Бұл санатқа әдетте халықаралық саяси және экономикалық аренада маңызды рөл атқаратын мемлекеттер енеді. Ғылыми орталық мамандарының пікірінше, Қазақстан сыртқы саясатымен ерекшеленеді. Сол арқылы Орталық Азия аймағында алатын орны зор делінген. Мақалада Қазақстанның сыртқы саясат, экономика және энергетика саласындағы жетістіктері жарияланды. Бұл ұйымның Германия үкіметімен және парламентімен әріптестігін ескере отырып, Еуропалық одақ Орталық Азия елдеріне, атап айтқанда, Қазақстанға көбірек назар аударуда деп болжауға болады. Қор мамандарының пікірінше, Қазақстан Орталық Азия мемлекеттері арасында өзінің сыртқы саясатымен ерекшеленеді.
Бұл оны аймақтағы негізгі ойыншыға айналдырады. Сарапшылар Қазақстан өз амбициясын ерте кезеңде халықаралық саясатта жүзеге асыра алғанын мойындады. Мысалы, Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық етті және Сирия қақтығысында келіссөздер алаңын ұсынды («Астана процесі»). Мұнда Еуразияның басқа ықпалды бірқатар ұйымына мүшелігі туралы да айтылады.
Орталық Азиядағы көршілес нарықтарға қарағанда, Қазақстан 1990 жылдары бірінші кезекте мұнайдың бай қорларын барлау үшін Батыс инвесторларына ашылды. Нәтижесінде Еуропалық Одақ Қазақстандағы ең ірі шетелдік инвестор және сыртқы сауданың 40 пайыз үлесімен елдің ең маңызды экономикалық серіктесі болып отыр. «Ғылым және саясат қорының» мақаласы еуропалықтарға өзгеріс туралы сигнал береді.
Енді олар бұрын стратегиялық қашықта болған елдермен де санасуға мәжбүр болады. Әйтсе де олармен серіктестік сол кезде де, қазір де экономикалық және саяси жағынан тиімді. Еуропалық Одақ елдерінің ақпараттық күн тәртібінде Қазақстан жаңа экономикалық және саяси әріптес ретінде ғана емес, инвестициялар үшін алаң ретінде де жиі байқалады деп күтуге болады. Оның кіріспесі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шетелдік сапарлары аясында басталып та кетті.
Осылайша 2023 жылғы жұмыс сапарлары кейбір еуропалықтардың санасында Қазақстанның идеологиялық көзқарастардан тыс өз мүдделерін сенімді қорғайтын және дипломатия өнері қажет болған жерде жауапкершілікті өз мойнына алуға дайын егемен ел ретіндегі бейнесін бекітіп үлгерді», деп жазды «sayasat.kz» сайты. Зерттеушілер Украина шиеленісі Қазақстанға әртараптандыру тұрғысынан жаңа серпін берді деп есептейді. Бұған салынып жатқан жаңа көлік бағыттары, жаңартылатын энергия көздері мен қайта өңдеу өнеркәсібі секторына инвестициялар тарту жөніндегі ақпараттық науқан дәлел бола алады. Сарапшылар Қазақстанның әртараптандыруға ұмтылысында Қытайдың «Жібек жолына» ғана емес, Еуропалық Одақтың «Жаһандық қақпа» стратегиясына да сүйенетініне қызығушылық танытуда. Осыған байланысты Қазақстан «Шығыс пен Батыс арасындағы көпір» ретінде өзінің географиялық және тарихи рөлін бекітеді.
Айжан Серікжанқызы, журналист