қозғалысы ақсап қалғанын айта кету керек. Былтырдан бастап облыс көлемінде «Jaidarman» ойындарына жергілікті бюджеттен бөлінген қаржы көлемі 2022 жылға қарағанда 5 есе ұлғайып, ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер қатары көбейді. Атап айтқанда, басқарманың «Жастар арасында «Jaidarman» ойындарын ұйымдастыру» жобасы аясында 12 тамыз – Халықаралық жастар күніне» орай ашық аспан астында облыстық «Жазғы кубок-2023», 5 рет облыс әкімінің кубогы үшін «Жоғары лига» және 5 рет басқарма кубогы үшін «Премьер лига» және «Маусымашар» «Jaidarman» ойындары ұйымдастырылды. Сонымен қатар Тараз қаласы мен өңірдің 10 ауданында «Jaidarman» ойындары өтті. 2023 жылы «Жуалы», «Медиум» «Jaidarman» командалары республикалық жоғары лигада өнер көрсетті. Тіпті «Жуалы» командасы республикалық жоғары лига ойынында II орын иеленіп, 15 миллион теңгені жеңіп алды.
«Jaidarman» тарихында жоғары лига ойындарына Жамбыл облысынан соңғы рет 2009 жылы «Бауырсақтар» командасы ғана шыққанын ескерсек, былтырғы жетістіктің өзіндік салмағы бар екенін аңғару қиын емес. Сонымен қатар өңірлік «Престиж» «Jaidarman» тобы республикалық ашық лигада өнер көрсетсе, 6 мектеп және студенттік командамыз республикалық «Номад» лигасында бақ сынады. Оның ішінде облысымыздың «ОЮ» командасы республикалық «Номад» лигасының чемпионы атанды. Ал облысымыздың намысын қорғап жүрген «Медиум» командасы «Астана күніне» орай ұйымдастырылған республикалық «Jaidarman» додасында жүлделі II орынды жеңіп алды. Меркі аудандық «Меркістан» оқушылар командасы республикалық «Junior» лигасында III орынды иеленгенін де айта кетуге болады. Отбасылық құндылықты нығайту мәселесі де күн тәртібінен түскен емес.
Біз осы орайда «Жастар арасында отбасылық құндылықтарды, жастардың репродуктивті денсаулығын нығайтуға және қиын жағдайға тап болған жас отбасыларға көмек көрсетуге бағытталған кешенді шаралар ұйымдастыру» жобасын қолға алған болатынбыз. Жоба аясында Тараз қаласы мен өңірдің барлық ауданында тиісті бағытта тәжірибелі психолог мамандардың қатысуымен отбасы құндылықтарын нығайтуға бағытталған 22 кездесу өткізілсе, қыздар арасында ерте жүктіліктің алдын алу мақсатында 30 түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Қиын жағдайға тап болған 30-ға жуық жас отбасы қабылдауда болды. Сонымен қатар отбасылық қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған «Oi sheberi» атты отбасылық зияткерлік ойындары, «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» акциясы аясында «Біз – бақытты отбасымыз» атты облыстық спартакиада ұйымдастырылды. «Әртүрлі этнос жастары арасында өзара қатынасты нығайтуға, татулық пен бірлікті насихаттауға бағытталған кешенді шаралар ұйымдастыру» жобасы аясында Тараз қаласы мен өңірдің 10 ауданында кеңес беру алаңдары, кездесулер және «Қазақстан – достықтың киелі бесігі» тақырыбында интеллектуалдық ойыны мен «Бір халық – бір ел – бір тағдыр» атты облыстық спартакиада өткізілді.
Ал «Мүмкіндігі шектеулі және ерекше білім беруді қажет ететін жастар арасында кешенді іс-шаралар ұйымдастыру» жобасы аясында көзі көрмейтін және нашар көретін жастарға арналған 1 заманауи көркем фильм мен 1 заманауи анимациялық фильмге тифлоаударма жасалып берілді. Сонымен қатар саңырау және нашар еститін балаларға арналған облыстық «Мейірім» арнайы түзету мектеп-интернатында, №1 «Өркен» арнайы мектеп-интернатында, №2 «Болашақ» арнайы мектеп-интернатында және №4 «Үміт» арнайы мектеп-интернатында оқитын балаларға арналған түрлі форматта іс-шаралар ұйымдастырылды. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жастар мен жасөспірімдер арасында «Менің әлемім» атты 2 шығармашылық байқау, 5 психологиялық тренинг және түрлі салада жетістікке жеткен мүмкіндігі шектеулі жандармен жастардың мотивациялық кездесуі өткізілді.
Басқарманың «Жастар арасында пікірсайыс ойындарын ұйымдастыру» жобасы аясында «Open AIR» атты ашық аспан астындағы дебат турнирі, «TALK LIKE» теле-дебат ойыны және 15-ке жуық оқушылар арасында және факультетаралық дебат турнирлері тартысқа толы болды. Жобаға қосымша демеушілер тартылып, жастарға 3 миллион теңгеге жуық ақшалай және гранттық сертификаттар табысталды.
Биыл облыс көлемінде мемлекеттік жастар саясаты саласында 25 мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты және 2 гранттық жобаны іске асыруға 106 миллион теңге қаржы бөлініп отыр. Оның ішінде басқарма тарапынан 8 әлеуметтік тапсырыс жобасын іске асыру жоспарланған. Осы орайда «Jaidarman» ойындарын, «Жігіт сұлтаны», «Инабатты ару», «Қазақтың келіндері-ай» байқаулары ұйымдастырылмақ. Сонымен қатар жастар арасында волонтерлік, зияткерлік және пікірсайыс қозғалыстарын дамытуға басымдық берілуде. Бұдан бөлек жастардың креативті идеяларын қолдау және кеңес беру мақсатында «BAGYT» орталығын ұйымдастыру көзделіп отыр. Дегенмен Байзақ, Жамбыл, Қордай, Сарысу, Т.Рысқұлов, Мойынқұм аудандарының ішкі саясат бөлімдері мен жастар орталықтары тарапынан мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс жобалары мүлдем қарастырылмағанын айта кеткен жөн.
Халық даналығында «Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» деген сөз бар. Бұл тұрғыда ақын Мағжан Жұмабаевтың «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай құсты қанатты, мен жастарға сенемін!» деп жырлауы да өскелең ұрпақтың қадамын нықтап, жігерін жани түсетіндігі сөзсіз. Басқарма өзінің жұмыс жоспарына сәйкес жастарды әскери-патриоттық тұрғыда тәрбиелеуге, еңбекке баулуға, бос уақыттарын тиімді пайдалануға баса назар аударуда. Мекеменің «Жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеуге бағытталған іс-шаралар кешенін ұйымдастыру» жобасы аясында Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің 17 студентіне арнайы әскери «Жас сарбаз» жасағының киім жиынтығы және спорттық киімдер жинағы әзірленіп, Қарағанды облысының Спаск қаласында өткен халықаралық «Айбын» әскери-спорттық ойындар жарысына жіберілді. Сонымен қатар «Әскерге бару – азаматтық борышым!» атты жастарды әскерге шығарып салу рәсімі 2 рет өтті.
Жалпы 2023 жылы Жамбыл облысынан 2000-ға жуық жас мерзімді әскери қызметтерін атқаруға жолданған. Сондай-ақ жастар мен жасөспірімдердің әскери өмірге деген қызығушылықтарын арттыру мақсатында облыс аумағында орналасқан әскери бөлімдер мен гарнизондар және әскери музейлер аумағында «Шын батыр сын үстінде танылар» атты экскурсиялар ұйымдастырылды. Барлық аудан орталықтарында және Тараз қаласында «Әскери-патриоттық тәрбие – ел ертеңінің тірегі» тақырыбында жастармен кездесулер өткізілді. Тараз қаласындағы «Әскери-техникалық мектеп» аумағында 9 сайыс түрінен өткен «Айбын-2023» облыстық әскери-патриоттық жастар жиыны да отаншылдық рухты нығайта түсті.
Ал «Жастар арасында волонтерлік қызметті дамытуға бағытталған жобаларды ұйымдастыру» жобасы аясында волонтерліктің 11 бағыты айқындалды. Соған сәйкес табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың, өрт қауіпсіздігінің алдын алу, ғимарат қабырғаларындағы синтетикалық есірткі құралдарын жарнамалайтын граффити жазуларды жою және түнгі уақытта кәмелеттік жасқа толмағандардың заңды өкілінсіз жүруіне жол бермеу мақсатында 50-ге жуық рейдтік, ақпараттық іс-шаралар ұйымдастырылды. Сонымен қатар жоба аясында Тараз қаласы, «Мыңбұлақ» ықшамауданы, №9 мекенжайында «Qamqor» қайырымдылық дүкені ашылып, көпбалалы, отбасылық жағдайы төмен 150-ге жуық отбасыға 1 тоннаға жуық киім-кешек таратылды. Жалынды жастарды маусымдық жұмыспен қамту және экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытында «Жасыл ел» жобасының берері мол. Аталған жобаға жергілікті бюджет қаражаты есебінен 146,1 миллион теңге бөлініп, 1 991 жас маусымдық жұмыспен қамтылды.
Оның ішінде 269-ы уақытша бос жүрген жастар болса, 18-і пробация тізімінде тұрған азаматтар. Басқарманың «Жасыл ел» жобасын іске асыру және жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар кешенін ұйымдастыру» жобасы аясында 300 жас маусымдық жұмыспен қамтылды. Жас сарбаздар елді мекендер аумағында, Тараз қаласының «Президент», «Жеңіс», «Денсаулық» және «Мамыр» саябақтарын және ықшамаудандар ауласын, көшелерді, арық жүйелерін, каналдарды күл-қоқыстардан тазартып, тал-дарақтарын әктеп, көгалдандыру, сырлау жұмыстарын жүргізді. Маусымдық жұмыстар барысында 298 300 шаршы метр аумақ тазаланып, 286,1 тонна күл-қоқыс шығарылған. Сонымен қатар 888 қураған тал кесіліп, 11 067 ағаш көшеті отырғызылған. Биыл «Жасыл ел» жобасы аясында жастарды маусымдық жұмыспен қамтудың межесін 2000 жасқа дейін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Жалпы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 2023 жылдың І тоқсанында 5,1 пайызды құраған болатын, ІІІ тоқсан қорытындысымен 3,2 пайызды көрсетті.
Яғни жастардың жұмыссыздық деңгейі 1,9 пайызға төмендеп отыр. Ал уақытша бос жүрген (NEET) жастардың үлесі 2023 жылдың І тоқсанында 8,6 пайызды құраса, ІІІ тоқсан қорытындысымен көрсеткіш 6,5 пайыз деңгейінде қалыптасты. Былтыр облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесінде 36 987 әлеуметтік мәртебесі анықталмаған жастың тізімі берілген болатын. Аталған тізім бойынша жыл бойы жастар орталықтарымен адрестік талдау жұмыстары жүргізіліп, 18 бағыт бойынша 17 405 жастың әлеуметтік мәртебесі толық өзектендіріліп, 19 582 жас жүйеден алынды. 2023 жылдың қорытындысымен жастарға жұмыспен қамтудың белсенді шаралары бойынша бағыт-бағдар беру және жергілікті деңгейде әлеуметтік мәселелерін тыңдап, шешу мақсатында 106 қоғамдық тыңдау өткізілді. Қоғамдық тыңдауларға уақытша жұмыссыз жүрген 2 005, пробация тізімінде тұрған 230 жас қатысты.
Мемлекеттік қолдау тетіктері мен жұмыспен қамтудың белсенді шаралары туралы жастар көп шоғырланған орындарда, сауда орталықтарында, базарларда 289 ақпараттық кеңес беру алаңы ұйымдастырылды. Оған жалпы 19 650 жас қатысса, оның ішінде уақытша жұмыссыз жүрген 3 029 жас, пробация тізімінде тұрған 381 жас мемлекеттік бағдарламалар туралы ақпараттық кеңес алды. Былтыр облыс көлемінде жастар ресурстық орталықтары және мансап орталықтары 132 бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Аталған іс-шараларға 2 168 жұмыс беруші мекеме қатысып, 7 821 бос жұмыс орны ұсынылды. Жәрмеңкеге 5 534 жұмыссыз қатысса, оның 2 178-і жастар.
Жәрмеңке қорытындысымен 26 жас әлеуметтік жұмыс орындарына, 1 162 жас тұрақты жұмыс орындарына жолданды. 546 жас «Жастар тәжірибесі» жобасы бойынша еңбек дүбіріне араласса, 3 867 адам жұмыспен қамту шаралары бойынша консультация алған. Өңірге бөлінген қаражат шеңберінде былтыр жұмыспен қамту мекемелерінің ықпалымен 35 жасқа дейінгі 27 655 жас жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылған. Атап айтқанда, 14 827 адам ваканттық жұмыс орындарына орналасса, 920 жас онлайн оқытуға, 3 047 түлек жастар тәжірибесіне, 302 жас әлеуметтік жұмыс орындарына жолданды. 2 717 жас ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылып, 29 жас «Ұрпақтар келісімшарты», 574 жас «Алғашқы жұмыс орны» жобаларының игілігін көрді.
Сондай-ақ 4 262 жас «Бастау Бизнес» жобасымен кәсіпкерлік негіздеріне оқуға, 618 адам кәсіптік оқытуға жолданып, 359 жас қайтарымсыз грант алған. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2023 жылдың наурыз айынан бастап өңірде жастардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау бағытында республикалық бюджеттен 2 миллиард 235 миллион теңге қаржы бөлініп, облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 2,5 пайызбен 483 жасқа шағын несие берілген. Оның ішінде басқарманың сұранысына сәйкес қосымша 100 жасқа шағын несие беру үшін республикалық бюджеттен 500 миллион теңге бөлінген.
Сонымен қатар «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы «Ауыл аманаты» жобасы аясында 1 151 жас 2,5 пайызбен жалпы сомасы 4 851,4 миллион теңге жеңілдетілген несие алды. Тағы бір нәтиже туралы айта кетсек, 2022 жылдан бастап республика көлемінде біздің өңір екінші болып, пилоттық жоба негізінде облыс жастарына жеңілдікпен несие беруге арналған «Әулиеата жастары» өңірлік тұрғын үй бағдарламасын іске қосқан болатын. 2022 жылы бағдарламаға жергілікті бюджет қаражаты есебінен 500 миллион теңге бөлініп, 41 жас баспанамен қамтылды.
Ал былтыр аталған бағдарламаға 2 миллиард теңге қаражат бөлініп, 144 жас қоныстой тойлады. Есепті кезеңде «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында 395 маманға 136,3 миллион теңге көтерме жәрдемақы және 195 маманға тұрғын үй сатып алуға немесе салуға 998,4 миллион теңге несие берілді. 2023 жылы өңірде мемлекеттік жастар саясаты 2 облыстық кешенді іс-шаралар жоспары аясында жүзеге асырылды. Атап айтқанда, бұл Жамбыл облысы әкімдігінің 2022 жылғы 27 тамыздағы №203 қаулысымен бекітілген «2022-2025 жылдарға арналған жастар арасында отансүйгіштік рухты тәрбиелеуге, құқықтық мәдениетті көтеруге, рухани-ізгілік және патриоттық құндылықтарға баулуға, жұмыссыздықты жоюға, құқықбұзушылықтардың алдын алуға бағытталған облыстық прокуратурамен бірлескен кешенді жоспары» және 2023 жылдың наурыз айында бекітілген Қазақстан Республикасы мемлекеттік жастар саясатының 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын Жамбыл облысында іске асырудың 2023 жылға арналған іс-қимыл жоспары. Аталған жоспарлар 11 бағытты көздейді, 156 тармақтан тұрады. Былтыр басқарма және өңірлік жастар ресурстық орталықтары тарапынан 11 336 іс-шара өткізіліп, ол бойынша 317 769 жас қамтылды.
Жүзеге асқан жобалар қатарында теолог, дінтанушы Нұрлан Байжігітұлының облыстың 1000-ға жуық жасымен кездесуін, Ғашықтар күніне арналған «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» атты мерекелік концертті, Дельфи ойындарының аймақтық іріктеу кезеңін, 55 іс-шарадан тұратын «Жастар апталығын», «KIELI TABIGAT» атты облыстық экологиялық акциясын айрықша атап өтуге болады. Сондай-ақ «Жас мемлекеттік қызметшілер форумы», «JASSAQ» этно-реалити телевизиялық жобасы, жас ақындар арасында «Жастар жырлайды» атты республикалық айтыс, белсенді жастарға арналған «Жастар балы-2023» шарасы және «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты өңірлік жастар форумы да тартымдылығымен ерекшеленді.
Жыл соңында 14 пен 35 жас аралығындағы үздік жастарды ынталандыру және қолдау, азаматтық және қоғамдық-саяси белсенділігін арттыру мақсатында 15 номинация бойынша 200 мың теңге көлеміндегі қаржылай сыйақымен «Әулиеата үздігі» облыс әкімінің жастар сыйақысы табысталды. Сонымен қатар белсенді, шығармашыл жастардың жаңа және қолданыстағы бастамаларын қолдау мақсатында 15 жоба бойынша 500 мың теңгеден жалпы сомасы 7,5 миллион теңгені құрайтын «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты тапсырылды. Жастар арасында кәсіпкерлік және стартап идеяларды, мемлекеттік қолдау тетіктерін ақпараттандыруды да назардан тыс қалдырған жоқпыз.
Осы бағытта «Jas-JOBALIKE» жобасы іске қосылды. Облыстың әр өңіріндегі жас кәсіпкерлер мен стартаперлердің кәсібін, оны ашудың қыр-сырын жеткізуге арналған «Start Project» жобасы жүзеге асты. Сондай-ақ жетістікке жеткен түрлі саланың мамандарымен, жас жеке кәсіпкерлермен сұхбаттар, подкасттар түсіріліп, ақыл-кеңестерін жастарға жеткізу мақсатында «Jas Motive» жобасы көпшілік назарына ұсынылды. Биыл да осы бағыттағы жұмыстар өз жалғасын табатын болады.
Жомарт Зұлпыхар,
облыс әкімдігі жастар саясаты
мәселелері басқармасының басшысы