Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Билікөлге батқан балықшының мәйіті табылды

Билікөлге батқан балықшының мәйіті табылды
ашық дереккөз
Билікөлге батқан балықшының мәйіті табылды
Қыс мезгілінде балық аулаудың өз қызығы бар. Мұны балықшылар жақсы біледі. Жыл сайын маусымның ашылуын асыға күтеді. Десе де қыста балық аулау кезінде қауіпсіздік шараларын естен шығарып, қызықтың арты қайғылы оқиғамен аяқталып жатқан мысалдар көп. Осыдан бір ай бұрын Жуалы ауданындағы Қарабастау ауылының қос тұрғыны Билікөлге балық аулауға кетіп, үйлеріне қайта оралмады. Қос балықшыны іздестіруге құтқарушылар жасағы жұмылдырылды. Апта басында бір айдан бері іздестіріліп жатқан балықшылардың бірінің мәйіті табылды. Құтқарушылар 43 жастағы марқұмның денесін дронның көмегімен анықтады. Оның көл бетінде қалқыған мәйіті қалың қамыстың арасынан табылды. Аталған аумақ Билікөл көлінің іздеу картасына кірмеген бөлігі болып саналады. Бақилық болған балықшының артында жары мен үш баласы қалды. Нақты айтсақ, 11 қаңтар күні Қарабастау ауылының қос тұрғыны айдындағы ауды тексеру үшін көлге түскен екен. Сол сәтте қатты жел тұрып, балықшылардың қайығы аударылып қалады. Құтқарушылар 37 жастағы екінші балықшыны іздеу жұмысына жел мен жаңбырдың жиілеуі кедергі келтіріп тұрғанын айтады. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті сүңгуірлік іздестіру бөлімінің бас құтқарушысы Шоқан Кенжеғұловтың сөзіне сүйенсек, департамент штабында секторлар бойынша іздеу жүргізу үшін картада Билікөл көлі 91 учаскеге бөлінген. Әрбір тексерілген сектор картада белгіленіп отырады. – Бір айдан бері Қарабастау ауылының 1981 және 1987 жылғы жоғалған тұрғындарына іздеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Іздестіру-құтқару жұмыстарына облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамы, жергілікті тұрғындар, туыстары мен еріктілерден басқа 40 техника, 1 эхолот, 3 пилотсыз ұшу аппараты және 9 жүзу құралы тартылды. Сондай-ақ іздеуге ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі «Қазавиаспас» АҚ-ның Еурокоптер тікұшағы жұмылдырылды. Құтқарушылардың іс-қимыл алгоритмімен іздеу жұмыстарын 10 күн бойы жүргіздік. Алайда 21 қаңтарда, яғни 10 күн өткеннен кейін іздестіру жұмыстары тоқтатылды. Себебі көлде мұз қатып тұрды. Жоғалған адамдардың туыстары қолайсыз ауа райына байланысты жүргізілетін жұмыстардың күрделілігін түсініп, іздеуді тоқтатуды сұрады. Қайта іздестіру жұмыстарын 10 ақпаннан бастадық. Бұл күні ұшқышсыз ұшақтың көмегімен жоғалған адамдардың бірінің денесі табылып, жағаға шығарылды. 1987 жылы туған азаматты іздестіру жұмыстары бүгінгі күнге дейін нәтиже бермеді. Қазіргі уақытта іздестіру жұмыстары жалғасуда, – дейді. Ш.Кенжеғұлов. Сақтықта – қорлық жоқ! Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары облыс тұрғындарын қандай жағдайда да сақтық шараларын қатаң сақтауды ескертеді.

Ақтоты Жаңабай

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар