ТАҢДАУЫНАН ТАЙМАҒАН
Ерен еңбегімен еленген жазушы-режиссер, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, Жамбыл атындағы және Қазақстан Журналистер одағы сыйлықтарының иегері, Халықаралық «Түркі әлемі» телестудиясының бас директоры Доқтырхан Тұрлыбек жайлы ой орамдары.
...Әдетте қалам ұстаған қауым әріптесің жайлы, оның мерейтойына орай жазарда әуелде кейіпкерінің бітім-болмысын ой елегінен өткізетіні анық. Мен де осы жолдарды қағазқа түсірерде дәл осындай күй кештім.
...Доқтырхан, есіңде ме, екеуміздің алғаш жүздесіп, танысқан кезіміз. Өткен күнде белгі жоқ деп жатады ғой, олай емес, белгі бар! Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары... Арман қуған біз сияқты жастар астанамыз Алматыдағы сол кездегі Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің «Журналистика» факультетінің сырттай оқыту бөліміне емтихан тапсырып жатқанымызды ұмытпаған боларсың. Соңғы сынақ тарих пәні еді ғой.
...Мен міндетімнен құтылып, аудиторияда отырып қалдым. Емтихан қабылдап отырған ұстазымыз ешқандай қарсылық білдірмеді. Алшаң басып сен кірдің. Билетіңді алып, дайындалып, ұстаз алдына келдің. Ол жауабыңа дән риза болып: «Дайындығың жақсы, қосымша сұрақтарға да тұшымды жауап бердің, төрт қойсам қалай қарайсың?» – деді. Не түлен түрткенін білмеймін, сол арада киліге кеткен мен: «Ұстаз, бұл жігітке бес қойсаңыз да артық етпейді», – деп қойып қалдым. Орта жастағы ұстазымыз екеумізге алма-кезек қарап, сәл күлімсіреді де саған «бес» деген бағаны қонжитты емес пе?! Есіңде болар. Сыртқа шыққан соң екеуміз студент атанғанымызды атап өтіп, сүйретпесі бар дұңған кеспесіне тойғанымыз.
Доқтырхан, сол кезеңдерді ой елегінен өткізсем, жыл сайынғы қырық күндік сынақ сессиямыз қылаң береді. Алғыр едің, небір курс жұмыстарын, рефераттарды бәрімізден бұрын тапсырып, емтихандардан мүдірмей өтіп жататынсың. Жасыратыны жоқ, әр емтиханнан кейін жақын маңдағы дәмханаға барып, бір-екі саптаяқ сырадан ауыз тиетініміз де бар еді ғой. Лекция, зачет, емтиханнан мойын бұруға уақыт жоқ. Соның өзінде уақыт тауып, рухани жағынан аш қалмайық деп Нағашыбек екеумізді театрға, шығармашылық кештерге сүйреуші едің.
«Құдай сыбырлағанды да естиді» демекші, бірге оқитын үріп ауызға салардай бір сүйкімді қыздың сенде көңілі болды. «Пәлен жыл бірге оқып жүріп, бір рет киноға шақыруға жарамадың» деп аузы бұртиып, саған өкпелегенін де естігенбіз. Кейін білдік, Ақтөбедегі Адайдың ай десе – аузы, күн десе – көзі бар сұлу аруы бір көргеннен-ақ жүрегіңді жаулап алып, ақыры үйленіп тындың. Бойжеткенде мін жоқ, көрікті, мінезі де жібектей, дидары – ағарып атқан таңдай, тәрбиелі, текті жандардың қызы. Бәрі дұрыс, тек тілі орысшалау. Досымның орысшасы нан сұрағанға әрең жетеді. Келіншегінің қазақшасы жаңа туған ботадай тәлтіректеп тұр. Гүлсімді қалайша қазақша сөйлетем деп қорқытқаның есіңде ме, Доқтырхан? Үйленгендеріңе үш ай болғанда өтіріктен қабағыңды түйіп, әңгіме бастапсың.
– Қазақша сөйле, – деп бір-екі рет ескерту жасадым, бірақ сөзіме құлақ асатын түрің жоқ. Құдай қаласа, бөпелі боламыз, мен балаларыммен орысша шүлдірлескенді қаламаймын. Қазақша үйренбесең, сені тастаймын да Жамбылдың ба, жоқ әлде Шымкенттің бе бір қарадомалақ қызына үйленемін, – деп сүйіктіңнің зәресін алыпсың.
Әзіл-шыны аралас бұл сөзіңе Гүлсімнің кәдімгідей сеніп, түні бойы әрі-бері дөңбекшігенін өзің айтып берген болатынсың.
Ертесіне көшеден үйге кірген келіншегіңнен «Гүлсім, ауа райы қалай?» деп сұрағаның есіңде болар?
– Ой, далада жаңбыр құлап тұр, – депті Гүлсім қазақша жауап беруге тырысып.
– Жарығым-ау, жаңбыр құламайды, жауады, – депсің сен күлкіге булығып.
Гүлсімнің анасы – Таразы апамыз екі жылдан соң қонақтап келіп, қызының қазақша сайрап жүргенін көріп: «О, тоба! Мына қызымды 21 жыл бойы қазақша сөйлете алмаған едім, қалайша тілін сындырдың, күйеу бала?» – деп таң-тамаша болғанын өзің майын тамызып айтып бергенсің, достым.
Қазір Гүлсім мақалдатып, мәтелдетіп сөйлегенде, жазушы-журналиспіз деп жүрген біздер айдалада қаламыз.
Доқтырхан дос, есіңде ме, сені Жуалының «Павлик Морозовы» деп әзілдеуші едік қой. Алпысыншы жылдардың күзінде сенің «Лениншіл жас» (бүгінгі «Жас Алаш») газетінде жарияланған «Менің оқығым келеді» деген етектей мақалаң бүкіл елді дүрліктірген еді. Әкең сені оқудан шығарып алып, қой бақтырып қояды... Сыныптастарың «Доқтырхан пастух» деп мазақтап, жүйкеңді тоздырады. Содан өзіңнен-өзің қиялданып, намыстанып, әкеңе өкпелеп, ойдағының бәрін жиып-теріп, «Лениншіл жасқа» хат жолдайсың... Арада бірер апта өткенде әлгі мақала газетте жарқ ете қалды. Газеттің өзі бір күндік болғанымен сөзі мың күндік емес пе, ауылың дүрлігеді. Қазақстанның түкпір-түкпірінен хат дегенің саған қарша борайды. Ауылыңа ауданнан, облыстан комиссия бірінен соң бірі келеді. Әкеңді ауыл ақсақалдары тәрбие тезіне салып, өздерінше «бюро» өткізеді. Сөйтіп, сен мектептегі сабағыңа ораласың... Сенің сол мақалаңның шапағатының өзге өңірлерге әсері болғандығын айта кету ләзім.
Кейін естідім, сол мақалаң Қазақстан комсомолы орталық комитетінің кезекті бір бюросында қаралып, сенің туған жерің – Петровка селосындағы орыс мектебінің жанынан қазақ сыныптары ашылыпты. Бұл ерлігіңді Жамбыл облысының Жуалы ауданында тұратын жерлестерің осы күнге дейін аңыз етіп айтады екен. Өршелене ағатын асау өзенге қарсы жүзетін қайсар бекіре балықтары болады. Мен сені кейде соларға ұқсатамын. Мектепті бітірген соң арман қуып Алматыға келдің. 1960 жылдардың соңында КазГУ-дың «Журналистика» факультетіне небәрі елу шақты талапкерді қабылдайтын. Емтиханды сәтті тапсырғанның өзінде конкурс өте қатал, он үміткер бір орынға таласады. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келетін талапты жастар сияқты сенің де жолың бірден болмай, бірнеше рет сүріндің, құладың. Бірақ мұқалған жоқсың, мал бақтың, құрылысшы да болдың. Әскер қатарына барып келген соң аудандық газетте қызмет атқардың. Өмірді көріп, әбден ысылып, бес жылдан кейін ғана армандаған оқуыңа түстің.
Дүниежүзінің түкпір-түкпірінде тұратын адамзат баласының 25 пайызы ғана өзі қалаған мамандық бойынша жұмыс атқарады екен. Сен өз мамандығыңды ұнаттың, оған адал болдың. 1980 жылдары сол кездегі Жамбыл облыстық «Еңбек туы» газетінде аға тілші болып жүргеніңде алыпсатарлар мен олардың дөкей көкелері туралы фельетон жазып, жұмыстан қуылдың. Олар жазалануы керек еді, бірақ партия мен оның сыбайластарының арқасында сен таяқ жедің.
Жамбыл облысының Жуалы ауданына қарасты №10 әскери совхозда болғаным бар. Тартсаң, түгі шығатын жері – бай, құнарлы. Экономикасы шалқыған, дәулеті тасыған шаруашылықта негізінен орыс ағайындар тұрады. Бар игілікті көретін де солар. Совхозда кілең қазақтар тұратын бір бөлімшенің жағдайы мүлдем басқаша. Шаруашылық орталығы мен бөлімшесінің арасы небәрі үш шақырым болса да айырмашылығы жер мен көктей. Екі арада жол жоқтың қасы, газ тартылмаған, халық тұратын үйлердің әбден тозығы жеткен, құлайын деп тұр.
Совхозда шовинистік көзқарас басым, шаруашылықта жұмыс істейтін ұлты қазақ мамандарды қудалау орын алған.
1990 жылы бір топ ауыл тұрғынының атынан түскен арыз бойынша телехабар жасағаның есіңде ме, Доқа? Сен сол кезде жаңадан ашылған «Жамбыл» телеарнасында бас редактордың орынбасары едің. Облыстық партия комитеті, сол кездегі өңірлік КГБ және басқа да жауапты орындар тыныш, бейбіт өмір сүріп жатқан халықтың арасына сына қағу, іріткі салу деген сылтаумен дайын тұрған өзекті хабарды эфирге бергізбеді. Сен бұл әділетсіздікке қарсы тұрып, өз өтінішің бойынша жұмыстан шығып, Алматыға келіп, әлгі «бұзық» деп танылған хабарды «Қазақ» телеарнасынан бұрқ еткізіп көрсеттің. Бұл оқиға облысқа бомба жарылғандай әсер етті. Көп ұзамай-ақ совхоз директоры орнынан алынып, қамшының бір ұшы тиісті орындарға тиді. Барлық әлеуметтік-тұрмыстық әділетсіздіктер орнына келді. Кемшілік атаулыны тайсалмай айтқаны үшін жұмыстан қудаланған Арапхан Запаров директор болып тағайындалды. Содан бері арада қырық жылға жуық уақыт өтіпті, жуалылықтар осы оқиғаны ұмытпай, сені ризалықпен есіне алады, досым! Мұны журналистің ерлігі деп қалайша айта алмайсың. Елге сіңірген еңбегің еш кеткен жоқ, досым. Жуалы ауданының Құрметті азаматы атандың. «Жамбыл облысына сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталдың, «Ұлт қайраткері» деген атағың бар.
Бірде Алматыға барғанымда: «Ақиқат үшін әжептәуір жұмыстан кетіп, астанаға келгенімде жұмыстың реті бірден шешіле қоймады. «Алатау» телеарнасының директоры Сәнгерей Тәжіқұловты жақсы білуші едім. Бір редактор әйелдің ай-күні жақын екен, сол демалысқа шыққанда қызметке алатындығын айтты. Сұрастырып көрсем, әлгі келіншектің әлі үш айдай отыратын түрі бар. Тірі адам тіршілігін жасайды, уақытша жұмыс іздей бастадым. Бір газеттен Моңғолиядан Семей ет комбинатына ірі қара айдайтын бақташылар керектігін оқып, хабарласып едім, олар сөзге келместен келісе кетті. Ұзын сөздің қысқасы, Моңғол жерінен Семейге дейін үш ай сиыр айдап, қайтадан Алматыма оралдым. Екі-үш күн есімді жиып, «Алатау» телеарнасына бас сұқтым. Сәлемімді алған директор маған жылы шыраймен қарады.
– Оу, батыр, қайда жүрсің? Сені іздемеген жеріміз жоқ. Бірінші теледидардың бас директоры Рафаэл Жұмабаев ағаң екеуміз үлкен бастығымыз Сағат Әшімбаевқа жағдайды түсіндіріп айтқанбыз. Сені қызметке қабылдайтын болды. Тез өтінішіңді жазып, кадрлар бөліміне бар.
Не болар екен деген абыржу сезімі жоғалып, тұла бойым жеңілдеп, жүрегім жылып сала берді. Тумаса да туғандай болып кеткен қос ағамның жақсылығын ешқашан да ұмытпаймын!» – деп ағыңнан жарылғаның әлі есімде, досым. Иә, өмірде жақсы адамдар көп қой.
«Аққа Құдай жақ» деп бабаларымыз бекер айтпаған. Алматыға келіп, бағың жанды. Журналистика және әдебиеттен ойып тұрып өз орныңды таптың. Қызмет жолыңды «Қазақ» телеарнасында редактор болып бастап, «Алматы», «Алатау» телеарналарында бас редактор, «Қазақ» телеарнасында бас директордың бірінші орынбасары, «Қазақтелефильмде» бас директор болып абыройлы іс атқарып, ұлттық журналистиканың, деректі киноның дамуына өзіндік үлес қостың.
Доқтырхан, сен телевидениеге келгелі аттан түспедің деуге болады. «Омбыдан келе жатырмын...», «Орынборға ұшып барамын», «Ташкенттен, ұшақтан түскен бетім», «Мәскеуге билет алып қойдым» деп, Астанаға келуді жиілеткеніңді ұмытқан жоқпын. Гүлжан екеуміздің шаңырағымызда аяқ суытып, дәм татып, қона жатып, әңгіме-дүкен құрғанымыз соңғы кезде сиреп кеткені болмаса, бәрі жадымда.
Осындай бір әңгіме желісінен кейін маған да тапсырма беріп қоюшы едің. Ана бір жылы сол кездегі Еуразия университетінің ректоры Мырзатай Жолдасбековтен бір қадірменді ел ағасы жөнінде сұхбат алғызып, тапсырмаңды орындағаным үшін алғыс «жариялағаныңның» өзі неге тұрады.
Бізбен қатар оқыған белгілі сатирик-жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қазыхан Әше досымыздың сенің аты-жөніңді қысқартып «ДТ-75» деп атауы тегін емес. Жұмысың бір басыңнан асып жатса да қолыңнан қаламыңды тастамай, белгілі жазушы атандың. Бүгінге дейін прозалық, сатиралық, тарихи-танымдық және деректі жанрларды қамтитын жиырма кітабың жарық көріпті. Солардың ішінде сатиралық шығармаларыңның орны ерекше. «О дүниеден келген өкіл» атты сатиралық жинағың Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығына ие болды.
«Еңбек демалысына шықтым, енді жанымды күтемін» дейтін адамдардың қатарына сені қосуға болмайды. Осыдан біраз жыл бұрын түбі бір, тегі бір түркітілдес халықтардың салт-дәстүрін, тарихын, әдебиеті мен өнерін, ел мақтан тұтатын тұлғаларын насихаттайтын Халықаралық «Түркі әлемі» телестудиясын ашып, үлкен іс тындырып жатырсың, «ДТ-75» досым! Ақсақ аяқ, қолда таяқ деп, жақын-алыс талай-талай мемлекетті араладың, дәмін таттың. Бірнеше жылдың ішінде 30-дан астам деректі фильм жасау – үлкен еңбекті, шығармашылық ізденісті талап етеді, Доқа!
2015 жылы Түркияда өткен түркітілдес халықтардың Дүниежүзілік «Алтын сафран» кинофестивалінде өзің жасаған «Мәшһүр Жүсіп» деректі фильмі жүлделі орынға ие болып, бағың жанды.
Көңіл шіркінде тоқтау бар ма?! Сол кешегі алты жыл бойы бірге оқыған дос-жолдастарды сағына еске аласың. Кезінде өз мамандығымыз бойынша бәріміз де абыроймен еңбек еттік. Өсіп-өндік, түрлі марапатқа ие болдық. Елге танылдық. Енді міне, самайымызды қырау шалып, ата-әже атанып отырған жайымыз бар. Әлі де қатардан қалған жоқпыз. Бір-бірімізбен хабарласып, қал-қадірімізді біліп тұрдық. Осалымыз жоқ десек, ағаттыққа ұрынбаспын деп ойлаймын. Алматыдағы мүйізі қарағайдай жазушы, профессор Нағашыбек Қапалбекұлы, Көкшетаудағы Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-драматург Жабал Ерғалиев, маңғыстаулық 40-тан астам кітап жазған зерттеуші-жазушы Әбілхайыр Спанов, атыраулық, соңғы жылдары облыс орталығындағы іргелі жоғары оқу орнының проректоры болған Ермек Биғалиев, «Қазақ» телеарнасының ардагер журналистері Биғайша Жұмбасова мен Тұрсын Ыдырысова, ҚР Парламенті Сенатының жауапты қызметкерлері Бақытжан Күртібаева, Сәлима Қожахметова, «Заң» газетінің алғашқы редакторы Қасым Әзімханов, журналист-заңгер Тілеулі Бекбосынов, белгілі журналист Мәнсия Аужанова, арамыздан ерте кеткен әріптестеріміз Рысханым Боқаева, Марғұлан Арапов, Нұрлыбай Омаров және басқалар журналист деген атақты абыроймен өткерген тұлғалар дер едім. Бұлардың қатарында сен де барсың, әрине.
Міне, содан бері қаншама жыл өтті. Сол жүздесу, таныстық сыйластыққа, достыққа ұласты. Кешегі тепсе темір үзетін жалын атқан жігіттер, біздер өз мамандықтарымыз бойынша еңбек етіп, зейнет жасына да жеттік. Отбасын құрып, ұлымызды үйлендіріп, қызымызды ұзатып, немере-жиендерімізді көз қуаныш етіп отырған жайымыз бар. Тәңірдің жіберген несібесінің дәмін татып жатырмыз да...
Доқтырхан дос! Сен енді, міне, жетіп-пісіп, жеті белесті артқа тастап, оның бестік тұғырына көтеріліп отырсың. Соған қуанамын. Еңбегіңді ел еледі. Кешегі «Жуалының Павлик Морозовы» кемел ойлы кенен жасқа, абырой-атаққа бөленіп, жан-жағына мейірім, шуақ шашып, ел алғысына қадам басып отырсың. Құдай қосқан жарың екеуің бір ұл, үш қыз сүйіп, оншақты немерең жасыл желектей болып өсіп келеді.
Асыл ойдың иесі, абыз ақсақал атанып отырған қадірлі досым, Доқтырхан, амандық болса, сенің сексенге, тоқсанға толған тойларыңды бірге тойлайық! Саған жаңа шығармашылық жетістіктер, қаламыңның мұқалмауын, зор денсаулық, қажымас қайрат тілеймін! Қазыхан досың айтпақшы, арамызда «ДТ-75» тракторы болып, қазақ руханиятын алға сүйрей бер!
Бәдуан ИМАШҰЛЫ, Қазақстанның Құрметті журналисі, ҚР Журналистер одағы сыйлығының иегері, Астана қаласы
Келесі мақала