Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Медициналық қызметтің сапасын арттыру маңызды

Медициналық қызметтің сапасын арттыру маңызды
Ашық дереккөз
Облыс әкімдігінде аймақ басшысы Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен денсаулық сақтау саласын ілгерілетуге арналған жиын өтті. Онда денсаулық сақтау саласында өткен жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысы мен осы жылға жасалған жоспар күн тәртібіне шығарылды. Облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанованың айтуынша, былтыр облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасына жергілікті бюджет есебінен 14 403,9 миллион теңге қарастырылып, ол толығымен игеріліпті.

 Салаға қатысты инфрақұрылым мәселесін дамыту бойынша былтыр бірқатар шаруа атқарылса, 3,2 миллиард теңгеге 24 нысанның құрылысы жүргізілген. Оның 10-ы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылыпты. Барлығы 19 нысан пайдалануға беріліп, 11 нысан күрделі жөндеуден өткен. Ортамерзімді перспективада Байзақ, Қордай, Жуалы аудандарында 3 ірі аудандық аурухананың құрылысын салу, Меркі, Шу және Талас аудандарында 3 ауданаралық көпсалалы ауруханаларды қайта жаңғырту жоспарланыпты. Осы жылға Тараз қаласында 400 төсек-орынға шақталған көпбейінді аурухана құрылысын салу және 250 төсек-орындық перинаталдық орталық, жедел-медициналық жәрдем стансасын, жұқпалы аурулар ауруханасы құрылысын, Сарысу ауданының Жаңатас қаласында ауысымына 250 адам қабылдайтын емхана мен 200 төсектік аурухана құрылысын салу межеленген екен.

Жалпы осы бағытта жұмыстар атқарылғанда биыл денсаулық сақтау ұйымдарының тозу деңгейі біршама төмендейді деп күтілуде. Бұл өз кезегінде саладағы көрсеткіштердің оң динамикасын қалыптастыруға септігін тигізбек. – 2023 жылы материалдық-техникалық жарақтандыруға 3,9 миллиард теңгеге 325 медициналық құрал-жабдық сатып алынды. Оның ішінде ірі медициналық техника саны – 18. Облыс бойынша медициналық құрал-жабдықтармен жарақтандыру – 92 пайыз. Ал 2024 жылы 4,1 миллиард теңге қаржы қаралып, 123 медициналық құрал-жабдық сатып алынбақ. Оның ішінде 30-ы санитарлық автокөлік, 1000-ы компьютер болады, – деген Ж.Оспанова салада атқарылған жұмыстар жайын егжей-тегжейлі баяндады.

Өз кезегінде Ербол Шырақпайұлы денсаулық сақтау саласында тұрғындарға көрсетілер қызмет түрлерінің сапасы жақсарды деуге әлі ерте екенін атап өтіп, өңірде қызылша дертімен күрес қалай жүргізіліп жатқанын, қосымша иммундау жұмысы барысын аталған басқарма басшысынан сұрап білді. Сондай-ақ жиында аймақ басшысы: «Қолайлы жағдай жасалмағандықтан шалғай елді мекендердегі дәрігер мамандар қалалық жерге немесе басқа өңірлерге көшіп кетіп жатыр. Дәрігер тапшылығын, шалғай аудандағы кадр тұрақсыздығын жоюға қатысты қандай да бір жоспарлы іс-шаралар атқарылып жатыр ма? «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында он нысан пайдалануға берілгенімен оның кейбірі іске толық қосылмаған. Атап айтсақ, Жуалы ауданында Сұрым, Қордай ауданында Аңырақай, Байзақта Дихан және Жетібай, Сарысу ауданының Жайлаукөл ауылдарында іске қосылмай тұрған барлығы 5 нысан бар», – деді. Жанар Мықтыбекқызының сөзіне сүйенсек, облыста жалпы дәрігерлер тапшылығы 80 бірлікті құраған.

Осы жылы республикалық бюджеттен резидентураға 2 500 грант бөлініпті. – Нәтижесінде 91 маман дайындалуда. Олар 2024-2026 жылдары аралығында өңірдің денсаулық сақтау саласында іске кіріседі. ҚР Үкіметінің қаулысына сәйкес 9 дәрігерге 1500 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, 38 дәрігерге – 100 АЕК, 149 дәрігерге жергілікті бюджет есебінен 800 мың теңгеден берілсе, 13-і тұрғын үймен қамтылды. Есепті кезеңде 1 494 дәрігер мен 4 441 орта медицина қызметкері оқытылды. Шетелде жалпы 70 дәрігер біліктілігін арттырған. Қазіргі уақытта облысқа жұмысқа келген және келетін мамандарды тұрақтандыру мақсатында әлеуметтік қолдау көрсету үшін «Жамбыл облысының ауылдық жерге және кенттерге, аудандық және облыстық маңызы бар қалаларға жұмысқа жіберілген медицина және фармацевтика қызметкерлеріне әлеуметтік қолдау көрсету тәртібі мен мөлшерін айқындау туралы» облыстық мәслихаттың шешім жобасы қаралуда, – деді Ж.Оспанова.

Іске қосылмай тұрған аталған ауылдардағы медициналық мекемелер жайына келсек, осы уақытқа дейін ол нысандарды теңгерімге беру жұмыстары жүргізіліпті, жақын уақыттарда барлығы іске қосылатын көрінеді. Бұдан кейін облыс әкімі медициналық мекемелердің тозу деңгейін төмендету, жеделсатысы жұмыс істемей тұрған Тараз қаласындағы №5 емхана мен Сарысу ауданындағы орталық аурухананың мәселесін шешу, науқастардың емханаларда кезек күтуінің ұзаққа созылуын реттеу, ана мен бала өлімін азайту, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша сақтандырылмаған азаматтармен жұмыс істеу мәселелері бойынша тиісті басқарма, мекеме басшысы және бірқатар аудан әкімінен жауап алды.

Бұдан кейін облыстық денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау департаментінің басшысы Манат Сейдуманов өткен жылғы медициналық және фармацевтикалық бақылау нәтижелерін, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Байділда Шыналиев облыстағы эпидемиологиялық жағдай, проблемлық мәселелер және олардың шешу жолдары жайын баяндады.– Көтерілген мәселеге қатысты айтылған ұсыныстар хаттамаға енгізілсін. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы сенімгерлік басқаруға берілген жекеменшік емханалар қызметінің алты айғы қорытындысын қайта қарап, нәтижесін маған баяндасын. Денсаулық сақтау саласындағы мекемелердің бірінші басшылары арасында сыбайлас жемқорлықты түбегейлі жою талабы бойынша арнайы жиын өткізілсін.

Әсіресе тұрмыстық, қылмыстық фактілерге қатысты мәселелермен барынша күрес жүргізуді күшейтуіміз қажет. Әр азаматқа сапалы, қолжетімді, уақытылы медициналық көмек көрсетілсін, – деген аймақ басшысы жауаптыларға салаға қатысты өзге де тапсырмалар беріп, маңызды міндеттемелер жүктеді.

Нұрым Сырғабаев

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар