Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Адамдар неге «Iphone»-ға құмар? ?

Адамдар неге «Iphone»-ға құмар? ?
ашық дереккөз
Адамдар неге «Iphone»-ға құмар? ?
Телефон өндірісі цифрландыру мен ақпараттық технологиялар қарыштап дамыған кезеңде ең табысты бизнес түрінің бірі екені даусыз. Нарық үшін талас танымал брендтер арасында толассыз жүріп жатыр. IDC зерттеуіне сәйкес, 2023 жылы әлемде шамамен 1,17 миллиард смартфон сатылыпты. «Apple» компаниясы тарихта алғаш рет жыл сайынғы смартфондар сатылымы бойынша бірінші орынды иеленді. Америкалық компания 2011 жылдан бері тұғырдың ең жоғарғы сатысында тұрған оңтүстіккореялық «Samsung» компаниясынан асып түсті. IDC сарапшылары «Apple» табысын бірнеше фактормен байланыстырады. Атап айтқанда, премиум құрылғылардың танымалдылығы бүкіл әлемде өсіп келеді. 2023 жылы жалпы жеткізілімдегі үлесі 20 пайыздан асты. Сонымен қатар сатып алу бағдарламалары мен пайызсыз несиелеу ұсыныстары «iPhone» сатылымының өсуіне ықпал етуде. Телефон нарығындағы сан түрлі бас айналдырар брендтер мен креативті өнімдердің көптігіне қарамастан, бағасы басқаларынан едәуір қымбат «Apple» өнімдері неге осыншама сұранысқа ие? «Apple»-дің сәттілік формуласын зерттеп көрдік. Соңғы 17 жыл ішінде «iPhone» өнімдерінің бағасы қымбат болса да үнемі сұранысқа ие болатыны маркетологтарды таңғалдырып келеді. «iPhone» – сән-салтанаттың белгісі. «Apple»-дың сәттілік формуласы сән немесе зергерлік брендтер әлемінде болатын парадигма, бірақ технологиялық салада сирек кездесетін құбылыс. 2023 жылы «Apple» 234,6 миллион смартфон сата алды, нәтижесінде әлемдік нарықтың 20,1 пайыз үлесіне ие болды. Сарапшылар үздік үш жеткізушінің арасында тек «Apple» ғана оң динамика көрсете алғанын атап өтті. Өткен жылдың қорытындысы бойынша «Samsung» 226,6 миллион смартфон сатып, екінші орынды иеленген. Компанияның бір жылдағы сатылымы 13,6 пайызға төмендеген. Ең қызығы, ең көп сатылған телефон маркалары бойынша да «Apple» өнімдері көш бастап тұр. Ең көп сатылған маркалардың арасында бесінші орыннан тоғызыншыға дейін әртүрлі «iPhone» үлгілері ие болды. Одан бөлек біз «iPhone»-ды қарапайым тұтыну өнімі сияқты үнемі ауыстырамыз. Тұтынушы 1000 долларға қымбат бренд сағатын сатып алса, он жыл немесе одан да көп қызмет етеді деп үміттенеді, ал «Apple» адамдарды екі-үш жыл сайын жаңа қымбат «iPhone» сатып алуға итермелейді. Мұның сыры неде? Психолог Ғайнижамал Наурызбаева адамдардың «iPhone»-ның соңғы үлгілеріне неліктен құмар екенін айтты. Сондай-ақ психолог тіпті «iPhone» үшін несие алуға дайын адамдардың психологиялық портретін жасап берді. – Адамдар сүйіктісінің, жұмыстағы әріптестерінің және бәсекелестерінің таңғалу көзқарасын туғызу үшін қымбат дүниені сатып алады. Олар өздерін заттар арқылы мойындатуға тырысады. Басқа адамдарға қымбат телефоны арқылы бірнеше дүниені ұғындырғысы келеді. «Мен эксклюзивпін» (жаңадан шыққан модельді телефон трендте екенін көрсетеді). «Мен баймын» (жаңа «iPhone» сатып алатын мүмкіндігім бар, құрметке лайықпын) деген сияқты. Психология тұрғысынан сәнді затты алуға деген ұмтылыс адамдардың әлеуметтік тіршілік иелері екендігімен түсіндіріледі. Жасөспірімдерге бұл тұтынушылық несиені бір жыл, тіпті бес жыл төлеуге тура келеді деп ойлаудан гөрі, олардың әлеуметтік тобының бір бөлігі болу әлдеқайда маңызды. Сән – қоғамның белгілі бір бөлігін біріктіретін нәрсе, – дейді Ғ.Наурызбаева. Психолог дизайнерлік киімдердің, танымал бейне ойындардың, сериалдардың, кітаптардың, жаңалықтардың трендте болуының артында тобырлық сана тұрғанын еске салды. Бұл адамдардың әлеуметтік тобында қалуға, оның толыққанды бөлігі болуға, бір толқында сөйлесе білуге деген ұмтылысымен байланысты. Осы арқылы өзінің қоғамдағы орнын биіктеткісі келеді. Кез келген адамға өзіне тәнті болғанын сезу ләззат сыйлайды.

Бақытжан БАЙМАХАНҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар