Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қатерлі ісік – елеусіз қалдыруға болмайтын дерт

Қатерлі ісік – елеусіз қалдыруға болмайтын дерт
Ашық дереккөз
Әлем халқы, медициналық қауымдастықтар қатерлі ісікке қарсы күрес жұмыстарына келгенде тізе қосып, ұдайы тәжірибе алмасып отырады. Қалай дегенде де ресми деректерге үңілсек, дүниежүзінде қатерлі ісік өлім-жітімі дерегі бойынша екінші қатарда тұр.

Ғылым-білім, медицинаның бір орында тұралап қалмай, жылдан-жылға даму үстіне дамып жатқанынан хабардармыз. Жыл сайын ғалымдар небір аурулардың емін ойлап табады. Қатерлі ісікке алып баратын бірнеше қауіп факторы көпке мәлім деп ойлаймыз.

Мысалы, темекі шегу – өкпе, ауыз қуысының, жұтқыншақтың және басқа да көптеген ағзаның қатерлі ісігінің дамуына әсер ететін қауіпті фактор. Генетикалық бейімділік деген бар. Яғни кейбір гендік мутациялар қатерлі ісік ықтималдығын арттыруы мүмкін. Жұқпалы ауруларды айтар болсақ, адам папилломавирусы (HPV), В және С гепатиті сияқты кейбір инфекциялар қатерлі ісіктің дамуымен байланысты болуы ықтимал.

Сондай-ақ ультракүлгін сәулелер тері ісігінің дамуына әкелуі мүмкін екен. Жоғары дозалы сәулелену, осының ішінде рентген сәулелері немесе сәулелік терапия сияқты ұзақмерзімді сәулелену қатерлі ісік ауруының даму қаупін арттыруы ықтимал. Осының барлығын елеп-ескеріп отырған күннің өзінде бастапқы кезеңдерінде нақты симптомдарсыз дамитын қатерлі ісік ауруларын анықтау тіпті оңай емес. Облыс бойынша 2023 жылы 8 740 адам қатерлі ісікпен есепте тұрған.

Осы жылы қатерлі ісік бойынша алғаш рет анықталған аурулар саны 1 621-ге жеткен. – Дерт көрсеткішінің жылдан-жылға аздап көтерілгендігі байқалады. Мұның себебі – қатерлі ісіктің ерте сатысының көп анықталуына байланысты. Облыс бойынша былтыр осы дерттен 711 адам қайтыс болды. Яғни өлім көрсеткіші 100 мың адамға шаққанда 58,2-ні құрады. 2022 жылы 734 адам қайтыс болып, өлім көрсеткіші 60,4-ті құраған болатын. Өлім көрсеткішінің бұл жолы аздап төмендегені байқалады, оның себебі есепте тұрған аурулардың бес жылдық және одан жоғары өмір сүруінің ұзарғанына байланысты деп есептейміз.

Өңірде 2022 жылы қатерлі ісікпен алғаш рет ауырғандар 56,5 пайыз болса, былтыр 1 621 адамның 61,6 пайызы сырқаттың I және II сатысында екені анықталды. Бұл – қажетті емді уақытылы алса, осынша науқастың жазылып кету мүмкіндігі жоғары деген сөз. Жалпы қатерлі ісіктен болатын өлім-жітім көрсеткішін төмендету үшін ауруды алдын алу және ерте сатыда анықтау қажет, – дейді облыстық көпбейінді онкология және хирургия орталығының директоры Айваз Алиханов.

Статистикаға жүгінсек, облыста 2023 жылы обыр ауруының үлес салмағы бойынша бірінші орындағы қатерлі ісікке шалдыққан аурулар тізімінде өкпе – 18,6 пайызды, ұйқы безі – 10,5, асқазан – 9,9, бүйрек – 6,8, тоқ ішек – 5,5, бауыр – 4,9, сүт безі 4,9 пайызды құраған. Иә, адамның ең қымбат қазынасы денсаулығы десек, оған немқұрайды қарауға болмайтыны тағы бар. Ең бастысы, дер кезінде дәрігер кеңесіне жүгінген жөн. Қатерлі ісікке тосқауыл қою үшін обырға әкеліп соғуы мүмкін деген ауруларды қарау барысында емхана, дәрігерлік амбулатория жұмыстарын жандандыру маңызды. Мысалы, сүт безі, жатыр мойны, тік ішек, тері, қалқанша безі обырына әкеліп соғуы мүмкін деген ауруларды емдесе, ауру асқынбайды екен. Сондықтан әрбір адам емхана мен дәрігерлік амбулаторияға қаралған кезде әйелдер мен ерлерді қарау кабинетінен өтуге міндетті.

Осы тексеру туралы жан ұшыра айтқан дәрігерлердің кеңесіне селқос қарап, құлақ аспайтындар да көптеп кездеседі. Расында, қатерлі ісік ауруларын (әсіресе көзге көрінетін) ерте сатыда анықтауға болатыны бүгінгі таңда талмай-тынбай дәрігерлердің жағдайды қадағалап, тұрғындарды скринингтен өткізуінің нәтижесінен болып отыр. Бүгінде медициналық көмек алуға алдымен емханаға, дәрігерлік амбулаторияға жүгінетіндіктен онкологиялық сақтық шараларын жүргізуге аталған емдеу мекемелерінің мамандары үлкен жауапкершілікпен қарайды. Облыстық онкология диспансері онкологиялық сақтық принциптерін енгізу және онкологиялық ауруларды ерте сатысында анықтау мақсатында 3 семинар өткізіп, 60 дәрігер мен 105 орта буынды маманның біліктілігін арттырған. Бұл жұмысты жергілікті онколог және маммолог дәрігерлер де жалғастыруда.

Өткен жылы 55 158 әйел сүт безі обырын анықтайтын скринингтік тексеруден өткен. Тексеру барысында 53 әйелден сүт безі қатерлі ісігі анықталған. Оның ішінде I сатысындағы – 17, яғни 32 пайыз, II сатысындағы 67,9 пайызды құрап отыр. Дерт неғұрлым алғашқы сатыларда анықталса, емдеу нәтижесі де соғұрлым тиімді болады. Тексеру барысында 8 964 әйелден түрлі ауру анықталған. Олар қатерлі ісікке жатпайтын аурулар болғандықтан маммолог дәрігерден кеңес алып, ем тағайындалған. Жатыр мойны обырын анықтаудан 55 647 әйел скринингтік тексеруден өткен. Тексеру барысында 24 әйелден жатыр мойны қатерлі ісігі анықталған. Оның ішінде I сатысындағы – 15, II сатысындағы – 9. Емдеу нәтижесі жаман емес.

Тексеру барысында 1 604 әйелден қатерлі ісікке жатпайтын басқа аурулар табылған. Олар да гинеколог дәрігерден кеңес алып, ем қабылдауда. Тоқ ішек, тік ішек обырын анықтау бойынша 58 775 адам скринингтік тексеруден өтті. Тексеру барысында 33 адамнан тоқ ішек, тік ішек қатерлі ісігі, оның ішінде I сатысында – 11, II сатысында – 21, III сатысында 1 адам анықталған. Жергілікті қалалық және аудандық емханалардың мәліметі бойынша, шамамен 23-25 пайыз тұрғын әлеуметтік медициналық сақтандырудан өтпеген. Яғни оларға медициналық көмек көрсетілмеуі мүмкін немесе медициналық көмек ақылы түрде жүргізіледі деген сөз.

А.Бекенқызы 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар