Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ЕРЛІГІМЕН ЕЛЕНГЕН ЕРНИЯЗОВ

ЕРЛІГІМЕН ЕЛЕНГЕН ЕРНИЯЗОВ
ашық дереккөз
ЕРЛІГІМЕН ЕЛЕНГЕН ЕРНИЯЗОВ
Біздің бүгінгі бейбіт күнге қол жеткізуіміз кешегі соғыс көрген солдаттардың арқасы екені белгілі. Отан үшін оттан да, оқтан да қорықпай күрескен батырларымыз бүгінде ардагерге айналып, арамызда жүр. Шындығында, нағыз патриот та, батыр да сол кісілер екені даусыз.  Солардың бірі – генерал-майор Әлімжан Ерниязов 1955 жылы Қызылорда облысының Қазалы қаласында дүниеге келген. 1977 жылы Алматы жоғары жалпы әскери командалық училищені бітіргеннен кейін М.В.Фрунзе атындағы академияда білім алады. 2001 жылы РФ Қарулы күштері Бас штабының академиясын тәмамдайды. 1980-1981 жылдары Ауған соғысының отты жолдарынан өткен Әлімжан Қанағатұлы «Қызыл жұлдыз», III дәрежелі «Отан алдындағы қызметі үшін» ордендерімен және 8 мерейтойлық медальмен наградталған. Батырдың ерлігі бүгінгі ұрпаққа мәңгілік өнеге. Біз ардагердің өзімен хабарласып, өткен өмірі, басып өткен жолдары туралы сұрағанымызда ұзақ ойға шомып отырып қалды. Әлден уақыттан кейін бір жөткірініп алып әңгімесін бастады. – 1979 жылдың желтоқсан айында Кеңес жауынгерлері құрамында Ауғанстанға аттандым. Онда бізді қандай қауіп-қатер күтіп алғанын білесіздер. Солардың бәрін жеңген жеңімпаз әскер ретінде біздің әскери бөлімге «Ленин ордені» берілген. Міне, осыдан-ақ біздің қаншалықты қиян-кескі шайқастарды бастан кешіргенімізді білуге болады. Соғыстан оралған соң 1984 жылы Мәскеу қаласындағы М.В.Фрунзе атындағы Әскери академияны бітірдім. Одан кейін басқа да шетелдерде жүріп, 1991 жылы Қазақстанға оралып, 1992 жылы Балқаш қаласында әскери комиссар болдым. Ұзамай тағы да бұйрық шығып, Семей облысына полк командирі болып, араға уақыт салып Сарыөзекте 68-дивизия командирінің орынбасары қызметін атқардым. Сөйтіп, 2001 жылы желтоқсан айында Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан генерал шенін алдым. 2005 жылы АҚШ-қа жіберді. Бір жылдан соң елге оралып, «Батыс» өңірлік әскери қолбасшысының орынбасары, артынша бірінші орынбасары, сосын қолбасшы атандым. Сондай-ақ Астана қаласына ҚР Қорғаныс министрлігі Бас инспекциясының бас инспекторы қызметі сеніп тапсырылды. Сонда жүріп әскери даярлық департаментінің бас штабының бастығы болып, көп ұзамай 2013 жылы сол жерден зейнеткерлік демалысына шықтым, – дейді Әлімжан Ерниязов. Бүгінгі таңда ардагер бейбітшіліктің рақатын көріп жатса да кешегі зұлмат заманда көрген қиыншылықтарын ұмытпағаны жүзінен көрініп тұр. Қанша дегенмен соғыстың аты – соғыс. Онда адам ажалмен бетпе-бет келетіні хақ. – Бірде Кеңес жауынгерлеріне көмектесуге кетіп бара жатқанда жау әскері жарып кеткен көпірден өте алмай тосылып қалдық. Сол сәтте кенет пулеметтен оқ жауды. Жан-жағымыздан дұшпандар бізге қарай жүгіріп, граната лақтырып жатты. Ешнәрсеге қарамай, сарбаздарымыздың жанын аман алып қалу үшін барымызды салдық. Шегінбей күрестік. Таңғы сағат тоғыз жарымда басталған сол шайқас кешкі сағат беске дейін созылды. Біз жауды ойсырата жеңбесек те өзімізді-өзіміз қоршап, қорғап қалдық. Мұның өзі де бір жеңіс еді. Екінші бір оқиға – 1981 жылы Ауғанстандағы ең қауіпті болып саналатын оқ-дәрілер қоймасы бар Торабура деген шатқалды алдық. 2000 жылдардың ортасында америкалықтар бұрын-соңды ешкім ала алмаған шатқалды біз алдық деп гулетті. Шын мәнінде, шатқалды біз бұрын алған болатынбыз, – деп, соғыс жылдарындағы жеңісін еске алған генерал әрбір саланың беткеұстар қаймақтары, майталмандары болатынын айтып, әскери істе өзіне үлгі ретінде даңқты жауынгер, белгілі қолбасшы Бауыржан Момышұлын рухани ұстаз санағанын айтады. Сонымен қатар ардагер өзінің әскери салада еңбек еткеніне еш өкінбейтінін де айтып қалды. – Әрине, әскери қызметте болу оңай емес. Қай кезде де жауапкершілігі аса жоғары қызмет екенін білемін. Әскери салаға ең алғаш қызығушылығым мектепте жүргенде басталды. Сол кезде бізге әскери даярлық пәнінен сабақ беретін Юрий Михайлович есімді ағайымыз болды. Ағайымыз бізге түрлі даярлықтарды үйрету барысында сабақ қызықты өтуі үшін көптеген сұрақ қоятын. Сұрақтардың барлығына ыждағаттылықпен жауап беріп отыратынмын. Қазір ойласам, Юрий ағай бізге сабақ беріп қана қоймапты, нақты әскери өмірге дайындаған екен. Сондықтан да қазірге дейін ұстазыма деген ықыласым бөлек. Ал әскери жауынгер болу үшін батыр болу жеткіліксіз. Өйткені әскери адам батыр да, батыл да болу керек. Керек кезінде тез шешім қабылдайтын ақылды, жол жоқ жерден жол табатын көреген болуы тиіс. Сонда ғана нағыз әскери адам болып саналады, – дейді Әлімжан Қанағатұлы. Сонымен қатар Әлімжан Ерниязов қазіргі заман мен уақыт талабы басқа екенін айтып, жастарды білімді болуға және патриот болуға шақырды. – Жастар білім мен ғылымға барынша назар аударғаны жөн. Әрине, Отан алдындағы борышын өтеу әрбір ер-азаматтың парызы. Отаны үшін кез келген қиыншылықтың бәріне дайын болуы да маңызды. Міне, сонда ғана елдің ертеңі нұрлы болмақ. Біз сол соғыс кезеңінде де қолымыздан кітабымызды тастамаған жандармыз. Демек, білім адамға қай уақытта болмасын қажет. Сондықтан жастар осындай бейбіт заманда барынша өздерін кемелдендіруге күш салғаны жөн, – дейді ардагер. Он жылға жуық уақытқа созылған соғыста Ауғанстан әскерлері құрамында Қазақстаннан 22 269 жауынгер интернационалдық міндетін атқарды. Олардың 924-і сұрапыл шайқаста ерлікпен қаза тапты, 21 адам хабар-ошарсыз кетті, мыңдаған азамат елге мүгедек болып оралды. Ал аман-есен оралғандардың ішіндегі Әлімжандай батырлардың орны ерекше. Шапағат Әбдір
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар