Конституциялық реформа және сайлау жүйесі
Тәуелсіздік жылдарында еліміздің сайлау органдары дәйекті даму жолынан өтіп, мемлекеттік биліктің аса маңызды институттарын қалыптастыру ісіне елеулі үлес қосты. Бұл құрылым сайлау құқығына қатысты әлемдік деңгейдегі жоғары талаптарды әрдайым сақтай білді. Сондай-ақ халықаралық серіктестермен ынтымақтастықты нығайтып, қоғаммен ашық диалог орнатты. Мысалы, шетелдің озық тәжірибесін ескере отырып, аумақтық комиссиялардың кәсіби деңгейін көтеру, жұмысын жақсарту және оның әрбір мүшесінің мәртебесін айқындау үшін нақты шаралар қабылданды.
Көптеген беделді халықаралық ұйымдардың белсенді мүшесі бола отырып, Қазақстан еркін және бәсекелі сайлау өткізу бойынша өзіне қабылдаған барлық міндеттемелерін ұстанады. Біздің еліміздегі барлық сайлау науқандары ұлттық заңнамаға және Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясында
(1948 ж.), ЕҚЫҰ Копенгаген кеңесінің құжатында (1990 ж.) қамтылған демократиялық сайлаудың жалпыға бірдей танылған қағидаттарына сәйкес өтеді.
Осы орайда тарихқа шегініс жасасақ, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының өткен 30 жыл бедерінде оң өзгерістердің бел ортасында болғанын аңғарамыз. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін, Жоғарғы Кеңестің 1993 жылғы
8 желтоқсандағы қаулысына сәйкес Орталық сайлау комиссиясы мемлекеттік деңгейде сайлау үдерісін басқаратын алғашқы арнайы мемлекеттік орган ретінде құрылған. Сол сәттен бастап ол еліміздегі саяси эволюция аясында дамыды. Қазақстан беделді халықаралық ұйымдарға мүше болып кіргендіктен еркін және бәсекелі сайлау өткізу бойынша қабылдаған барлық міндеттемесін орындауға күш салып келеді.
Арада өткен кезеңде еліміздің сайлау органдары 39 ірі сайлау науқанын өткізді. Соның ішінде 5 елдік науқан – Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі 2022 жылғы референдум, одан кейінгі Президент, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің және барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлаулары бас-аяғы бір жылға жетпейтін уақыт ішінде өткізілді. Бұған қоса 2021 жылы ауыл әкімдерінің сайлауы енгізіліп, содан бері олардың 87 пайызын халық тікелей сайлады. Сондай-ақ былтыр аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлау қанатқақты режімде жүзеге асырылды. Ауыл әкімдерінің сайлауы қазіргі кезде апта сайын өткізіледі. Осылайша еліміздің сайлау органдары ұдайы сайлау науқаны жағдайына көшіріліп отыр. Бұл тұрғыда сайлау комиссияларының құрамын білікті мамандардан жасақтауға басымдық берілуде.
– Сайлау комиссияларының қатарында міндетті түрде білімді, тәжірибелі, өз қызметін адал атқаратын азаматтар болуы өте қажет. Олардың құрамы жаңартылып тұрғаны да маңызды. Бұл талапты мәслихаттарға сайлау комиссияларының мүшелерін ұсынатын саяси партиялар да, тиісті шешімдерді қабылдайтын мәслихаттар да ескеруге тиіс. Былтыр өткен мәслихаттардың сессияларында өкілеттігі аяқталған сайлау комиссияларының бәрінің құрамы жаңартылды. Соның ішінде учаскелік сайлау комиссияларының 12 344 мүшесі жаңа адамдармен ауыстырылды. Астана, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың 20 аумақтық сайлау комиссиясының құрамы 28 пайызға, аудандық, қалалық сайлау комиссияларының құрамы 31 пайызға жаңартылды.
Бір айта кетерлік жайт, бұрын сайлау комиссияларының құрамына, негізінен, бірер саяси партияның ғана өкілдері енгізілген болса, енді ресми тіркелген барлық саяси партияның, соның ішінде бертінде ғана құрылған «Respublica», «Байтақ» сынды партиялардың өкілдері де кірді. Жалпы біз сайлау комиссияларының тәуелсіздігі мен кәсібилігін арттыруға ерекше мән беріп отырмыз. Бұрын Орталық сайлау комиссиясы ғана кәсіби негізде қызмет атқарып келсе, 2023 жылдан бастап облыстардағы және мегаполистердегі аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары, олардың орынбасарлары, хатшылары мен мүшелері, сондай-ақ аудандардағы аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары, орынбасарлары мен хатшылары өкілеттіктерін кәсіби негізде жүзеге асыратын болды.
Сайлау комиссияларының жаңадан сайланған мүшелерінің біліктілігі де ұдайы назарымызда. Аумақтық сайлау комиссиясының мүшелерін мәс-лихаттар сайлағанымен олар Орталық сайлау комиссиясы бекіткен біліктілік талаптарына сәйкес келуге тиіс. Мұны әрдайым қадағалап отырамыз. Бұған қоса аумақтық сайлау комиссияларының жаңадан сайланған мүшелерін электоралдық оқыту жоспарланған. Биылғы қаңтар айынан басталған оқыту сәуір айына дейін Мемлекеттік басқару академиясындағы Электоралдық оқыту орталығының базасында офлайн режімде ұйымдастырылады. Аталған орталықта аумақтық сайлау комиссияларының өзге мүшелерін оқыту сәуір айынан бастап жыл соңына дейін онлайн режімде жүргізіледі, –
дейді Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы, заң ғылымдарының докторы Нұрлан Әбдіров.
Айта кету керек, былтыр Орталық сайлау комиссиясының 30 жылдығы атап өтілді. Осынау айтулы мерейтойға орай желтоқсан айында «Конституциялық реформа және сайлау жүйесі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды. Екі күнге созылған алқалы жиынға 16 шет мемлекеттің орталық сайлау органдарының және 6 беделді халықаралық ұйымның – Дүниежүзілік сайлау органдары қауымдастығының, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Демократиялық институттар мен адам құқықтары бюросының (ЕҚЫҰ/ ДИАҚБ), Тәуелсіз мемлекеттер достастығы (ТМД) Атқару комитетінің, Парламентаралық Одақтың, Түркі мемлекеттері ұйымының, ТМД Парламентаралық Ассамблеясы Кеңесінің өкілдері қатысып, өз ой-пікірлерін ортаға салды. Бұл еліміздегі саяси реформаларға, соның ішінде сайлау жүйесін жетілдіру барысына бүкіл әлем назар аударып отырғанын көрсетеді.
Мемлекет басшысы конференцияға қатысушыларға құттықтау жолдап, еліміздегі саяси реформалар кезеңінде сайлау заңнамасын үнемі жетілдіріп отыруға баса мән берілетіндігін және осы күрделі әрі жауапты міндетті орындау үшін сарапшылар қауымымен тығыз қарым-қатынас орнатудың маңызы зор екенін айтты.
Конференцияға қатысушылар, әсіресе Грузия Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Георгий Каландаришвилидің өз елінің сайлау жүйесіндегі өзгерістер туралы айтқан сөзін ықылас қоя тыңдады. Бір қызықты мысал: Грузияда саяси партиялардың Парламентке өту шегі 2012 жылғы сайлауда – 5 пайыз, 2020 жылғы сайлауда 1 пайыз болған екен, ал былтыр қайтадан 5 пайыз болып белгіленіпті, яғни қазір біздің елдегімен бірдей. Түркия Республикасы Жоғары сайлау кеңесінің төрағасы Ахмет Йенер 2023 жылы 3 қарашада Астанада өткен Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) саммитінде Қазақстан Президенті ТМҰ-ға мүше мемлекеттер орталық сайлау органдарының консультативтік кеңесін құруды ұсынғанын еске алып, осы бастама бауырлас елдердің демократиялық басқаруды нығайтуға деген ұжымдық міндеттемесін практикалық деңгейге көтеретініне сенім білдірді.
Конференция шеңберінде «Конституциялық реформа мәтініндегі сайлау заңнамасының эволюциясы» және «Сайлау жүйелерін дамытудың өзекті трендтері» атты екі тақырыптық сессия жұмыс істеді, оның барысында қатысушылар мен қонақтар баяндамалар жасап, аталған тақырыпта пікір алмасты. Атап айтқанда, мемлекеттердің қазіргі заманғы сайлау жүйелерінің алдында тұрған талаптары талқыланды, электрондық дауыс беру және басқа да заманауи сайлау технологиялары мәселелері бойынша тәжірибе алмасу жүзеге асырылды. Шетелдік әріптестер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүргізілген Қазақстанның саяси реформаларына оң баға берді.
Сессияларда ҚР Әділет министрі А.Есқараев, ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Д.Қадыров, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Р.Василенко, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Ә.Тұрысов, Грузия ОСК Төрағасы Г.Каландаришвили, Беларусь Республикасы ОСК Төрағасының орынбасары В.Ипатов, Қырғыз Республикасының Сайлау және референдум өткізу жөніндегі орталық комиссиясының төрайымы Н.Шайлдабекова, Өзбекстан Республикасы ОСК Төрағасы З.Низамходжаев, Молдова Республикасы ОСК хатшысы А.Берлинский, Ресей Федерациясы ОСК мүшесі К.Мазуревский, Иордания ОСК мүшесі доктор Раед Әл-Адван, арнайы шақырылған ЕҚЫҰ сарапшысы Д.Дуэнас-Сид, Эстония Ұлттық сайлау комитетінің мүшесі Д.Нахкур-Таммиксаар, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Электоралдық оқыту орталығының басшысы Ж.Буқанова баяндама жасады.
Басқосу барысында Армения, Өзбекстан, Түркия елдерінің орталық сайлау органдарының басшыларымен Өзара түсіністік туралы меморандум-дарға қол қойылды. Құжат сайлау жүйелері мен сайлау үдерісін дамытудағы өзара ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді.
Тағы бір айта кетерлігі, аталған конференцияда Орталық сайлау комиссиясының жаңа перспектикалық даму стратегиясы да баяндалды.
– Бұл ретте Мемлекет басшысының «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған сұхбатындағы күнделікті міндеттерден бөлек, ұзақ мерзімге арналған мақсаттарға ден қоюдың мәні зор екендігі, ұлттың стратегиялық бағдарынан жаңылмау қажеттігі жайлы пайымынан елдің болашағын ойлайтын кез келген саналы азамат тиісті қорытынды шығарғаны жөн деп білемін. Біз өткен жолымызды қорытындылап және қазіргі қалыптасқан жағдайды талқылай келіп, әрі мемлекет пен қоғамның бүгінгі даму деңгейін ескере отырып, Орталық сайлау комиссиясының ұзақмерзімді болашаққа арналған даму стратегиясын белгілеген жөн деп шештік. Бұл кездейсоқ шешімдердің, жаңылыс қадамдардың алдын алуға, сөйтіп, жүйелі түрде алға басуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде стратегиямыздың пайым, миссия, құндылықтар, қағидаттар, мақсаттар, басымдықтар сияқты элементтерін айқындап алдық. Біздің миссиямыз – азаматтардың еркін сайлау арқылы мемлекетті басқаруға қатысуына жәрдемдесу. Осы миссия Орталық сайлау комиссиясының пайымын сайлауға қатысу демократиясын ілгерілетудің кәсіби институты ретінде айқындайды. Құндылықтарымыз – азамат, әділдік, демократия, сенім. Қағидаттарымыз – заңның үстемдігі, тәуелсіздік, ашықтық, инклюзивтік, алқалылық, кәсібилік. Мақсатымыз, яғни өз іс-әрекетіміздің нақты өлшенетін нәтижесі – азаматтардың референдумдар мен сайлау барысында еркін таңдауына жағдай туғызу.
Біз мұны орындау жолында негізгі басымдықтарымызды да айқындадық. Біріншісі – еркін, әділ референдумдар мен сайлауды басқару. Екіншісі – сайлаушылар сеніміне ие болу. Үшіншісі – институционалдық даму: инклюзивті сайлау стандарттары, кәсібилендіру, цифрлық технологиялар. Төртіншісі – азаматтардың сайлау мәдениетін көтеру. Бесіншісі – қоғаммен, ұлттық және халықаралық институттармен өзара іс-қимыл жасасу, – дейді Н.Әбдіров.
Еліміздің сайлау жүйесінде бұдан өзге де өзгерістер көп. Соның бірі ретінде Орталық сайлау комиссиясы эмблемасының өзгеруін атап өтуге болады. Мемлекеттік Елтаңба сияқты мемлекеттік органдардың эмблемаларының да қазіргі заман шындығына сай рәміздік мағынасы болуға тиіс. Осы орайда Орталық сайлау комиссиясының жаңа эмблемасы «Біз – бір үлкен шаңырақ астында байырғы қазақ жерінде өмір сүріп жатқан Қазақстанның біртұтас халқымыз, мұнда әркім өз таңдауын еркін жасайды» деген мағынаны білдіреді екен.
Таяуда ТМД Бас хатшысының бірінші орынбасары Леонид Анфимов: «Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы ТМД кеңістігіндегі сайлау қызметінде шын мәнінде флагмандардың біріне айналды», деді. «Сырт көз – сыншы» деген. Мұны Орталық сайлау комиссиясының кейінгі екі жылдай уақыт ішінде енгізген бірқатар жаңашылдыққа берілген баға деп есептеуге болатындай. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров қолға алған жаңашылдықтардың бәрі еліміздегі конституциялық реформа аясында іске асырылып келе жатқанын айтады. Нақты өзгерістерге тоқталсақ, сайлау органдары облыстық деңгейде –
толық, аудандық деңгейде ішінара кәсібилендірілген. Сондай-ақ еліміздің жаңартылған Ата Заңында Орталық сайлау комиссиясының төрағасы мен мүшелерінің саяси партияларда, кәсіподақтарда болуына және кез келген саяси партияны қолдауына тыйым салынды. Орталық сайлау комиссиясының жанында 2022 жылы құрылған жаңа диалог алаңдары – Сарапшылық кеңес пен Жас сайлаушылар клубы жүйелі жұмыс істеп келеді. Мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс тобының қызметі де қағидатты түрде қайта құрылды. Нәтижесінде өткен Президент сайлауында көру қабілеті нашар жандардың Брайль шрифтімен дайындалған трафаретті қолданып, бюллетеньдермен дауыс беруі алғаш рет 10 мыңнан аса сайлау учаскесінің барлығында жүзеге асырылды. Сондай-ақ Орталық сайлау комиссиясы өз жұмысын заманауи бұқаралық коммуникация құралдарын пайдалана отырып, барынша ашық жүргізіп келеді және тікелей онлайн арқылы көрсетілетін іс-шаралардың бәрі сурдоаудармамен сүйемелденіп отыр.
Сарапшылық кеңестің отырыстарында халықаралық байқаушылардың еліміздің көлемінде өткен сайлаулар туралы әзірлеген қорытындыларын кеңінен және ашық талқылау дәстүрге айналды. Бұған қоса Орталық сайлау комиссиясы мүшелерінің барлық өңірдің жұртшылығы өкілдерімен және жастарымен кездесулерін өткізу жолға қойылды. «Келісіп пішкен тон келте болмас» дегендей, осылайша халықтың әртүрлі топтарымен ашық диалог жүргізіліп, айтылған сыни ескертпелер мен ұсыныстар сайлау үдерісін және сайлау заңнамасын жетілдіру мақсатында ескеріліп отыр.
Баршаға белгілі, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Қазақстанның сайлау жүйесіне өз ұсынымдарын беріп жүр. Бұл ұсынымдар қаншалықты ескеріліп жүр? Осыған байланысты Орталық сайлау комиссиясы өкілдерінің де өз айтары бар.
– Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Демократиялық институттар мен адам құқықтары бюросы миссиялары ұсынымдарының бір бөлігі еліміздің жаңартылған Ата Заңы мен заңнамасында ескерілді. Атап айтсақ, Парламент Мәжілісіндегі Қазақстан халқы Ассамблеясының квотасы жойылды, енді Мәжілістің бүкіл құрамын халық тікелей сайлайтын болды. Саяси партиялардың Парламент Мәжілісіне өту шегі 7-ден 5 пайызға дейін төмендетілді және қолдаушылардан жинайтын қажетті қол саны 4 есе – 20 мыңнан 5 мыңға дейін қысқартылды. Бұл саяси партияларды құру рәсімін едәуір жеңілдетті.
Дегенмен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Демократиялық институттар мен адам құқықтары бюросы миссияларының кейбір ұсынымдарында біздің елдің саяси шындығы, халқымыздың менталитеті жете ескеріле бермейді. Сол себепті ондай ұсынымдар Орталық сайлау комиссиясы жанындағы Сарапшылар кеңесі мүшелерінің тарапынан сұрақ туғызып жүр. Шынын айтсақ, кейбір ұсынымдарды тіпті жаңа буын – жастарымыздың өздері де қабылдамайтынына көзіміз жетіп отыр. Мәселен, ел өңірлеріндегі жастар арасында сауалнама жүргізгенімізде оған қатысқандардың 74,6 пайызы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Демократиялық институттар мен адам құқықтары бюросының Қазақстан Президенттігіне кандидаттар үшін мемлекеттік тілді білуге арналған лингвистикалық емтиханның күшін жою туралы ұсынымын қолдаған жоқ. Сондай-ақ бұрын сотталған азаматты әкім, депутат, Президент сияқты сайланбалы лауазымдарға сайлау туралы ұсынымға жастардың басым көпшілігі – үштен екі бөлігі қарсылық білдірді, – деді Н.Әбдіров.
Әйтсе де Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Демократиялық институттар мен адам құқықтары бюросы миссиясының басшысы Оуэн Мерфидің: «Қазақстанда жүзеге асырылған реформалар елеулі. Орталық сайлау комиссиясының сайлау мәселелері бойынша жұртшылықпен арадағы көпір қызметін атқаратын Сарапшылық кеңесті ұйымдастыру жөніндегі бастамасын құптаймын», деген пікірі ел-жұрттың есінде. Алайда былтырғы Мәжіліс және мәслихаттар сайлауының қорытындысына сенімсіздік білдіріп, дау айтқан кандидаттар да болды. Бұл орайда елімізде 1998-2006 жылдары қолданылған аралас пропорциялық-мажоритарлық сайлау жүйесіне араға 17 жыл салып қайта оралғанымыз қоғамда зор саяси өрлеу туғызғанын айту керек. 29 бірмандатты сайлау округі бойынша Мәжіліс депутаттығына 609 кандидат тіркелді, яғни бір депутаттық мандатқа орта есеппен 21 үміткер таласты. Соның ішінде 525 кандидат өзін-өзі ұсынды. Осы цифрларға қарап-ақ өткен Мәжіліс сайлауының аса тартысты болғанын бағамдауға болады. Мәслихаттар сайлауы да азаматтардың айтарлықтай белсенділігі жағдайында өтті. Өкінішке қарай, ескі мен жаңа күреске түсіп жатқан қазіргі өтпелі кезеңде болған сайлау барысында кейбір өңірде бұзушылықтарға жол берілмей қоймады. Орталық сайлау комиссиясы оларды бірден түзетіп қана қоймай, кандидаттарға сотқа шағымдануға кеңес беріп отырды. «Көш жүре түзеледі» демекші, жауапты тұлғалар қазір аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының тәуелсіздігі мен кәсібилігін қамтамасыз етуге баса назар аударылып отырғанын айтады.
Енді былтыр қанатқақты режімде өткізілген аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлау нәтижесіне тоқталсақ, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровтің пайымынша, еліміздегі демократиялық өзгерістер эволюциялық жолмен жүзеге асырылып жатыр. Ауыл әкімдерін сайлауды енгізген соң аудан әкімдерін сайлауға көшіп жатқанымыз – соның айғағы. Бұл жаңашылдықтар халықтың билікке деген сенімін арттыратыны анық. Қазір тұрғындардың өздері сайлаған ауыл әкіміне араша түсіп жатқан мысал да бар. Осы бастамалар Әділетті Қазақстан орнату жолындағы өте маңызды қадамдар екендігі сөзсіз.
Былтырғы 5 қарашада алғаш рет қанатқақты режімде 42 аудан мен 3 облыстық маңызы бар қаланың әкімін сайлау өткізілді. Олардың тізбесін облыстық мәслихаттар айқындап, бекітті. Сайлау баламалы негізде болып, 1 орынға кемінде 2-3 кандидат таласты. Сайлаушылардың 62,79 пайызы дауыс беруге қатысты. Сайланған әкімдердің орташа жасы – 46,7 жас. Осы орайда облыс бойынша Жуалы және Т.Рысқұлов аудандары әкімдерінің сайланып, халық таңдауымен іске кіріскенін айта кеткен ләзім.
Тағы бір айта кетер жайт, қазір Орталық сайлау комиссиясы электрондық және қашықтан дауыс беру сияқты баламалы нысандардың артықшылықтары мен кемшіліктерін, мәселенің қаржылық жағын зерттеп жатыр екен. Жоғарыда аталған халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға арнайы шақырылған Еуропадағы қауіпсіздік және ынты-мақтастық ұйымы Демократиялық институттар мен адам құқықтары бюросының сарапшысы Давид Дуэнас-Сидтің: «Интернет-дауыс беру жүйесі дауыс беру қорытындысына заңсыз араласуға әкеліп соғуы мүмкін. Сондықтан оны қолданбас бұрын жан-жақты жетілдіру қажет», деген сөзі көпке ой салғандығы даусыз. Еуропаның демократиясы дамыған Ұлыбритания, Германия, Норвегия сияқты елдері электрондық дауыс беруден бас тартып, дәстүрлі қағаз бюллетеньмен дауыс беруге қайта оралды. Сондықтан біздің елімізде де алдағы уақытта электрондық дауыс беру мен қағаз бюллетеньді қатар қолдану мәселесі жан-жақты зерделенетін болады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы VIII шақырылымдағы Парламенттің 1-сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде: «Біз Отанымызды өркендету жолында зор бетбұрыс жасап, жаңа дәуірге қадам бастық. Бірақ өзгерістер мұнымен бітпейді. Бұл – ұзақ жолдың басы ғана. Реформалар жалғаса береді, саяси құрылымды жетілдіру қажет. Бұл – аса маңызды жұмыс», деген болатын. Осы орайда еліміздің сайлау органдарына да үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Тәуелсіздікпен бірге толысып, мемлекетіміздің дамуы жолында ауқымды істер атқарып келе жатқан сала мамандарының артылған үмітті ақтайтындығына сенім мол.
Бақыт Жалғас
Келесі мақала
ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ – ЖАЗУШЫЛАРҒА ЖӘРДЕМШІ
Ұқсас жаңалықтар
Заң
Қазақстанның екі үлкен қаласында бет-әлпетті тану жүйесі іске қосылды.
- авторAR-AY
- 20 қараша, 2024