«Мектепте балалар өздерін қай жағынан да жайлы сезінуі керек. Бөгде адамдарды мектепке кіргізуге болмайды. Сондықтан білім ошақтарының бәріне дабыл қағу, бейнебақылау жүйесі орнатылады. Жақында Астана мектептерінің бірінде оқыс оқиға болды. Оқушы ауыр жарақат алды. Бұл жағдай білім ошақтарында қауіпсіздік талаптары толық сақталмайтынын көрсетіп отыр. Әсіресе көп жыл бұрын салынған ескі мектептер талапқа сай емес. Министрлік әкімдіктермен бірлесіп, мектептердің қауіпсіздігін толық тексеруі керек. Сондай-ақ жаңа мектептердің жобасын жасағанда бұл мәселе мұқият ескерілуге тиіс», – деді. Президент атап өткендей, оқушылардың бір-біріне әлімжеттік, тіпті зорлық көрсетуі тыйылмай отыр. Салдарынан оқушылар өз-өзіне қол жұмсауға дейін баруда. Буллинг балалар мен жасөспірімдердің денсаулығына және жандүниесіне орны толмас зиянын тигізеді, даму үдерісіне кері әсер етеді. Балалардың әлеуметтік ортадан шеттеп қалуына, ой-санасының бұзылуына әкеп соқтырады. Мемлекет баланың құқығы мен қауіпсіздігінің қорғалуын қамтамасыз етуі керек. Сондай-ақ буллингке біржола тосқауыл қоюы қажет. Жалпы Мемлекет басшысының оқушылардың қауіпсіздігіне алаңдауы бекер емес. Себебі соңғы жылдары білім ошақтарында жаға ұстатарлық оқиғалар тым көбейіп кетті.
Мысалды алыстан іздемей-ақ, бірнеше жеті бұрын Тараз қаласында орын алған оқиғаны еске алсақ та жеткілікті. Оқиғаны қысқаша баяндасақ, облыс орталығындағы №35 мектептің 9-сынып оқушысы кешкілік уақытта сыныптасын саябаққа серуендеуге шақырады. Күдікті құрбысымен қыдырып жүргенде сыныптасының тамақ тұсына суық қару сілтейді. Жарақат алған оқушы қансырап үйіне әзер жеткен. Ал 24 қаңтар күні «Telegram» арналарының бірінде белгісіз біреу Ақтөбе қаласындағы мектептерге террорлық сипаттағы іс-әрекет жасайтынын айтып, қару-жарақтың суретін жариялады. Хабарламада ондаған мектеп пен екі ойын-сауық орталығының тізімі көрсетілген. Ал атысты 25 қаңтар күні №21 және №27 мектептерден бастайтындарын, өздерінің 20 адам екенін мәлімдеген.
«Telegram» арнаға санаулы сағатта жүздеген жазылушы тіркеліп үлгерген. Ақтөбеліктердің үрейін ұшырып, табанынан тік тұрғызған күдікті бір күннен кейін құрықталды. Әлеуметтік желі арқылы елді әбігерге салған шетелдің 18 жастағы тұрғыны болып шықты. Осыдан тура бір жыл бұрын Петропавл қаласындағы №4 мектепте болған төтенше оқиға да елдің есінен әлі шыға қойған жоқ. «Күйзеліс» диагнозымен психиатриялық есепте тұрған 15 жастағы оқушы бетперде киіп алып, мектепке балта мен пышақ әкеліп, үш қатарласын жарақаттағаны белгілі. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Сондықтан да мектептердің қауіпсіздігі күн тәртібіндегі басты мәселелердің біріне айналды. Бүгінгі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Оқу-ағарту министрлігі оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, алаңсыз білім алуына жағдай жасау мақсатында тиісті ведомстволармен бірлесіп қажетті шаралар қабылдап, ауқымды жұмыстар атқаруда. Оқу-ағарту министрлігі Білім беру ұйымдарының инфрақұрылымы басқармасының басшысы Тимур Қазтуғановтың айтуынша, еліміздегі білім беру ұйымдары 100 пайыз қауіпсіздік жүйелерімен қамтамасыз етілген. – Заңнамалық деңгейде министрлік білім беру объектілерін терроризмге қарсы қорғауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес білім беру объектілерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қойылатын ең төменгі талаптарды айқындады (ҚР БҒМ 2022 жылғы 30 наурыздағы №117 бұйрығы). Бұл құқықтық акт білім беру объектілерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қойылатын ең төменгі талаптардың сақталуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес нұсқаулық талаптарының сақталуын бақылауды ішкі істер органдары жүзеге асырады. Бүгінгі таңда білім беру ұйымдары 100 пайыз қауіпсіздік жүйелерімен қамтамасыз етілген. Нұсқаулық бойынша қауіпсіздік жүйелеріне мыналар жатады: - бейнебақылау камералары және оларды ішкі істер органдарының жедел басқару орталығына қосу; - ескерту жүйесі; - күзет ұйымдарының пультіне қосылған дабыл түймесі; - ірі қалаларда орналасқан білім беру ұйымдары үшін турникеттердің және күзет ұйымдарымен шарттың болуы туралы талап көзделген. Айта кету керек, министрлік қауіпсіздік жүйелерімен техникалық жарақтандыруға ғана емес, сонымен қатар білім беру ұйымының персоналын түрлі төтенше жағдайларға дайындау мәселесіне де назар аударады. Осылайша 2023 жылдың қыркүйек айында қызметкерлердің дағдылары мен білімін арттыру мақсатында республикалық оқу-жаттығулар өткізілді. Аталған оқу-жаттығуларға 3 миллионнан астам оқушы мен 500 мың педагог қатысты, – дейді Тимур Кастуганов. Ал министрліктің Инфрақұрылымды дамыту департаменті директорының орынбасары Марлен Қасенов өткен жылы шағын қалалар мен ауылдардағы 1 008 мектепте инфрақұрылымды жақсарту жұмыстары жүргізілгенін айтады. Ауыл мектептерін жаңғырту жобасында күрделі немесе ағымдағы жөндеу, пән кабинеттерімен жабдықтау, мектеп жиһаздарын жаңарту көзделген.
Ең бастысы – мектептерді балалар үшін ең жайлы және қауіпсіз орынға айналдыру. – Жаңғырту аясында 653 мектепте күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 612 заманауи пәндік кабинет орнатылды.587 мектепте жиһаз, 771 мектепте кітапхана, 263 мектепте асхана, 715 мектепте қауіпсіздік жағдайы жақсартылды, – деген Марлен Қасенов 2025 жылға қарай 5 мың ауыл мектебін жаңғырту жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Осы ретте өңіріміздегі ахуалға тоқталсақ, облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мұхит Нысанбаевтың айтуынша, барлық мемлекеттік білім беру нысаны бейнебақылау жүйесімен жабдықталған. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 1 миллиард 765 миллион теңге бөлініп, облысымыздағы 690 білім нысаны (224 балабақша, 446 мектеп, 20 колледж) 100 пайыз бейнебақылау камерасымен қамтылған. Сондай-ақ ІІ және ІІІ топтағы 377 мемлекеттік білім беру ұйымының 356-сы (94,4 пайыз) полиция департаментінің жедел басқару орталығына интеграцияланған. 377 мекеменің барлығы дабыл түймесімен жабдықталған.
Мамандандырылған күзет және турникетпен қамтамасыз етілуі қажет ІІІ топқа жататын 229 білім беру ұйымы (174 мектеп, 45 балабақша, 10 колледж) 100 пайыз күзетпен, 192-сі (84 пайыз) турникетпен қамтамасыз етілген. Атқарылған жұмыстың нәтижесін көрсек деген ниетте облыс орталығындағы Керімбай атындағы №12 мектеп-гимназияға арнайы барып, білім ошағының директоры Мұрат Тұрысбекті сөзге тарттық. Директордың айтуынша, білім ошағында қауіпсіздікке ерекше мән берілген. Турникет орнатылған. Турникеттен бет-әлпетті түсіру, саусақ ізі және «TulрarCаrd» карточкасы арқылы ғана өтуге болады. Мектеп қызметкерлері мен оқушылардан басқа бөгде адамдар рұқсатнама арқылы ғана кіреді. Мектеп ішінде және сыртында барлығы 32 бейнебақылау камерасы орнатылған. Камераларды мектеп инспекторы, кіші қызметкерлер (лаборант) бекітілген кезекшілік бойынша тұрақты бақылап отырады. Ал бейнежазбалар бір айдан аса уақыт сақталады екен. Жалпы жауаптылардың жауабына сүйенсек, алаңдауға ешқандай негіз жоқ. Алайда халық қалаулылары, қоғам белсенділері оқушылардың қауіпсіздігіне байланысты әлі де көңіл бөлетін мәселе көп екенін айтады. Мәселен, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Нартай Аралбайұлы өткен жылы Премьер-Министр мен Бас прокурорға жолдаған депутаттық сауалында бірқатар ұтымды ұсынысын айтты. Депутаттың сөзіне сүйенсек, бейнебақылау камерасын немесе турникет орнатқаннан мәселе түбегейлі шешіліп кетпейді. Н. Аралбайұлы: «Зерттеулерге сүйенсек, Қазақстандағы әрбір үшінші оқушыға әлімжеттік жасалады екен.
Салдарынан болған суицидтің саны бойынша әлемде соңғы орында емес екенімізді білесіздер. Сол үшін мектептерде оқу мен тәрбиенің біртұтастығын қамтамасыз ететін жүйе қалыптасуы тиіс. Әрбір пәннің тәрбиелік функциясы, әрбір мұғалімнің тәрбиелік жауапкершілігі болуы тиіс. Қазіргі жағдайда Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» №1193 қаулысының 4-қосымшасының негізінде сынып жетекшілерге 1-4-сыныптар үшін 8 800 теңге (базалық лауазымдық жалақының 50 пайызы), 5-11-сыныптар мен колледждер үшін 10 600 теңге (базалық лауазымдық жалақының 60 пайызы) көлемінде қосымша ақы белгіленген. Мұғалімдердің сабақта және сабақтан тыс уақытта балалардың тәрбиесімен жүйелі айналысуы үшін кейбір мамандандырылған мектептердегідей арнайы куратор штаттық бірлігін барлық мектептерге енгізіп, олардың лайықты айлық жалақысын және статусын айқындауыңызды сұраймыз.
Мектептегі буллингтің алдын алу үшін психологтардың санын арттырып, тиісті жағдай жасау қажет. Қазақстан Республикасы Үкіметінің №77 Қаулысымен бекітілген мемлекеттік білім беру ұйымдары қызметкерлерінің үлгі штаттарына сүйенсек, мектептерде ең көп дегенде 2 психолог қана жұмыс істей алады. Психологтардың оқушымен, ата-анамен және педагогтармен жүргізетін жұмыстарын ескере отырып, 1 психологқа 250 оқушыдан (10 сыныпқа 1 психолог) келетіндей нормативтік өзгерістер жасау керек. Сондай-ақ психологтардың біліктілігін арттыру курстарының сапасын мазмұндық және ұйымдастырушылық тұрғыдан жақсартуға қаражат қарастыруыңызды сұраймыз. Буллингке ұшырап, әлеуметтік желіге суреті жарияланған жасөспірімдерді психологиялық тұрғыда оңалту жұмыстарын қолға алып, денсаулықтарын қалпына келтіруге көмектесу қажет.
Мектептерде әлеуметтік осал топтағы отбасылармен, сәтсіз отбасыларымен, қолдауды қажет ететін оқушылармен жұмысты үйлестіретін әлеуметтік педагогтардың да санын арттыру қажет. Бастауыш сыныптарға, орта буынға және жоғары сыныптарға жекелеген әлеуметтік педагогтардың болуын қарастыру керек. Сонымен қатар жұмыс ерекшелігін ескере отырып, әлеуметтік педагогтардың айлық жалақысын қайта қарастырған дұрыс. Балаларды әлімжеттікке төзбеуге, егер қысым жасалса, арнайы маманға жүгінуге үйрету керек. «Арыздануға болмайды, таяқ жегеніңді айту – ұят» деген сынды қылмыстық өткені бар түсініктерді жою керек. Оқушылардың театр сынды мәдени орталықтарға ақысыз бару тетіктерін қарастыру қажет. Және әлімжеттік фактілерін біле тұра жасырып қалған қызметтегі азаматтар да жазаға тартылуы керек. Балаларды қорлап жатқан кезде араша түсудің орнына сол әрекеттерді бейнетаспаға түсіріп, жариялаған адамдарды да жазалау қажет. Және айыпты оқушылардың ата-аналары да тиісті жазасын алғаны жөн», – деді.Ал Сенат депутаты Нұртөре Жүсіптің пікірінше, қазіргі таңда елімізде оқу мекемелерінің қауіпсіздігі формальді және қарабайыр түрде жүргізіледі.
«Елімізде бұл бағыт бойынша маңызды ғылыми база жоқ. Оқушылардың психологиялық портретін жасау, отбасының әлеуметтік мәртебесін анықтау кезінде депрессияға немесе агрессияға бейім балаларды алдын ала оқшаулау ескерілмейді. Әлемде мұндай тәжірибелер бар. Қай ел болсын бұл мәселеге асқан жауапкершілікпен қарайды. Мәселен, Қытайда мектепке тек оқушының да, ата-ананың да суреті бар арнайы куәлікпен кіруге болады. Кез келген оқу орнында күзетші кабинкасы қойылған. Келген адамның куәлігі болмаса, тек мұғалім ғана ертіп кіре алады. Францияда оқушыларға ғимаратқа алып кіруге болмайтын заттар тізімі жазылған нұсқаулық беріледі.
Сабақ арасында рюкзактар мен портфельдер тексеріледі. Жылына 2 рет антитеррористік жаттығу сабақтары өткізіледі», – дейді сенатор. Халық қалаулылары айтса айтқандай-ақ, оқушылардың қауіпсіздігіне қатысты шешімін күткен мәселелер бар екенін жасыруға болмайды. Тиісінше атқарылған жұмыс та аз емес екенін мойындағанымыз жөн. Бірақ мұнымен тоқтап қалуға болмайды. Президенттің осы бағыттағы әрбір тапсырмаларын мүлтіксіз орындап, олқылықтардың орнын толтырып, кем-кетікті бүтіндеуге басымдық берген жөн. Себебі оқушылардың қауіпсіздігіне немқұрайды қараудың соңы ертеңгі күні орны толмас өкінішке алып келуі мүмкін.
Талғат НҰРХАНОВ