Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ – ЖАЗУШЫЛАРҒА ЖӘРДЕМШІ

ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ – ЖАЗУШЫЛАРҒА ЖӘРДЕМШІ
ашық дереккөз
ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ – ЖАЗУШЫЛАРҒА ЖӘРДЕМШІ
Бүгінде жасанды интеллекттің алғашқы қарлығаштары бірқатар салаға енгізіле бастады. Дегенмен ғалымдар кез келген салада жетістікке жету үшін жасанды интеллекттің әлеуеті зор болғанымен адамзатқа үлкен қатер төндіруі мүмкін екенін айтып, дабыл қағуда. Жасанды зерденің қаупі туралы америкалық кәсіпкер, «Twitter»-дің иесі Илон Маск Дубайда өткен әлемдік үкімет саммитінде: «Мұның жағымды да, жағымсыз да тұстары бар. Оны пайдаланудың тиімді тұсы өте көп. Десек те ол ядролық бомбалар сияқты үлкен қауіп төндіруі мүмкін екенін естен шығармау қажет. Сондықтан бізге бұл саланы әлі де жан-жақты зерттеу маңызды», деп пікір білдірді. «Oxford Insights» компаниясының зерттеуінше, мемлекеттік қызметтерді ұсынуда жасанды интеллект мүмкіндіктерін енгізуде бүгінде АҚШ көш бастап тұр. Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы Бауыржан Серікбаев: «Технологиялық университеттер саны, ғылыми институттардың мүмкіндігі, мамандардың қабілеті сынды көрсеткіштер АҚШ-ты әлемнің көшбасшысына айналдырды. Азиядан үш мемлекет – Сингапур, Оңтүстік Корея мен Жапония алғашқы ондыққа енген. Сингапур жалпы ұпай санымен екінші орында тұрғанымен екі негізгі көрсеткіш бойынша АҚШ-тан озық тұр. Еуропа елдерінен Ұлыбритания 3-орынға тұрақтаса, Финляндия – 4, Франция 7-орынды иеленген. Атап өту керек, Ұлыбритания 2017 жылғы есепте 1-орыннан көрінген. Сондай-ақ Малайзия – 29, Ресей 40-орынға тұрақтаса, Түркия – 49, Қазақстан – 72, Әзірбайжан – 74, Өзбекстан 79-орынды иеленген. Кестенің соңында Сирия (180-орын) мен 181-орында Ауғанстан орналасқан. Жасанды интеллект кейінгі 2-3 жылда «ChatGPT» сынды жаңа өнімдердің келуімен қарқынды дамып келеді. Бүгінде медицинадан бастап, қауіпсіздік саласы, қызмет көрсету, өндіріс орындарын автоматтандыру, ғарыш пен робототехника секілді экономиканың сан саласында жасанды интеллект мүмкіндіктері барынша тиімді қолданылады», – дейді. Ал Қазақстан қоғамдық даму институты Қоғамдық үдерістерді зерттеу орталығының басшысы Риззат Тасымның айтуынша, жасанды интеллекттің жуық арада қамтымаған секторы қалмайды. Тіпті жасанды интеллект бүгінде жазушылардың да жәрдемшісіне айнала бастаған. Мәселен, жуырда ғана Жапонияның белгілі әдеби сыйлығы «Акутагаваны» иеленген жазушы Риэ Кудан өзіне «ChatGPT» көмектескенін мойындады. Жазушы кітаптың шамамен 5 пайызы жасанды интеллект жасаған сөйлемдерден тұрады деп ашық мәлімдеді. Сондай-ақ автор жасанды ақыл-оймен жиі сөйлесу ешкіммен бөлісе алмайтын ең құнды ойларын шығаруға мүмкіндік бергенін айтты. Жазушыға «ChatGPT» жауаптары шабыт беріп, қанаттандырған екен. Тіпті роман ішіндегі кей диалогке арқау болған. «Жандүниемнің бар сырын жасанды санаға ақтардым. Ол маған шабыт берді. Әрі қарай да роман жазу кезінде жасанды интеллектті қолданамын. Оның тиімді тұсын қолданып, пайдасын көруді жоспарлап отырмын. Сонымен бірге өз шығармашылығымның толық көрінуіне де мүмкіндік беремін», – деген Риэ Куданның мәлімдемесінен кейін әлеуметтік желілерде қызу пікірталас басталды да кетті. «The Japan Times» басылымы «Акутагава» сыйлығы сияқты беделді марапаттарда мұндай бассыздыққа жол берілсе, әдебиеттің болашағы бұлыңғыр екенін айтып, алаңдаушылық білдірді. Ал «Акутагава» сыйлығын беретін ұйым жеңімпаздың мәлімдемесіне әзірге түсініктеме берген жоқ. Сол секілді америкалық жазушы Робин Слоан да жаңа кітабын үйіндегі компьютердің көмегімен жазып жатыр. Ақылды құрал жазушының сөйлемдерін өзі аяқтап отырады. Сонымен қатар қазір жасанды интеллект арқылы көркем туынды ғана емес, шағын шығарма немесе эссе жазуға да болады. Мұндай боттар білім алушылардың арасында өте танымал. Жасанды интеллекттің жазып бергенін адамның жазғанынан айыру қиын. Өйткені арнайы боттар шығарма немесе эссені 70 пайыз жүйелі жазады. Тіпті кейбір боттар 97 пайыз антиплагиаттан өтетін мәтіндерді де дайындап бере алады. Ғалымдар мұндай алгоритм адам санасының дамуын тежейді деп қауіптенеді. Мамандардың айтуынша, жасанды интеллекттің алгоритмдері адамның ойлау қабілетінен де асып кетуі мүмкін. Ал IT маманы Мейіржан Әуелханұлының сөзіне сүйенсек, болашақта жасанды интеллект ақын-жазушы, жалпы өнер адамдарын тығырыққа тіреуі мүмкін. – Алдымен жасанды интеллекттің жұмыс істеу барысын түсіндіріп көрейік. Бағдарламалаушы алдымен оның базасына философияның, әдебиеттегі барлық жанрдың озық үлгілерін және оны қалай жазу керек екенін енгізіп, үйретеді де: «Осының бәрін түк қалдырмай оқып шық, кейін біреу сенен тура осындай шығарма жазуды сұраса, айтқанын екі етпей орындап бер!» – деп бұйырады. Ең қызығы, ЖИ әдебиет тарихындағы алыптардың жазу стилі, ойлау жүйесі мен заманауи бағыттарды араластырып та жаза алатын қасиетке ие. Мәселен, сіз «ChatGPT»-дан заманауи әдеби тәсілдерді қолдана отырып, Байронның стилімен өлең жазып беруін сұрай аласыз. Бұл ретте жасанды интеллектке шығарма жаздыратын «қаламгерлер» шынайы жазатын ақын-жазушыларды тығырыққа тіреуі мүмкін. Ал жасанды интеллекттің өзі біздің әдебиетке, біздің ғана емес, әлемдік әдебиетке осылай бәсекелес болып, не тығырыққа тіреуі мүмкін. Осы орайда қаламгердің немесе қаламгер болғысы келетін кісінің әдебиетке деген адалдығы, жеке басының этикасы да үлкен рөл ойнайды. Біреу жасанды интеллектті қолданып, ұзын-сонар жақсы шығарма жазуы мүмкін, ең соңында: «Міне, мен осы шығарманы жасанды интеллектке дұрыс тапсырма беріп, бүкіл ақыл-ойымды қолданып, қалай жазу керек екенін сұрап барып қана жазып шықтым», деп ашық мойындауы мүмкін. Бұл автордың жеке бас этикасына байланысты. Меніңше, біздің қоғам жаппай жасанды интеллектті пайдалану үшін машиналық оқыту қазақ ІТ мамандарының ішінде жақсы дамуы және бір жыл ішінде соған жеткілікті деңгейде көңіл бөлінуі керек. Жасанды интеллект үшін бір жыл да өте ұзақ уақыт. Өйткені ЖИ әр ай, тіпті апта сайын дамып, жаңа деңгейге көтеріліп жатыр. Сондықтан кешеуілдеген әр күніміз өзімізді орасан зор шығынға ұшыратады. Сол себепті әзірше біздің қоғам жасанды интеллектпен шет тілдер арқылы байланыс орнатады. Ал оны шығармашылық үшін, тек қазақ тілінде пайдаланатын уақыт біздің машиналық оқыту үдерісіміздің жылдамдауына, тездігіне байланысты деп ойлаймын. Мүмкін, осыған жауапты министрлік белгілі бір уақыттан соң кадрларды шетелге жіберетін шығар. Олар бір жыл тағылымдамадан өтіп, машиналық оқыту технологиясын меңгеріп келіп, команда жасақтап, қазақ тілін түгел машиналық оқытуға енгіземіз десе, бір-екі жылдың ішінде біздің де өз «ChatGPT»-міз пайда болуы кәдік. Сол кезде ғана ЖИ қазақтың төл тілінде, яғни Әуезовтің, Жүсіпбектің, Бейімбеттің стилінде шығарма жазып беретін болар. Ол үшін ұлт әдебиеті алыптарының шығармашылығын тұтастай ЖИ базасына енгізуіміз қажет, – дейді Мейіржан Әуелханұлы. Осылайша жасанды интеллект әлем жазушыларына жердемші болып қана қоймай, көптеген күнделікті және қайталанатын тапсырманы автоматтандыру арқылы еңбек нарығын өзгерте бастады. Жасанды интеллект технологиясы жетілдіруді жалғастыра отырып, күрделі тапсырмаларды орындау арқылы кейбір жұмысшылардың орнын басу қаупі де бар. 2050 жылға қарай жасанды интеллект ауыстыра алмайтын кей қызмет түрлері ғана сұраныста қалады деген болжам бар. Бұл мамандардың қатарына ғалымдар, мәдениет қайраткерлері, ақпараттық технология саласындағы топ-мамандар, жоғары санатты дәрігерлер, медбикелер, бала күтушілер, әлеуметтік жұмысшылар кіреді. Ал сіз қалай ойлайсыз? Жасанды интеллект адамзатты жақсылыққа жетелей ме? Әлде керісінше ме?

Талғат Нұрханов

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар