Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Әскери қызметкер көлік өртінің алдын алды

Әскери қызметкер көлік өртінің алдын алды
Ашық дереккөз
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы байланыс полкінің әскери қызметшісі, капитан Баходир Атаханов қазақстандықтар үшін нағыз батырға айналды. Ол үш жолдың түйіскен қиылысында отқа орана бастаған бір көлікті сөндіріп, мүлікті аман сақтап қалыпты.

 Оқиғаны ретімен баяндасақ, жеке автокөлігімен келе жатқан Баходир Атаханов Сейфуллин мен Әл-Фараби көшелерінің қиылысында бағдаршамның қызыл белгісі жанғанда тоқтайды. Осы сәтте ойламаған жерден қасында тұрған «Жигули» маркалы автокөлігі жана бастайды. Офицер абдырап қалмай, бірден көлігіндегі өртсөндіргішін алып көмекке жүгіреді.Қолындағы құралының көмегімен Баходир Атаханов көп уақыт өтпей-ақ жалынның бетін қайтарып, оқыс оқиғаның алдын алады.

Офицер бағдаршамның қызыл белгісі жанып тұрған кездегі бірнеше секунд ішінде өртті ауыздықтап үлгереді. Әрі қарай ол көлігіне оралғанда жасыл жанып, өз жолымен кетеді. Бұл оқиға қаңтар айының басында болған екен. Алайда бейнебақылау камераларының арқасында әскери қызметшінің іс-әрекеті жазба мұрағатында сақталып қалған.

–Таразда жол қозғалысын бақылау үшін орнатылған бейнебақылау камераларына көлікте өрт тұтанған сәт, сондай-ақ басқа бір көлік жүргізушісінің батыл әрі нақты әрекеті жазылып қалған. Біз офицердің әрекетін адамгершілік деп бағаладық. Оның уақытылы көмегінің арқасында жолдағы басқа да адамдарға төнген қауіп сейілді, – дейді облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің бастығы Гүлсара Мұхтарқұлова. Қарапайым қасиетінен танбайтын Баходир Атаханов бұл оқиғаны ерлік деп емес, азаматтық міндетіне балап, әріптестеріне тіс жармаған. Ол мұндай жағдайда оның орнында кім болса да осылай жасайтынына сенімді.

-Ең бастысы – жағдайды тез бағалау, қажетті әрекетке ден қою және соны істеу. – Мен үшін басты ереже – көлігімде әрқашан өртсөндіргіш, дәрі қобдишасы және жолда қажетті құрал-жабдықтардың болуы. Көрші көліктің жана бастағанын көргенде бір секунд та ойланбадым, өрт сөндіретін құралымды алып, бірден іске кірістім, – деді Баходир Атаханов.

Батыл офицер өртсөндіргіштің ілмегін тартқанмен бірден ажырай қоймады. Сосын ілмекті тісімен тартып жұлып алып, өртсөндіргіш құралын іске қосты. Ол бұл құралды қалай пайдалану керектігін жақсы біледі. Баходир қызмет ететін әскери бөлімде қауіпсіздік шаралары мен төтенше жағдайлар бойынша сабақтар ұдайы өткізіліп тұрады. Капитан Б.Атаханов

«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының байланыс полкінде қызмет етеді. Ол автоматтандырылған басқару жүйелері бөлімінің бастығы. Қарулы Күштерде қызмет етіп жүргеніне 15 жыл болған.

Осы жылдар ішінде өзін сауатты маман, жауапты офицер және сенімді жауынгер ретінде көрсетті. Байланыс полкінің командирі, полковник Сымбат Тұяқаев та офицердің әрекетін жоғары бағаға лайықты санайды.

Адам өміріне қауіп төнетін кез келген жағдайда әскери қызметшілер дәл осылай әрекет етуі тиіс деп есептейді.

Ақтоты Жаңабай

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар