Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қауіпсіздік шараларын сақтау – маңызды

Қауіпсіздік шараларын сақтау – маңызды
ашық дереккөз
Қауіпсіздік шараларын сақтау – маңызды
Қазіргі таңда иіс тиіп улану сынды келеңсіз оқиғалар жиі тіркелуде. Жалпы өрт, иіс тиіп улану жағдайлары көбіне жер үйлерде, соның ішінде талапқа сай емес мекенжайларда жиі болып жатады. Осы орайда кәдімгі пештерді үйді жылыту құралы ғана емес, өзекті өртер өкініштің, қауіп-қатердің ошағы, бастау көзі екенін естен шығармағанымыз жөн-ақ. Осы мәселе туралы әңгіме қозғамас бұрын біз өз өңіріміздегі тұрғындардың табиғи газбен қамтылуы туралы айтуды да жөн санап отырмыз. Соңғы есеп бойынша, қазіргі таңда ауданда барлығы 49 елді мекеннің (Билікөл ауылдық округінен басқа) барлығына магистральді табиғи газ құбырлары тартылған. Демек, қазір ауданның орталығы және оған жақын орналасқан ауылдық округтер, сонымен қатар соңғы жылдары таулы өңірдегі ауылдардың барлығы көгілдір отынның игілігін көре бастады. Атап айтатын болсақ, соңғы 5-6 жылдың бедерінде ауданға қарасты Күреңбел, Жетітөбе, Боралдай және Қошқарата ауылдық округтеріне қарасты елді мекендердің барлығына дерлік магистральді газ құбыры тартылды. Былтыр Қошқарата ауылдық округінің орталығы – Қошқарата, Қызтоған және Ақтасты ауылдарында кварталішілік газ тарту жұмыстары толығымен аяқталып, қазіргі таңда ондағы тұрғындардың дені көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Ауданда тұрмыстық улы газдан улану, сонымен бірге жеке тұрғын үй секторларында қауіпсіздік және сақтық шараларын сақтау жұмыстары қай деңгейде жүргізілуде? Егер бұл жұмыстар тиісті мекемелердің тарапынан жүргізілсе, одан қандай нәтиже бар? Ендігі кезекте Жуалы ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің жауапты мамандарының бізге берген мәліметтерін сөйлетіп көрсек. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің мәліметінше, 2023-2024 жылғы жылыту маусымы кезеңінде ауданға қарасты елді мекендердегі жеке тұрғын үй секторларында тұрмыстық газдан уланудың үш оқиғасы тіркеліп, одан барлығы жеті адам зардап шеккен. Оның төртеуі – жас бала. Ал улы газдан зардап шеккендердің басым бөлігі аудандық орталық ауруханада жатып емделіп шықты. Әлбетте, бұл оқиғадан басқа азаматтар да сабақ алып, тұрғын үй секторларында газды пайдалануда сақтық шараларын қатаң сақтаса дұрыс болар еді. – Жылыту маусымы басталардың алдында жергілікті атқарушы орган және еріктілерді тарта отырып аудандағы әлеуметтік осал, көпбалалы және мүмкіндігі шектеулі 357 отбасы, оның ішінде 1 445 адам өрт қауіпсіздігі және улы газдан уланудың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарымен 100 пайыз қамтылды. Жүргізілген алдын алу жұмыстарының қорытындысы бойынша және жергілікті атқарушы органдардың берген мәліметтеріне сәйкес әлеуметтік осал, көпбалалы және мүмкіндігі шектеулі отбасыларды қолдауға бағытталған «Әлеуметтік тапсырыс» түрінде жылыту жүйелерін және электр желілері жүйелерін талапқа сәйкестендіру, сондай-ақ өрт дабыл қондырғыларын және улы газ датчиктерін орнатуға мұқтаж 100 отбасыға улы газ датчиктерін орнатып беру туралы аудан әкіміне ұсыныстар жолданды. Үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу кезінде тұрғын үйлерде және әлеуметтік инфрақұрылым объектілерінде орнатылған жылу өндіргіш аппараттарды пайдаланудың нормалары бойынша түсіндіру жұмыстары әлі де жалғаса береді. Бұл ретте тұрғындарды жазатайым оқиғалардан сақтандыру үшін БАҚ-та жарияланған ақпараттар мен ескертпелердің маңызы ерекше деп айтуға болады. Осыған сәйкес 2023 жылдың 12 айында жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жылыту маусымы кезіндегі өрт қауіпсіздігі, тұрмыстық улы газдан уланудың алдын алу және тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі тақырыптарына қатысты жергілікті баспасөзде барлығы 57 мақала жарық көріп, басым дауысты радиоторап арқылы – 2 400 мәрте және әлеуметтік желілерде 76 материал жарық көрді. Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлерімен барлығы 36 білім беру мекемесінде 15 562 оқушыға 92 интерактивті сабақ жүргізілді. Сондай-ақ әр аптаның сенбі күндері аудандық электр желілері және аудандық газшаруашылығы мекемелерінің қызметкерлерімен бірлесе отырып, аудан аумағындағы елді мекендердегі жеке тұрғын үй секторларында жалпы тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі тақырыптарында үгіт-насихат жұмыстарына арналған сенбіліктер тұрақты жүргізіліп келеді. Онда 15 503-тен астам үй қамтылып, 49 224 тұрғынға арнайы жадынамалар таратылды. Сонымен қатар 2023 жылы «ҚазТрансГазАймақ» АҚ ЖӨФ-тің «Жуалы газ шаруашылығы» мекемесінің тарапынан өңірдегі магистральді табиғи газ құбырларына жаңадан қосылған – Жетітөбе, Боралдай және Қошқарата ауылдық округтеріндегі тұрғын үйлерге 850 улы газ анықтағыш (газоанализатор) орнатылды, – дейді Жуалы ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері, азаматтық қорғау майоры Балқыбек Жұманов. Мамандардың айтуынша, 1 текше метр газдың жанып кетуі үшін оған он есе көп ауа қажет. Сондықтан газ қондырғылары тұрған бөлменің дұрыс желдетілуі аса маңызды. Мұржалар әр үш ай сайын тазалануы керек. Сондай-ақ тұрғындардың қауіпсіздік ережелерін сақтамай, өз бетінше әрекет етуі де газ жарылысына себеп болып жатады екен. Сондықтан ТЖ қызметінің мамандарымен бірге газшаруашылығы да қауіпсіздік шараларын тұрғындарға жеткізу, оны түсіндіру жұмыстарын жыл сайын күшейтіліп келеді.

Нұржан МАНАСҰЛЫ, Жуалы ауданы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар