Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Бейнебақылау камералары қылмыстың алдын алады

Бейнебақылау камералары қылмыстың алдын алады
ашық дереккөз
Бейнебақылау камералары қылмыстың алдын алады
Қоғамда түрлі заңсыздықтар мен жасалған қылмыстың әшкере болуына, қылмыстың алдын алуда бейнебақылау камералары жүйесінің тигізіп отырған септігі мол. Сондықтан да дәл қазіргі уақытта бейнебақылау қондырғылары қоғамдық қауіпсіздікті сақтауда ең тиімді техникалық құрал болып саналады. Әсіресе балалар көп шоғырланған мектеп, балабақша секілді әлеуметтік маңызы бар нысандар үшін мұның артықшылығы көп. Сол себепті әлеуметтік маңызы бар мекемелердегі бейнебақылау камераларын тиісті құзырлы органдардың жедел басқару орталығына қосу өте маңызды. Облыс әкімдігінде өңірдегі бейнекамераларды бірыңғай аналитикалық жүйеге қосу туралы кеңес отырысы өтті. Онда облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қауіпсіздікті қамтамасыз етудің цифрлық инфрақұрылымын дамыту өзекті екенін тілге тиек етті. – Қоғамдық қауіпсіздік – адам үшін ең негізгі әрі жетекші қажеттіліктің бірі. Ал қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін цифрлық жүйені пайдаланудың маңыздылығы зор. Бұл бағыттағы жұмыстар өңірімізде бұған дейін де қолға алынған. Бірақ жүйе әлі қалыптаспағанын көріп отырмыз. ҚР Үкіметінің өткен жылғы 29 желтоқсандағы қаулысымен «Қоғамдық қауіпсіздікті қоғаммен әріптестік жасап қамтамасыз етудің 2024-2028 жылдарға арналған тұжырымдамасы» бекітілген еді. Осы кеңес отырысында өңірдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен оны дамыту мәселелері қаралатын болады, – деді Ербол Шырақпайұлы. Жиында баяндама жасаған облыс әкімдігі цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Руслан Ноқрабеков өткен жылы бейнебақылау камераларын жасанды интеллект негізінде бейнеаналитика жүйесіне қосу, террористік тұрғыдан осал объектілерді цифрландыру бағытында жүргізілген жұмыстардың жай-жапсарын сөз етті. – Өткен жылдың ақпан және қараша айы аралығында пилоттық жоба аясында бірқатар іс-шара өткізілді. Соның бірі – бейнебақылау камераларын бір терезеге орталықтандыру. Осы жұмыс барысында әр жерде орналасқан объектілердегі 50-ден астам бейнебақылау камерасы орталықтандырылған жүйеге қосылды. Мәселен, олар – №19, №2, №55, №57, №58 орта мектептер мен теміржол вокзалы, базарлар, Т.Рысқұлов атындағы орталық саябақ, қалалық алаңдар, №5 емхана. Атап айтқанда, платформа барлық нысандардағы әртүрлі өндірушілердің камераларын бір терезеге біріктіріп қана қоймай, оларды топтар мен тегтерді қосу мүмкіндігімен қала картасына шығарды. Бұл іздеу іс-шараларын жүргізу кезінде камера мен орынды іздеу процесін айтарлықтай жеңілдетеді. Сондай-ақ бейнеаналитиканың ендірілген қызметтері бойынша жеке тестілеу жүргізілді. Ол бейнені тану, көліктер мен олардың мемлекеттік нөмірлерін, адамдардың көп жиналуын, түтін мен отты анықтауға арналды. Тест нәтижесі бейнені танудың жоғары тиімділігін көрсетті, – деген Руслан Москауұлы Тараз қаласы бойынша террористік тұрғыдан осал 477 объектіге, оның ішінде 133 білім беру мекемесіне коммерциялық ұсыныс беру туралы ІТ компанияларға хат жолданғанын жеткізді. Бұдан кейін «Target Аi Limited» компаниясының директоры Дамир Жаримбетов пен «Новые технологий – Тараз» компаниясының директоры Анастасия Махажанова қауіпсіздікті қамтамасыз етуде цифрлық жүйені пайдалануға қатысты өз жобаларын таныстырды. Дамир Анварұлының айтуынша, «Target Аi Limited» компаниясы ақылды технологиялар негізінде бейнекамералар орнату бойынша елімізде Астана, Алматы мегополистерінен бастап бірнеше қалада жұмыс істеп жатыр екен. Мәселен, бұл компанияның бейнебақылау қондырғылары адамды түрінен ажырата алады. Қандай да бір қылмыскердің фотосы жүйеге енгізілсе, күндердің күнінде ол қылмыскер бір мектепке бас сұқса, орталықтандырылған жүйеге дыбыстық белгі береді. Сондай-ақ нысанға сақалы күмән тудыратын немесе медициналық бетперде таққан, жүзін жасыру үшін тұмшалаған, күнқағар көзілдірік киген секілді күдікті бас сұғатын болса, жүйе өздігінен белгі береді. – «Новые технологий – Тараз» компаниясы бейнебақылау жүйелерін, күзет және өрт дабылдарын орнатуды, сондай-ақ Тараз қаласы мен облыстағы сауда, қоғамдық тамақтандыру және қызмет көрсетуді автоматтандыруды жүзеге асырады. Менің ұсынғалы отырған жобам – мектептердің қауіпсіздігіне қатысты. Облыстағы барлық мектептердегі бейнекамераларды бір орталықтандырылған жүйеге қоссақ, осы арқылы облыстық төтенше жағдайлар, облыстық полиция департаменті және облыстық жедел жәрдем стансасы жағдайды бақылап отыра алады. Мұндағы басты мақсат – мектептегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Мектепте оқушылар арасында қандай да бір төтенше жағдай орын ала қалса, мамандар балаға жедел көмек көрсете алады. Сондай-ақ мектеп маңын торуылдап жүрген қылмыскерлерді құрықтауға да таптырмас мүмкіндік туады. Жасөспірімдер арасында орын алғалы тұрған буллиң, төбелес секілді бұзақылықтарды бақылап, алдын алуға көмектеседі. Егер мектепте өрт бола қалған жағдайда да бұл тілсіз жауды ауыздықтауға тиімді. Біз ұсынып отырған орталықтандырылған бейнекамералар жүйесіне облыстағы барлық оқу орындарын қосуға болады, – деді А.Махажанова. Өз кезегінде облыс әкімі аталған компания өкілдеріне ұсынылған жоба аясындағы орталықтандырылатын жүйенің басқарылуы, артықшылығы, ұтқырлығы және басқа да мәселелеріне қатысты сұрақтар қойып, жауап алды.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар