Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Көктемгі тасқынға дайындық көңіл көншіте ме?

Көктемгі тасқынға дайындық көңіл көншіте ме?
ашық дереккөз
Көктемгі тасқынға дайындық көңіл көншіте ме?
Көктемгі қарбалас шақ та жақындап келеді. Әне-міне дегенше қыстың соңғы айын да орталадық. Осы уақыт жыл сайын жұртшылыққа қауіп төндіріп, әуре-сарсаңға салатын, талайды зар қақтыратын «су тасқыны» деген тілсіз жаудың күшіне енетін кезі. Жылт еткен күнге жіпсіген қар жылғаларды қуалай ағып, бара-бара арнасы кеңейіп, алдынан кездескенді жайпап өтетіні белгілі. Ал оның алдын алу – біз үшін үлкен міндет. Сондықтан қауіпсіздік шараларын осы бастан тиімді ұйымдастырған абзал.

Осы тақырыпқа қатысты жақында «AMANAT» партиясы облыстық филиалы партиялық бақылау комиссиясының отырысы өтіп, онда көктемгі су тасқындарының алдын алу және болдырмау бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысы қаралды. Жиында кеңес төрағасы Гулам Умаров партияның облыстық филиалы партиялық бақылау комиссиясының мүшелерінен құрылған жұмысшы топ өңірде көктемгі су тасқынының алдын алу, оны болдырмау мақсатында жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың барысына зерделеу жұмыстарын жүргізгенін жеткізді. Нәтижесінде облыс әкімдігі тарапынан тиісті іс-шаралар жоспары әзірленіп, жедел штаб құрылғаны, сонымен қатар түрлі табиғи апаттарға байланысты дауылдық ескерту бойынша Тараз қаласы мен аудандарда кезекшілік кестелері әзірленіп, күнделікті облыстағы ахуал бақылауға алынғаны айтылды. Әрине, бұл табиғаттың тосын мінезіне толықтай дайынбыз дегенді білдірмейді. Сондықтан кеңес отырысында оған тікелей жауапты мамандардың баяндамалары тыңдалды. Басқосуда алғаш болып сөз тізгіндеген облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Нағима Темірбекова өңірдегі суқоймалардың сыйымдылығы 136,6 миллион текше метрді құрайтынын тілге тиек етіп, бүгінгі күнге суқоймаларда нақты 48,3 миллион текше метр су жинақталғанынан хабардар етті. Яғни 35 пайыз су жинақталып үлгерген. Жалпы аймақтағы 113 суқойманың 60-ы каналдар арқылы, қалған 53-і еріген қар, жерасты сулары және өзендермен толтырылатын көрінеді. – Мерзімдік су деңгейінің көтерілуіне орай қазіргі уақытта суқоймалардың техникалық жағдайы мен келіп-кетіп жатқан судың мөлшері мекеме қызметкерлері тарапынан қатаң түрде қадағаланып отыр. Сондай-ақ суқоймаларды қалыпты жағдайда ұстау мақсатында жыл сайын суқоймалар мен бөгеттерде ағымдағы жөндеу жүргізіледі. Атап айтқанда, былтыр мекеменің теңгеріміндегі суқоймаларға ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге облыстық бюджеттен 74,6 миллион теңге бөлініп, 13 суқойма жөнделді. Ал биыл тағы 9 суқойманы ағымдағы жөндеуге 39,7 миллион теңге қарастырылып отыр, – деді Нағима Тұрғынбекқызы. Өз кезегінде кеңес мүшелері басқарма өкіліне жалпы сыйымдылығы 148 миллион текше метрді құрайтын «Теріс-Ащыбұлақ» суқоймасы жөндеуді қажет ететінін жеткізіп, тиісті жұмыстар жүргізу туралы ұсыныстарын білдірді. Сондай-ақ олар каналдарды ретке келтіру бойынша да орамды ойлары мен ұтымды пікірлерін білдірді. Талас және Сарысу аудандарындағы суқоймаларға жөндеу жұмыстарын жүргізу кезек күттірмейтін мәселе екені де баса айтылды. Шу-Талас бассейндік инспекция­сының басшысы Талғат Ибраевтың айтуынша, өңірде вегетациялық кезеңге дейін тиісті су мөлшерін жинап алуға мүмкіндік бар. Яғни 472 миллион текше метр су қоры жиналса, Шу мен Мойынқұм аудандарындағы шаруалар үшін ешқандай қиындық туындамайды. Алдын ала болжам бойынша, аталған ауданға 300 миллион текше метр ғана су қажет көрінеді. – «Киров» суқоймасында бүгінгі күні 55 пайыз су жиналды. Қоймаға әлі де су толтырылуда. Суару маусымына дейін 100 пайыз су жинауды жоспарлап отырмыз. Ашығын айтсақ, жылдан-жылға су тапшылығы айқын сезіліп келеді. Сондықтан шаруа қожалықтарына суды аз қажет ететін дақылдарды егуге кеңес береміз, – дейді Талғат Қоспанұлы. Келесі кезекте облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Ералы Ақылбеков баяндама жасап, өңірдегі елді мекендер мен шаруашылық объектілерін су басу қаупі Шу, Талас және Аса өзендерінің арналарында су деңгейінің көтерілуінен, тау бөктеріндегі еріген және жаңбыр суларынан орын алуы ықтимал екенін жеткізді. Нақтырақ айтқанда, Т.Рысқұлов ауданындағы Жарлысу ауылынан Өрнек ауылына дейін облыстық мәні бар жолда 12 көпірдің және каналдардың су өткізу сыйымдылығы төмен болғандықтан тұрғын үйлерді су басу қаупі бар екен. Осы көпірлер мен каналдар жөндеу жұмыстарын қажет етуде. Сонымен қатар Құмарық ауылдық округіндегі Шалсу мен орталық каналдары көпірлерінің су сыйымдылығы төмен болғанына байланысты тұрғын үйлерді су басуы мүмкін. Ал Жуалы ауданындағы облыстық мәні бар автожолдың Қоңыртөбе ауылынан Көлтоғанға шығатын тұсында М.Құттыбаев көшесіндегі тұрғын үйлер су астында қалуы мүмкін. Мәселені шешу үшін автожолға уақыт оздырмай су өткелін салу қажет екен. – Талас өзенінің Тараз қаласы және Байзақ ауданының Қызыл жұлдыз ауылы тұсындағы автожол көпірінің оң және орта жағы бетон мен тас қалдықтарымен бітелген, өзен суы көпірдің тек шеткі жолағымен ағуда. Осының нәтижесінде Талас өзенінің Қызыл жұлдыз ауылы тұсындағы жағалауы мен автожол көпірінің сол жағындағы топырағы жылдан-жылға шайылуда, су ағысын баяулатқыш бетон тосқауыл зардап шеккен, кей жері бұзылып, топырағы опырылған. Алдағы уақытта Чоң-қақпа (Киров) суқоймасынан тасталған су мөлшері көбейсе, Талас өзеніндегі Тараз қаласының балансындағы автожол көпірі мен Байзақ ауданының Қызыл жұлдыз ауылы тұсындағы жағалау және су ағысын баяулатқыш тосқауылдың шайылып кету қаупі бар, – дейді Ералы Нұрғалиұлы. Өз кезегінде Талас өзенінің Қызыл жұлдыз ауылы тұсындағы автожол көпірінің жағдайы туралы Тараз қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил көпірдің жобалық-сметалық құжаттары дайындалғанын мәлім етті. Ол бойынша көпірді қайта жөндеуге 2 миллиард теңге қажет көрінеді. Бұл қаражатқа көпір жөнделіп қана қоймай, Талас өзенінің жағалауы абаттандырылмақ. Аталған жұмыстар 2025 жылға жоспарланып отырғанын айта кеткен жөн.

Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ, «AMANAT» партиясы облыстық филиалының баспасөз хатшысы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар