Аймақ басшысы алдымен Байзақ ауданының Сарыкемер ауылындағы 600 орындық мектептің құрылысын көрді. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында бой көтеріп жатқан нысанның құрылысын мердігер «Тараз Құрылыс Дизайн» ЖШС жүргізуде.
Заманауи талаптарға сай салынатын мектепте жергілікті оқушылардың алаңсыз білім алуына барлық қолайлы жағдай жасалады. Облыс әкімі білім ошағының құрылысын осы жылдың 1 қыркүйегіне дейін аяқтауды тапсырды. Биыл облыс бойынша 7 «Жайлы мектеп» пайдалануға беріледі деп күтілуде. Сондай-ақ Ербол Қарашөкеев аталған ауылдағы және Жамбыл ауданының Қаракемер ауылындағы спорт кешендерінің де құрылысын тексерді.
Аймақ басшысы жауаптыларға құрылыс жұмыстарының сапасын, мерзімін және қауіпсіздік шараларын қатаң бақылауда ұстау бойынша нақты міндеттер жүктеді. Жалпы осы жылы 206 жоба бойынша құрылыс жұмыстары жүзеге асады, оның 159-ы биыл жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Айта кетейік, облыс әкімінің жергілікті жердегі мәселелермен, құрылыс алаңдарындағы жағдайлармен танысу мақсатындағы аудандарға жұмыс сапары әр апта сайын жалғасатын болады.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі