Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Нәтижелі жұмыс ел тағдыры үшін маңызды

Нәтижелі жұмыс ел тағдыры үшін маңызды
Ашық дереккөз
Кеше облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын орындау және құрылыс саласында атқарылған жұмыстар, анықталған кемшіліктер жайы қаралды.

Кеңесті ашқан Ербол Шырақпайұлы ел Президенті кеңейтілген отырыста Үкіметтің жаңа құрамы мен облыс әкімдеріне үлкен міндеттер жүктегенін айтып, жауаптыларға маңызды тапсырмалар жүктеді. – Мемлекет басшысы жиында былтыр атқарылған жұмыстарды қорытындылап, алдағы кезеңнің басты міндеттерін айқындап берді. «2029 жылға қарай экономикамыздың көлемін 450 миллиард долларға жеткізуіміз керек. Яғни нақты меже бар. Енді тек жұмыс істеу қажет.

Бұл – еліміздің жалпы ішкі өнімі жыл сайын кемінде 6 пайызға өсуі керек деген сөз» деген Президент макроэкономикалық көрсеткіштермен қатар, халықтың нақты табысы да қарқынды түрде артуы тиіс екенін жеткізді. Осы орайда өңірдің негізгі көрсеткіштерінде оң динамика қалыптасуы керек. Қала, аудан әкімдері мен басқарма басшылары бюрократияны тоқтатып, нақты нәтижеге жұмыс істесін. Бізде қағаз жүзінде барлығы жақсы, ал іс жүзінде шешімін күткен мәселе көп. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев бюджет және салық саясатының тиімділігін барынша арттыруды тапсырды. Жергілікті жерде салық саясатын тиімді іске асыру әкімдердің жұмысына тікелей байланысты. Жалпы кәсіпкерлердің салықтан жалтаруы немесе нақты кіріс көрсеткіштерін жасыруы өңір әлеуетіне кері әсерін тигізетіні анық. Сондықтан шағын және орта бизнес өкілдеріне салық саясатын кеңінен түсіндіруді қолға алыңыздар. Мұнан бөлек салық жүйесін толық цифрландыруға баса назар аударды. Облыстық мемлекеттік кірістер департаменті жергілікті атқарушы органдармен бірлесе жұмыс атқарып, тапсырманы тиянақты орындауға күш салуы тиіс. Сондай-ақ Үкімет жаңа инвестициялық кезеңді бастауға тиіс екенін тілге тиек етіп: «Аймаққа жеке инвестиция тарту әкімдердің ең басты міндетінің бірі болуы керек», деді.

2023 жылдың қорытындысымен облысымызда негізгі капиталға 517 миллиард теңге инвестиция тартылды. Ал биыл өңірге тартылатын инвестиция көлемі жыл қорытындысымен 702 миллиард теңгені құрап, 118 пайыздық межеге қол жеткізуіміз қажет. Алға қойған межеге жету үшін бізде барлық мүмкіндік бар. Өкінішке қарай, кейбір әкімдер инвестиция тартудың маңыздылығын әлі де түсінбей жүр. Сондықтан инвестиция тарту бойынша жұмыс баяу жүріп жатыр. Ендігі кезекте орынбасарларым, қала, аудан әкімдері, басқарма басшылары инвестиция тартуға баса мән берсін. Қасым-Жомарт Кемелұлы еліміздегі өндірістің дамуына тың серпін беруді талап етті. Облысымызда жаңа өндіріс орындарын ашуға ешқандай кедергі жоқ. Осы ретте қолданыстағы индустриалды аймаққа қосымша аймақ құру маңызды. Облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы мен аудан әкімдері аталған мәселе бойынша жұмыстарды жеделдетіп қолға алсын. Президент еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін арттыру үшін жұмысты жандандыру қажет екеніне тоқталып, кейбір өңірлердегі «сақалды» жол құрылыстарын мысал етті. Мұндай кемшілік біздің облысымызда да бар. Мәселен, республикалық маңызы бар «Меркі-Шу-Бурылбайтал» автожолының қайта жаңғырту жұмыстары әлі күнге аяқталмай отыр.

Тиісті министрлікпен бірлесіп қажетті шараларды қабылдап, жолдың құрылысын биыл аяқтауға күш салыңыздар. Ең маңызды мәселе – көрсеткіштерге қол жеткіземіз деп сападан санға мән берудің керегі жоқ. Көзбояушылық болмасын. Әр бағыт бойынша нәтижелі жұмыс ел тағдыры үшін маңызды екенін естен шығармаңыздар, – деген Ербол Шырақпайұлы Президенттің басқа да тапсырмалары бойынша аудан әкімдеріне, басқарма басшыларына тиісті тапсырмалар берді. Келесі кезекте күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша облыс әкімдігі құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Аманбайдың баяндамасы тыңдалды. Әлібек Аманбайұлының айтуынша, 2023 жылы облыс бойынша құрылыс басқармасы арқылы 290 жобаға 77,1 миллиард теңге бөлініп, жыл соңына дейін 158 нысанның құрылысы бітуі керек болған. Алайда 111 нысанның құрылысы аяқталып, 47 нысанда тиісті жұмыстар аяқталмаған. Мәселен, білім саласында 21 нысанның құрылысына 12,3 миллиард теңге бөлінген.

Жыл қорытындысымен 8 нысанның құрылысы аяқталған. Құрылысын аяқтау жоспарланған 3 мектепте тиісті жұмыстар бітпеген. Сол секілді денсаулық сақтау саласында 2 нысанның, спорт саласында – 6, мәдениет саласында – 3, ауылшаруашылық саласында – 2 және құқық қорғау, төтенше жағдай саласында 2 нысанның құрылысы мерзімінде аяқталмаған. Сондай-ақ 2023 жылы Тараз қаласы бойынша 74 үйдің құрылысына 13,4 миллиард теңге бөлініп, 43 үйді тапсыру жоспарланыпты.Дегенмен 1 100 пәтерлі 19 тұрғын үй пайдалануға беріліп, 1 346 пәтерлі 24 көпқабатты тұрғын үй құрылысы мерзімінде бітпепті. Баяндама аяқталғаннан кейін Ербол Шырақпайұлы тиісті басқарма басшыларынан, аудан әкімдерінен құрылысы уақытында аяқталмаған әр нысан бойынша жеке-жеке жауап алды. Мұнан кейін облыс әкімдігі мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Қайрат Бисембаев құрылыс объектілеріне жүргізілген тексеру жұмыстарының қорытындысы туралы баяндады.

 

2023 жылы 172 құрылыс объектісіне жоспардан тыс тексеру жүргізілген. Тексеру жұмыстарының нәтижесінде 86 нұсқама беріліп, 249 әкімшілік іс қозғалып, 159 тапсырыс беруші, 50 мердігер мекеме, 4 жобалаушы, 26 техникалық қадағалаушы, 10 авторлық қадағалаушы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Жалпы айыппұл сомасы – 70 852 000 теңге. Тексеру нәтижесі бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарын сапасыз орындағаны үшін 3 компания лицензиясынан айырылыпты. Жалпы 17 техникалық қадағалаушыға әкімшілік іс қозғалып, айыппұлдар салынып, одан бөлек қадағалаушының сарапшы аттестаттары 6 ай мерзімге тоқтатылған.

Сонымен қатар құрылыс жұмыстарын сапасыз жүргізген 18 мердігер мекеме және құрылыс нысанының жобалау жұмысын сапасыз жүргізген 3 жобалаушы мекеме әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Аппараттық кеңесті қорытындылаған Ербол Шырақпайұлы құрылыс жұмыстарын мерзімінен кешіктіріп, онымен қоймай нысанды сапасыз салған мердігерлерге заң аясында шара қолдануды міндеттеді. Сондай-ақ «сақалды» және «қызыл» сызықтан өтіп кеткен нысандар мәселесін шешу бойынша аудан әкімдеріне, басқарма басшыларына тапсырмалар берді.

Талғат Нұрханов

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар