Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

15 мемлекеттік қызметші әкімшілік жауапкершілікке тартылған

15 мемлекеттік қызметші әкімшілік жауапкершілікке тартылған
Ашық дереккөз
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Руслан Шарипов департаменттің өткен жылы атқарған жұмыстарының нәтижелері туралы баяндады.

Спикер алдымен өңірдегі мемлекеттік органдардың кадрлық жай-күйі жайлы ақпаратпен бөлісті. – Мемлекеттік қызметшілердің штат саны – 4 475. Нақты саны – 4 220 немесе 94,3 пайызды құрайды, бос лауазымдар үлесі – 255 немесе 5,7 пайыз. Мемлекеттік қызметшілердің орташа жасы – 41,1 жас. ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын бітіргендер саны – 38. «Болашақ» бағдарламасының 1 түлегі бар.

Мемлекеттік қызметшілердің орташа мемлекеттік қызмет өтілі 12,8 жылды құраса, нақты лауазымдағы орташа қызмет өтілі – 5,3 жыл. Есепті кезеңде жалпы 236 қызметшіге сынақ мерзімі тағайындалған. Олардың 101-і сынақтан өту үстінде. Сынақтан өтпей, қызметінен босатылған қызметшілер жоқ. Ал сынақ мерзімі аяқталмай жұмыстан шыққан қызметшілер саны – 3. Сонымен қатар 232 қызметшіге сынақ мерзімін өткеру кезеңіне тәлімгер бекітілген. Қайта даярлау курстарынан 309 қызметші, біліктілігін арттыру семинарларынан 1 203 қызметші өтті. 2023 жыл ішінде 195 қызметшіні тағылымдамадан өткізу жоспарланып, олардың барлығы 100 пайыз тағылымдамадан өтті, – дейді Руслан Шамелұлы. Есепті кезеңде тестілеуден өтуге барлығы 4 266 азамат өтініш білдірген.

Өтініш білдірген азаматтардың ішінен 1 401 адам немесе 32,8 пайызы тестілеудің шекті мәнінен өткен. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша мемлекеттік тапсырыс шеңберінде оқуды аяқтаған жалпы 6 түлекті өңірдегі мемлекеттік органдарға конкурс өткізілместен тағайындауға ұсыныстар түссе, оның ішінде 5 түлекке келісім беріліп, 1 түлекке біліктілік талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты бас тартылыпты. 5 өкілеттік мерзімдері аяқталған ауылдық округ əкімдеріне бос мемлекеттік лауазымдарға конкурс өткізілместен орналасуға келісім берілген. Мұнан соң баяндамашы мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау және Әдеп жөніндегі кеңестің жұмысын қамтамасыз ету бағыты бойынша мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманың сақталуына жүргізілген бақылау мен әдеп жөніндегі кеңес жұмысының нәтижелеріне тоқталды.

Мәселен, өткен жылы мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау бағыты бойынша 14 тексеру жүргізіліп, оның ішінде 10-ы профилактикалық бақылау, төртеуі жоспардан тыс тексерулер. Жүргізілген тексерулердің нәтижелерімен мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманы бұзудың 386 фактісі анықталып, бұзушылықтарды жою туралы 10 нұсқама және 4 ұсыныс енгізілді. Нұсқамалар мен ұсыныстар толығымен орындалған. Жүргізілген тексерулер нәтижесінде 1 мемлекеттік қызметшінің құқықтары қорғалды. Заңбұзушылықтарға жол бергені үшін 2 мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Оның біреуі «ескерту», біреуі «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жаза.

Сонымен қатар 15 мемлекеттік қызметші әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Аталған әкімшілік істер бойынша жалпы сомасы 414 000 теңгені құрайтын айыппұлдар мемлекет бюджетіне өндірілген. Былтырғы жылы Әдеп жөніндегі кеңестің мәжілісі 12 рет өткізіліп, онда барлығы 98 мәселе қаралыпты. Оның 28-і тәртіптік іс болса, 70-і профилактикалық мәселелер. Кеңес отырыстарында барлығы 234 ұсыным қалыптастырылып, оның 21-і тәртіптік іс, ал қалған 213-і профилактикалық сұрақтарды қарау нәтижелері бойынша қаралған.

Әдеп жөніндегі кеңестің ұсынымдары толықтай орындалған. Тәртіптік істерді қарау нәтижелері бойынша 21 лауазымды тұлға тәртіптік жазаға тартылып, мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтар жасағаны үшін жалпы 20 қызметші, оның ішінде «атқаратын лауазымынан босату» – 2, «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» – 18 және әдеп нормаларын бұзғаны үшін 1 қызметшіге «ескерту» түріндегі тәртіптік жазалар қолданылған. 7 тәртіптік іс заңды негіздер бойынша тоқтатылыпты.

Әдеп жөніндегі кеңеспен 2 мемлекеттік қызметшіге қатысты тәртіптік жаза қолдану туралы актілердің күшін жою арқылы олардың құқықтары қалпына келтірілген. Есепті кезеңде Әдеп жөніндегі кеңес мүшелерімен түрлі мәселелер бойынша 49 жеке қабылдау ұйымдастырылып, онда барлығы 138 азамат қабылданыпты. Мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманы және әдеп нормаларын түсіндіру бойынша 92 іс-шара өткізілген. Брифинг соңында Руслан Шарипов БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

АЙЖАН ӨЗБЕКОВА 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар