Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Компаниялардың жалақы қарызы қашан өтеледі?

Компаниялардың жалақы қарызы қашан өтеледі?
Ашық дереккөз
Кеше облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссия отырысы өтті. Жиында еңбек қатынастарын реттеу барысында өткен жылы атқарылған жұмыстар, әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық комиссияның осы жылға арналған жоспары қаралды. Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша облыс әкімдігі еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Жарылқасын Айтақов баяндама жасады.

Басқарма басшысының айтуынша, облыстағы еңбек жағдайларының ахуалы тұрақты, еңбек шиеленістері ресми тіркелмеген. Былтыр құқықтық және әкімшілік шаралар бағыты бойынша мемлекеттік еңбек инспекторлары тарапынан облыс ұйымдары мен кәсіпорындарына жоспардан тыс 149 тексеру және 11 профилактикалық бақылау жүргізіліп, 177 бұзушылық анықталған. Анықталған заңбұзушылықтар бойынша жұмыс берушілерге орындалуы міндетті 72 нұсқама беріліп, заңды және лауазымды тұлғаларға қатысты 5 ескерту және 14 әкімшілік құқықбұзушылық туралы қаулы шығарылған. Сондай-ақ 4,6 миллион теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынып, толық өндірілген.

Нәтижесінде 175 еңбек заңнамасының бұзушылығы жойылыпты. – Еңбек инспекторларымен басқармаға келіп түскен 888 жеке және заңды тұлғалардың арыз-шағымдарының 706-сы өндіріске алынып, 72-сіне түсіндірме берілді. 110 арыз-шағым тиістілігіне қарай басқа мемлекеттік органдарға жолданды. Бейресми жұмыспен қамтылған тұлғалардың еңбек қатынастарын заңдастыру бойынша жыл ішінде бейресми жұмыспен қамтылған 2 056 жұмыс берушідегі 5 547 жұмыскердің еңбек қатынастары заңдастырылып, «көлеңкелі» экономикадан шығарылды. Еңбек қатынастарын заңдастыру жұмыстарында төмен көрсеткіш Сарысу, Жуалы аудандарында және Тараз қаласында қалыптасты. Еңбек ұжымдарында ұжымдық шарттардың қабылдануы бойынша 2023 жылдың 1 желтоқсанындағы Ұлттық статистика бюросының есебінше, облыс бойынша тіркелген заңды тұлғалардың саны 12 095-ті құрады. 2024 жылдың 1 қаңтарына облыс бойынша 11 659 ұжымдық шарт басқармадан мониторингтен өткізілді. Ұжымдық шартты бекіту бойынша Тараз қаласы, Жамбыл, Қордай аудандарының көрсеткіштері төмен, – деген Жарылқасын Әбдіғапарұлы 2023 жылы облыстағы 1 544 кәсіпорында 37 941 жұмыскердің жалақысы орта есеппен 19,5 пайызға көтерілгенін мәлім етті. Келесі кезекте басқарма басшысы жалақы қарызы бар кәсіпорындарға жеке-жеке тоқталды.

2023 жылы мемлекеттік еңбек инспекторлары прокуратура органдарымен бірлесіп, 14 кәсіпорында 554,3 миллион теңгенің жалақы қарызын анықтапты. Жалақы қарызы өтеліп, нәтижесінде 1 024 жұмыскердің еңбек құқығы қорғалған. Қазіргі уақытта «Меркі асылтұқымды зауыты» акционерлік қоғамының, «Луговой жылқы зауыты» және «Амангелді ГӨЗ» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінде жалақы қарызы қалыптасқан. Мәселен, «Меркі асылтұқымды зауыты» АҚ-ның жалақы қарызының жалпы сомасы 42 миллион теңгені құраған. Сол секілді «Луговой жылқы зауыты» серіктестігі 192 жұмыскерге 34,9 миллион теңге жалақы қарызын бере алмай отыр екен. Жарылқасын Әбдіғапарұлы еңбек қауіпсіздігі мен өндірістік жарақаттанушылықтың алдын алу бойынша да атқарылған жұмыстарға тоқталды. Өткен жылы еңбек инспекторларымен жазатайым оқиғалардың алдын алуға бағытталған 185 іс-шара ұйымдастырылған. Баяндама аяқталғаннан кейін Ербол Шырақпайұлы жалақы қарызы орын алған және басқа да кемшіліктерге жол берген аудандардың әкімдерінен жеке-жеке жауап алды.

Аймақ басшысы қарызды инвесторларды тарту арқылы шешу бойынша берілген тапсырманың орындалуын сұрады. Меркі ауданының әкімі Жорабек Баубековтің айтуынша, «Меркі асылтұқымды зауытының» 74 жұмысшысына жалақы қарызының сомасы 42 миллион теңгені құрайды. Жалақысына қол жеткізе алмай жүрген жұмысшылармен кездесу өткізіліп, сотқа талап-арыз беріліп, бүгінгі күнге қанағаттандырылып, сот орындаушысына беріліпті. Ал қарызы қомақты кәсіпорынға инвесторлар қызығушылық танытпай отырған көрінеді. Сол секілді Т.Рысқұлов ауданының әкімі Ернар Есіркеповтің сөзіне сүйенсек, «Луговой жылқы зауыты» ЖШС өткен жылдың қазан айында жұмысшыларына 88,8 миллион теңге қарыз болған. Мәселеге жауаптылармен бірлесіп жүргізген жұмыстың нәтижесінде 56,7 миллион теңге жалақы қарызы өндіріліпті. Кәсіпорын түскен өнімді сатып, жұмыскерлердің жалақысын кезең-кезеңмен төлеп беруде. Сондай-ақ алматылық компания кәсіпорынның 50 пайыз акциясын сатып алуға ниет білдіріпті. Егер келіссөздер сәтті аяқталып, кәсіпорынның акциясы сатылса, жалақы қарызы толық өтеледі. Жиынды қорытындылаған Ербол Шырақпайұлы еңбек дауларына жол бермеу, бейресми жұмыспен қамтылған тұлғалардың еңбек қатынастарын заңдастыру, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету және басқа да мәселелер бойынша жауаптыларға бірқатар тапсырма жүктеді.

Талғат НҰРХАНОВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар